Тоғызқұмалақ – қазақтың ұлттық бренді

 Қазақ халқының атадан балаға мирас болып келе жатқан төл мұраларының бірі – тоғызқұмалақ. Бүгінде бұл спорт түрі еліміздің барлық өңірлерінде жоғары қарқынмен даму үстінде. Тәуелсіздік алған жылдары тоғызқұмалақ ел арасында кеңінен насихатталып, басылым беттерінде түрлі зерттеу мақалалары жарияланып тұрды. Бірақ соңғы кездері жаңалықтар легі сәл саябырсыды. Бұл – өкінішті жағдай. Өзін қазақпын деп санайтын әрбір азамат тоғызқұмалақ ойынының ережесін біліп қана қоймай, оны жұртшылыққа насихаттаулары тиіс. Наурыз мерекесіне орай біз ұлттық ойынымыздың өткені мен бүгіні және өзекті мәселелері туралы ой қозғағанды жөн көрдік.

Зиялылар неге сылбыр?

 

Ғалымдар тоғызқұмалақ ойынының пайда болғанына 4 мың жылдай болды деген тұжырымға келіп отыр. Өйткені Қазақстанның бірнеше облыстарынан табылған археологиялық қазбалар осы ойға жетелейді. Тым әріге бармай, ХІХ ғасырдан бері қарай айтар болсақ, бұл ойынды қазақтың кемеңгері, ұлы ақыны Абай Құнанбаев сүйіп ойнаған. Қазір Шығыс Қазақстан облысындағы ақынның мұражайында Абай ойнаған тоғызқұмалақ тақтасы сақтаулы тұр. Кезінде бұл ойынға Ш.Уәлиханов, Қ.Қуанышбаев, С.Аманжолов, М.Әуезов және Б.Момышұлы сынды Алаштың ардақты азаматтары қызығушылық танытып, қолдау білдірген. Қазақ спорт журналистикасының атасы һәм ұстазы Сейдахмет Бердіқұлов та кезінде ұлттық өнерді насихаттап, мақтан тұтқан. Сейдағаң: «Қазақта тоғызқұмалақ деген ойын бар. Шахматыңыздан артық болмаса, кем емес. Соны әлемге бір көрсетсек, бәрі ойнар еді. Теңдесі жоқ өнер деп қабыл алып ойнар еді. Бірақ ол үшін әуелі халықты тануы қажет. Ондай күндер алда ма деп қаламын. Халқын әлемге танытатын ұлдар қазақта көп болады. Ол – шығар күндей шындық», – деген екен. Ұстаздың жолын белгілі қаламгерлер Н. Жүнісбайұлы мен Қ.Рысбек те жалғап, тоғызқұмалақты насихаттауға әжептеуір үлес қосты. Біз ұлттық өнер туралы кеңінен насихаттап, сүбелі еңбек арнаған тұлғалар туралы сөз қозғадық. Әйтпесе, сайыстардың нәтижелері туралы ақпарат жазып жүргендер көп. Айтпағымыз – елге танымал зиялы қауым өкілдері неге бұл ойынды білмейді? Еліміздің түкпір-түкпірінде сан түрлі сайыстар өтіп жатады. Бірақ сол додаларға ұл-қызын немесе немересін алып келген бірде-бір ақынды не жазушыны көрмедік. Көкшетауда өткен ҚР Кубогінде белгілі ақын Ғ.Жайлыбай арнайы қатысып, құттықтау сөз сөйлегенде бұл өнер Жазушылар одағында кеңінен насихатталатын болды деп қуанғанбыз. Өкінішке қарай, ондай жаңалықты естімедік. Егер еліміздегі тарихшылар, белгілі қаламгерлер, зия­лы қауым өкілдері тоғызқұмалақ ойнап, газеттер мен телеарналарда сұхбат берсе, жұрт назар аударатыны сөзсіз. Әзірше, ел ағаларынан ондай ірілік байқалмай тұр. Неге былай шүйлікті деуіңіз мүмкін. Себебін айтайық. Мемлекетіміздің іргетасы бекіп, болашағы жарқын болуы үшін біз ата-баба дәстүрінен, мұраларынан қол үзбеуіміз керек. Жаһандану дүрмегі түпсіз тұңғиыққа тартып бара жатқан заманда әр ұлт өзіне тән рухани қазыналарын түгелдеуде. Тіпті, тоғызқұмалаққа көз салып, «біздің ойын» деп ашық айтатын көршілер де пайда болды. Ал, ондай пиғылдар мен пікірлерге тойтарыс беруге тек спорт саласының мамандары ғана емес, зиялы қауым өкілдері де үлес қосулары тиіс. Кеңес заманында партияның бақылауында жүрсе де, ұлттық өнерден қол үзбеген ақын-жазушыларымыздың ерлігін, өнегелі жолының тәуелсіздік алғаннан кейін үзілгені – үлкен қасірет. Тоғызқұмалақтан керемет шебер болу шарт емес, бірақ оны насихаттау, тақтасын сатып алып, үйінің төріне қою – әрбір саналы қазақтың міндеті. Сондықтан елімізде ақын-жазушылар, журналистер арасында сайыс ұйымдастырған жөн. Жыл сайын өткізілетін БАҚ өкілдерінің спартакиадасы бағдарламасына да тоғызқұмалақты енгізетін кез жетті.


Академия ашу керек

Елімізде тоғызқұмалақ сайыс­тары жүйелі түрде өткізілуде. ҚР Спорт және денешынықтыру істері агенттігінің қолдауымен барлық облыстардағы спорт мектептерінде тоғызқұмалақ бөлімдері ашылған. Жаттықтырушылар да бар. Осыдан он шақты жыл бұрын Қазақстан Республикасы тоғызқұмалақ қауымдастығының президенті болып Әлихан Бәйменов сайланды. Бәйменов 2008 жылы Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ федерациясын құруға үлкен еңбек сіңіріп, оның басшысы атанды. Қауымдастық игі істерді қолға алып, 2 Азия және 2 әлем біріншіліктерін өткізді. Бұл тарихи жетістік. Кезінде көрші облыстардағы жарыстарға баруға ақша таппай жүретін спортшыларымыз қазір әлемнің көптеген мемлекеттеріндегі сайыстарға қатысып жүр. Ұлттық спортқа мемлекет тарапынан дұрыс көңіл бөлінуде. Тәуелсіздігіміздің ең үлкен сыйы осы емес пе! Дегенмен, құр жарыс өткізіп, шетел аралау және қонақтарды қарсы алумен іс бітпейді. Төл мұрамызды ғылыми тұрғыда зерделеп, түбегейлі зерттейтін кез келді. Ойынның шығу тарихынан бас­тап, әрбір тәсілдері мен жүрістерін, сайыстардағы тың жаңалықтар мен комбинацияларды, үздік партияларды ғылыми айналымға енгізіп, жұртшылық назарына ұсынған жөн. Ғылыми еңбек жазған авторларға қаламақы төлеу ісі де әлі жолға қойылмаған. Сондай-ақ елімізде тоғызқұмалақ тақтасын шығаратын кәсіпорын ашу да маңызды іс. Кезінде Кентауда, Қаратауда тақталар шығаратын зауыттар болған. Қазір тек Алматыда ғана шығарылады деп естиміз. Тағы бір мәселе, бүгінде түрлі облыстарда өмірінде тоғызқұмалақ ойнап көрмеген адамдар жаттықтырушы болып қызмет атқаруда. Жоғары оқу орнының спорт факультетін бітіргендер жұмыс таппаса, осы салаға келіп жүр дегенді естіп қаламыз. Өкінішті-ақ. Егер тоғызқұмалақ шебері футболдан немесе күрестен бапкер болса не болады? Спорт құлдырайды. Тоғызқұмалақ та сол сияқты. Бапкер болатын адам алдымен өзі ойынды үйреніп, бір-екі жарысқа қатысуы тиіс. Өзі шебер болмаса, ол оқушыға не үйретеді. Әрине, әрбір спорт маманының ойынды насихаттағаны қуантады. Алайда әр істе өз маманы қызмет атқарғанға не жетсін?!. Тоғызқұмалаққа бірнеше жыл қатысқан шебер спортшыларды түрлі аймақтарға бапкер етіп жіберсе, олар жұмыспен қамтылады әрі мықты оқушыларды даярлайды. Шет тілдерін білетін шеберлерді өзге мемлекеттерге жаттықтырушы етіп жолдау мәселесі де өзекті. Тоғызқұмалақ сайыстарына шахмат немесе дойбы мамандарын төреші етуді де доғару керек. Қазір бұл мәселеге көңіл бөлініп, қауымдастықтың бастамасымен елімізде түрлі семинарлар, басқосулар өтіп, қазылардың біліктілігі көтерілуде.
 Дегенмен, әлі жүйелейтін тірлік баршылық. Сондықтан елімізде тек тоғызқұмалақты зерттеумен және дамытумен айналысатын академия ашу керек. Бұл мәселені ҚР Тоғызқұмалақ Зияткерлік Қауымдастығының вице-президенті, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Мақсат Шотай үнемі көтеріп жүр.
– Тоғызқұмалақты дамытуға Спорт және денешынықтыру істері агенттігі немесе қауымдастық қана емес, көзі ашық, білімді азаматтардың бәрі жауапты деп есептеймін. Атқарылған іс аз емес, дегенмен, алдымызда бұдан да биік белестерді бағындыру міндеті тұр. Халықаралық қауымдастық Қазақстанда құрылғандықтан ойынды дүние жүзіне таратумен осы ұйым айналысқаны дұрыс. Яғни, әлемнің түкпір-түкпіріндегі сайыстардың бәрі Дүниежүзілік тоғызқұмалақ қауымдастығының басшылығымен және рұқсатымен өтеді. Спортымызды әлемге таныту үшін елімізде тоғызқұмалақ академиясын ашу да – уақыт талабы. Осы академия арқылы ғылыми кітаптар жазып, оны шетел тілдеріне аударуға тиістіміз. Сонда ғана төл мұрамыздың келешегі кемел болады. Өкінішке қарай, бұл мәселе әлі шешімін таппай келеді. Спортты ғылыммен ұштастырмай әлемге таныту қиын, – дейді ол.
Астанада қазақ күресін дамытуға арналған ғылыми конференция өтіп, көптеген игі істер атқарылғанын білеміз. «Қазақстан барысы», «Еуразия барысы» турнирлері де күрестің мәртебесін асқақтатты. Бұл іс-шараларға «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры қаржылай қолдау көрсетті. Тоғызқұмалаққа да осындай көзқарас қажет. Өйткені тоғызқұмалақ – қазақ халқының брендтерінің бірі. Бұл ойынды патенттеу мәселесі де назарымызда болуы тиіс. Кейбір азаматтар түркітілдес халықтардың ортақ мұрасы деп пікір айтып жүргенімен тоғызқұмалақтың мейлінше өркендеп, қошеметке ие болған жері – Қазақстан. Демек, оның Отаны да, иесі де – Қазақстан. Елімізде бұл спорт түрін 100 мыңнан астам адам ойнай біледі деген дерек бар. Әлем біріншіліктері мен халықаралық сайыстардың бәрінде қазақстандық тоғызқұмалақшылар жеңімпаз атанып жүр. Барлық өңірлерде үйірмелер бар. Бұдан бөлек археологиялық қазбалар нәтижесінде елімізден табылған тастан жасалған тақталар да «Тоғызқұмалақ – қазақтікі!» деген ойды қуаттай түседі.

ЕХPO-2017 және тоғызқұмалақ

Жуырда ұлт спортының жанашырлары қуанышты жаңалыққа куә болды. Отандық телевизия саласында тұңғыш рет «Қазспорт» арнасында тоғызқұмалаққа арналған арнайы телебағдарлама көрсетіле бастады. Бұл тележобада ойынның шығу тарихынан бастап оның ережесі, әдіс-тәсілдері көпшілікке көрсетілуде. Бағдарламаны тоғызқұмалақтан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, астаналық Айдос Сейтжанов жоғары деңгейде жүргізуде. Сөз жоқ, бұл бастама зияткерлік ойынымыздың одан әрі дами түсуіне тың серпіліс әкеледі. Тоғызқұмалақ Зияткерлік қауымдастығының www.9kumalak.com деп аталатын сайты да жемісті еңбек атқаруда. Спорт жанашырлары осы ақпарат құралдарынан өздеріне керекті мағлұматтарды алып жүр. Белгілі тоғызқұмалақшылар С.Ақтаев, Д.Кенина және бағдар­ламашы Е.Шамбаев үшеуі бірігіп тоғызқұмалақтың компьютерлік бағдар­ламасын ойлап тапты. М.Ноғайбаев, М.Шотай сынды бапкерлер кітаптарын шығарды. Дегенмен, бұл аз. Тоғызқұмалақ спортына арналған түрлі-түсті газет немесе журнал ашатын уақыт келді. Онда ойынға қатысты түрлі жаңалықтар, ғылыми мақалалар, жарыс нәтижелері жарияланып, тоғызқұмалақшылар мен жаттықтырушылардан қызықты сұхбаттар алынса, жаңадан пайда болған әдіс-тәсілдер, жүріс түрлері жарық көріп жатса, нұр үстіне нұр емес пе? Сондай-ақ соңғы жылдары тоғызқұмалақты дамытуға үлес қосып, құнды еңбектер жазған Ә.Ақшораев, Б.Төтенаев, С.Аманжолов, Қ.Сапарбеков және одан өзге де дүниеден өткен спорт жанашырларын жас ұрпақ ұмытып барады. Көзі тірі тоғызқұмалақ ардагерлерін де сайыстарға жиі шақырып, ақ батасын алып тұрған жөн-ау. Міне, осы және өзге де азаматтар жайлы мақалалар да әлгі басылымнан орын алса, қандай жарасымды.
Тоғызқұмалақты мектеп бағдарламасына енгізу мәселесі бірнеше жылдан бері көтеріліп келеді. Бірақ, әлі де тиянақты іс тындырылмады. Бұрын Арыс қаласында белгілі жаттықтырушы – ұстаз Сейіт Кәтепов тоғызқұмалақ залын ашып, жүздеген балаға ойынды үйретіп, сайыстар өткізіп еді. Үлкен бөлмеге ойынның ережесін жазып, ағаштан тақта жасатты. Көрнекі құралдарды ою-өрнектермен көмкерді. Өкініштісі, осы кісінің игі ісінен өзге мектеп ұжымдары үлгі алмады. Әр мектепте тоғызқұмалақ бөлмелері ашылса, ұлтымызға да, тарихымызға да еңбек сіңіретініміз анық. Сондықтан мектеп бағдарламасына енгізу мәселесін шешкен жөн. Тоғызқұмалақты ойнаған оқушы есепке жүйрік, тез шешім қабылдауға бейім, сабырлы, төзімді әрі ақылды болады. Осы спорт түрімен айналысқан оқушылардың басым бөлігі мектепті алтын белгімен бітіруде. Жоғары оқу орындарына мемлекеттік гранттарды жеңіп алуда. Тіпті, олардың арасында ҰБТ-да 115-120 балл жинағандары да көп. Демек, орта мектептерде тек физикалық дайындыққа ғана емес, ойды дамытуға да мән берген дұрыс. Ал, оның шешімі – тоғызқұмалақ. Еліміздегі спорт залдары жоқ мектептер жеткілікті. Осы білім ұяларында қыс мезгілінде зияткерлік ойынымызды ойнатуға болады. Өйткені тоғызқұмалақты үйретуге бір оқу бөлмесі мен ойын тақтасы және орындық пен парта болса жеткілікті.
Қайбір жылы «Қазақстан» ұлттық арнасындағы бағдар­лама­лардың бірінде танымал журналист: «Қазір мектептерде көп оқушылар тоғызқұмалақ үйірмесіне қатысуда. Бұл дұрыс емес, біз оқу орындарында қазақты күшті, рухты ететін бокс, күрес, жекпе-жек спорт түрлерін дамытуымыз керек» деген ойын айтып қалды. Өкініштісі, әлі де осы пікірді ұстанып, зияткерлік ойындарды әжуаға, күлкіге айналдыратын отандастар жеткілікті. Адамға күш беретін спорт түрлерін дамыту өте дұрыс. Бірақ ақыл-ойды дамытпай, жетістікке жету қиын. «Қойдың құмалағымен ойнайтын ойын» деп күлетін заман өтті, ағайын. Бұл түпкілікті қате пікір. Тарихшылар тоғызқұмалақтың шебердің қолымен жасалған тақтада асыл тастармен, сүйектен немесе дәнді-дақылдардан жасалған құмалақпен ойналғанын айтуда. Қазір тоғызқұмалаққа әлем жұртшылығы қызығушылық танытып, тіпті кейбіреулері қожайындық еткісі келіп жүр. Тоғызқұмалақ дүниежүзілік зияткерлік ойындар олимпиадасында жұртшылыққа таныстырылды. Чехия, Португалия, Қытай. Өзбекстан, Ресей, Түркия, Ұлыбритания және өзге де елдерде семинарлар, жарыстар ұйымдастырылды. Екі рет әлем чемпионаты өтті. Алғашқысына 16 мемлекеттің спортшылары қатысты. Тағы бір қуанышты жаңалық, Астанада өтетін EXPO-2017 халықаралық көрмесіне тоғызқұмалақ ойыны әлем жұртшылығына тансытырылмақ. Қазірдің өзінде сәнді әрі сапалы бірнеше тақта түрі жасалыпты. Көрмеге дейін сан түрлі тақта үлгілері шығарылатыны сөзсіз. Енді шетелдіктер қазақ халқының тек жауынгер ғана емес, ақылды ұлт екендіктерін білетін болады. Ұлан-ғайыр даланы тек білектің күшімен емес ақылмен де қорғағанын түсінеді олар. Дүниежүзілік www.iggamecenter.com сайтындағы 103 зияткерлік ойынның арасында тоғызқұмалақ 2010 жылы бірінші орынға шықты. Айтулы мангала, калах сынды әлемге танылған ойындарға қарағанда тоғызқұмалақ күрделі әрі қызық. Осыны білетін мыңдаған адам ғаламторда бір-бірімен сайысуда. Ұлттық спортымызға жұмыр жер жұртшылығы қызығуда. Ал, сіз тоғызқұмалақ ойнай аласыз ба?…

Ғабит САПАРБЕКОВ


Шымкент қаласы

Back to top button