«Скат» сынақ жасауға көшті ме?

Бүгінде жұрт ұшаққа билет іздесе, «Скат»» әуе компаниясының көмегіне жүгінуден қашатын болды. 

Оның себебі де жоқ емес. Бұған дейін әуе көгінде тіркелген апатты жағдайдың көбінде үнемі «Скаттың» 

аты аталып жүр. Неге? Дүйсенбі күні таңертең Шымкенттен ұшып шыққан «Боинг-737» әуе кемесі Астанаға қона алмай, бір жарым сағат бойы айналып жүрген. Ал дөңгелектері ашылмай қалған ұшақтың құлауын күткен шарасыз құтқарушылар әуежай тұрағына көбік су шашып, әбден састы. Қысқасы, апатты оқиғаға аяғынан тік тұрып дайындалған мамандар қандай жағдай болмасын, әзір тұрды. Ол ол ма, әуежайда жақындарын күтіп тұрған адамдардан өң қашқан. 

Дәл осы кезде ұшақтағы бес экипаж мүшесі мен 89 жолаушының қандай күйде болғанын ойлаудың өзі қорқынышты еді. Тек төртінші талпыныстан кейін ғана жерге қонған ұшақтан түскен жолаушылар бір Аллаға сыйынып, аман қалуын тілегендіктерін айтып, туыстарымен есендікпен қауышқандарына тәубе етті. 

Алайда, жолаушылардың зәре-құтын қашырған «Скат» әуе компа­ниясының ұшақтары қашанғы апатты жағ­дайда қона береді? Адам өмірі мен қауіпсіздігін сақтау әуе компаниясын ойландырмай ма? Негізі «Боинг-737» ұшағының Шымкенттен техникалық себептермен кешігіп ұшқанында гәп бар сияқты. Ал Астанаға жақын­дағанда экипаж командирі «шас­си дөңгелектерінің ашылмауынан қона алмай жатырмыз» деп қайта-қайта кешірім сұраған. Сол сәтте жанын шүберекке түйген жолаушылар не ойламады десеңізші. «Адамдарды толтырып алып, аспанда сынақ жасайтын «Скатты» әуе жолынан алып тастау керек. Әуе компаниясына былтырғы 21 адамды мерт қылған апат та сабақ болмаған сыңайлы. Сондықтан да апта сайын ұшақтары апатты жағдайда қонатын әуе компаниясын сотқа берсек дейміз», – деді біразы ашы­нып. Бұған «Скаттың» өкілдері әдеттегіше салқынқандылықпен ғана жауап беріпті. Шын ба, өтірік пе, кім білсін, «БОИНГ-737 ұшағының шасси дөңгелектері ашылды, тек оны көр­сететін аспап істен шыққан» деген ақпарат таратса, ал компанияның Шым­кенттегі бас кеңсесіне жауап алу­ға барған тілшілер есіктен сығалап қайтқан. 

«Скат» ұшақтары қауіп төндірген дерек бір бұл емес. Бұған дейін де әуе компания талай жолаушының жүрегін аузынан шығарардай оқиғаларға душар етті. Айта кетсек, 1 сәуірде Астана әуежайында «Скаттың» Бангкок-Астана рейсін орындаған ұшағының шасси дөңгелектері босап кеткен еді. Ол кезде бортта 180 адам болды. Жолаушылардың ешқайсысы зардап шекпесе де, әуе компаниясы бұдан сабақ алмағанға ұқсайды. Тағы бір апатты жағдай Ақмола облысы, Зеренді ауданы, Ивановка ауылынан 2 шақырым қашықтықта қозғалтқышының техникалық ақауларына байланысты (қысымның төмендеуінен) «Скат» әуе компаниясының АН-2 бортты ұшағында тіркелді. Ол ол ма, осы компанияның тағы бір ұшағы Грузия астанасы Тбилисиге де апатты жағдайда қонғаны есте.  

Көпшіліктің көңілін күпті еткен оқиғаның ең қайғылысы да – Көкше­таудан Алматыны бетке алған «Скат» әуе компаниясына тиесілі «CRJ-200» маркалы әуе кемесінің апатқа ұшырап, 21 адамның ажал тапқаны еді. Өткен жылдағы қаралы оқиғалардың бірі ретінде тіркелген бұл апаттың себебі әлі толық зерттеліп, қандай да бір шешім шыққанын естімедік. Бұған дейін ақпарат құралдарында бұл апаттың айқындалмау себебінің өзге де сырлары болуы мүмкін деген болжамдар жасалған еді. Алайда, «Скат» әуе компаниясының өкілдері бұның ешқан­дай сыры жоқ дегенді айтып бақты. Әуе компаниясының атқарушы директоры Александр Халев апат себептерінің әлі күнге дейін ашылмау сыры жа­йында түсінік беруге тырысқан. Компания өкілінің айтуына сүйенсек, жалпы апатқа ұшыраған әуе кемелерінің сырын ашу үшін кемінде бір жарым жыл немесе одан да көп уақыт қажет болады екен. 


«Скатқа» тексеру басталды


ККМ-нің Азаматтық авиация комитеті әуе компаниясына қатаң тексеріс жүргізуді бастады.  Тексеріс барысында әуе компаниясының ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуі де басты назарға алынады. ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Серік Мұхтыбаев: «Компания жоспарлы, сондай-ақ кезектен тыс инспекциялық тексерістерден өтіп жатыр. Айта кетейін, бұған дейінгі тексеру жоспарға сәйкес өткен. Енді жоспардан тыс тексеріс өткізбекпіз. Оған Азаматтық авиация комитетімен қатар өзге де құзырлы мекеменің мамандары тартылатын болады», – деді. Бұл оқиғаға байланысты «темiржол, әуе немесе су көлiк қозғалысы мен қауiпсiздiк ережелерiн бұзғаны үшін» Қылмыстық кодекстің 295-бабы, 4-тармағы бойынша іс қозғалды. Астана қаласының әуе-көлік прокуроры Нұрлан Ахметбаевтың айтуынша, қылмыстық іс «темiржол, әуе немесе су көлiк қозғалысы мен қауiпсiздiк ережелерiн бұзу» бабы бойынша қозғалды. «Қылмыстық кодекске» сәйкес, апатты жағдай үлкен зардаптың тууына әкеп соқпаса да, әдейі қауiп төндiрген жағдайда, бiр мың айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынады немесе үш жылға дейiнгi мерзiмге белгілi бiр лауазымда болу, қызметпен айналысу құқығынан айрылады. Тіпті бiр жылға дейiн бас бостандығын шектеу жазасы да қарастырылған.  

P.S. «Скат» әуе компаниясы ұшақтарының көк аспанда қалықтауына жұрт та наразы. Жолаушылар: «Осы компанияның әуе кемесіне отырсақ, іштей иманымызды үйіретін болдық. Діттеген жерімізге аман-есен жеткенімізге қуанамыз…» – дейді еріксіз. Ең бас­тысы, әуе компаниясы халықты қашанғы үрей мен қорқыныштың жетегіне салып қояды? 

Динара Мыңжасарқызы

Back to top button