Тәкен Әлімқұловтың мөлдір әлемі

Сүйінші! Көрнекті жазушы Тәкен Әлімқұловтың сегіз томдық жинағы «Қазақпарат» баспасынан жарық көріп, өз оқырмандарына жол тартты. Кітапты құрастырушы – Есімкүл Әлімқұлова. Есімкүл апай әрбір жинақтың алғашқы бетіне өзінің жүрекжарды лебізін білдірген екен. 

«Қымбатты Тәкен!

Көптен күткен арманымыз, қол жетпестей болған тілегіміз, мінеки, алдымыздан шығып отыр. Үкімет бағдарламасы бойынша сегіз томдығың үлкен өмірге жолдама алды. Бүкіл қолжазбаларыңды, бұрынды-кейінді шыққан кітаптарыңды ақтарыстырып, толыққанды дүние жасауға тырысып бақтық. 

Ең өкініштісі сол – жекелеген жинақтарыңның табан тоздырумен, жүйке жұқартумен ауық-ауық жарық көргені болмаса, көзің тірісінде оқырманыңа қаншама рет мазмұнын түзіп, сарыла күткен бірде-бір қомақты жинағың жарық көрмеді.

Сенің шығармаларыңды биік санайтын, есіміңді қадір тұтатын азаматтар баршылық екен, қалың орман оқырмандарыңның қатары селдіремей, қайта қарасы молая түсіпті. Мына сегіз томдығың – соның дәлелі. Соған шүкіршілік деймін!»…

Шүкіршілік дейміз бізде. Бұған дейін қаламгер шығармаларының жинақталған толық нұсқасы баспа бетінен жарық көрмеген екен. Әрбір жылдары жұқалтаң, бірлі-жарым кітаптар ғана шығатын еді. Оның өзі Есімкүл апай айтқандай, табан тоздырудың, жүйке жұқартудың арқасында шықты. Бірлі-жарым еңбекпен алданып жүргенде, енді, міне қаламгердің бүткіл жазбалары, ізгі тілектері, өкініш-сүйініштері енген сегіз томдыққа қолымыз жетті.

Қаламгер: «Жазушының жаны сөз шырайынан көрініп тұрмақ. Сөздің бетіне шыққан шырай жүрек қанының қызуы болмай, жасанды бояу болса, ондай сөз иесі суреткер санатына қосылмақ емес», – дейді. 

Бұл сегіз кітаптан Тәкен Әлімқұловтың өзгеше жазушылық шеберлік мектебін танисыз.. Бұл сегіз томдықтан Тәкен Әлімқұловтың өзіне ғана тән әлемін табасыз. Жинақтарды оқып отырып, күй құдіретіне  бас ұрып, тұлпар тағдырына жанымыз ауырады. Тәкен шығармаларының негізі де осы –  күй және жылқы. Жылқы тектес жазушы деп айта аламыз ба, білмеймін, көзін көргендердің айтуына қарағанда, Тәкен мінезі де бөлек, жазуы да бөлек, ғажайып талант иесі. Оның ерекше талант иесі екендігінің куәсі – қаламынан туған шығармалары. Әрбір шығармасынан мінезі ерекше сезіліп тұрады. Тәкен шығармаларын сүйіп оқитын әрбір оқырманның дәл осылай айтары хақ. Қалай десек те, Тәкен әлеміне қызыққан, Тәкен әлемін ерекше қадір тұтқан оқырман үшін бұл сегіз томдықтың орны ерекше.  Жазушының әйгілі «Ақ боз аты» мен «Сейтек сарыны» да, атақты «Кертолғауын» іздесеңіз де, табасыз. 

Гүлзина БЕКТАС

Back to top button