ҚОҒАМДЫ АЛАҢДАТҚАН АҚПАРАТТЫҚ ҚЫСЫМ

Қырым оқиғасынан кейін әлемдік, ресейлік ақпарат құралдарында Қазақстанға ақпараттық шабуыл басталды. Елбасының Гаага мінберінен Қазақстанды бөлшектеудің мүмкін емес екендігін шегелей айтқандығы, Хакасия Парламентінің төрағасы Штыгашевқа біздің Сыртқы істер министрлігінің берген жауаптары да далада қалғандай. Күн өткен сайын ақпарат құралдары Қазақстанның солтүстігіндегі бес облысқа қауіп төніп тұрғандығы жайында жағы талмай жар салатын болды. 


БАТЫС САЯСАТТАНУШЫЛАРЫ ПУТИННІҢ 

ЕНДІГІ НЫСАНАСЫ – ҚАЗАҚСТАН ДЕЙДІ


Сәуірдің 15-інде «31-канал» телеарнасының «Информбюро» жаңалықтар қызметі Қазақстан Статистикалық агенттігінің Қазақстанның демографиялық ахуалы жайындағы мәліметін жария етті. Бұл мәлімет бойынша, Қазақстандағы қазақтардың үлес салмағы – 65,9 пайызға жеткен әрі солтүстік облыстардағы қазақтардың үлес салмағы арта түскен. Әсіресе, Павлодар мен Қостанай қалаларындағы қазақтардың үлес салмағы оралмандар есебінен болсын, табиғи өсім есебінен болсын – 50 пайызға жақындаған. Дегенмен, Өскемен және Петропавл қалаларындағы қазақтардың үлес салмағы әлі 40 пайызға жетпейтін көрінеді. Алайда соған қарамастан, шетелдік ақпарат құралдары Қазақстанды шабуыл нысанасына алған. Айталық, мәселен эстондық саясаттанушы, Тарту университетінің профессоры Кармо Тюйр келесі кезек Қазақстанға келеді деген ой түйген. Бұл туралы Newsbalt.ru сайты мәлімдейді. 

«Осымен бәрі аяқталады дегенге сену қиын. Меніңше, керісінше Ресейдің ішкі сенімділігі күшейді. Әрі Батыс өз мүддесі үшін бірдеңе істеуі мүмкін. Алайда Ресейге қарсы тұруы мүмкін емес. Жұрттың бәрі келесі кезек Балтық жағалауы елдері болады дегенді меңзей бастады. Ресей жақтан маған да нақты мәліметтер келе бастады. Олардың айтуынша, келесі кезек бізге, Балтық жағалауына келеді делінеді. Алайда, келесі кезек қазақстандікі болуы әбден ықтимал», – деген ол. 

Батыс саясаттанушылары Украин сценариінің Орталық Азияда қалай жалғасын табуы мүмкіндігін болжау мақсатында біршама сараптамалық құжаттар дайындапты. Джордж Вашингтон университетінің саясаттанушылар Марлен Лаурель мен Син Робертс кеңейтілген баяндама дайындаған. Онда олар Қазақстанның солтүстік облыстарына қатер төніп тұрғандығын тағы да сөз етеді. «Егер Мәскеу ол аумақтардағы орыстілді тұрғындардың немесе ұлттық азшылықтың мүдделерін қорғауды мақсат етсе, КСРО-ның бұрынғы аумағындағы «мұздатылған» жағдай қайта жандануы мүм­кін» деген. Сонымен қатар, Қырғыз­стан­дағы өзбек анклавтары, Өзбекстан­дағы тәжік ауылдары және Қазақстанның солтүстігіндегі орыстілді облыстар мәселесі күн тәртібіне шығуы мүмкін дейді. Сарапшылар солтүстік Қазақстан мәселесінің тым өзекті проблемаға айналып отырғанын қайта-қайта айтуда. «Қырым оқиғасы басталған күннен бастап, орыс саясаткерлері мен ұлтшылдары ашықтан-ашық Қазақстанның Украина тағдырын қайталайтындығын айта бастады. Астана бұл мәлімдемелердің Кремльден шығып жатпағанын білсе де, Ресейдегі империалистік көңіл күйдің өзгеруі қазақ билігіне қатты әсер ете бастады», – депті біреулері. 

Американдық Солтүстік Каролина университетінің профессоры Клаус Ларрес пен вашингтондық сарапшы Питер Ельцов те дәл осыған ұқсас ойды өрбітеді. Олардың пікірінше, «Владимир Путин таяу шетелдегі орыстардың империялық арманын жүзеге асыруды қолға алып, Александр Солженицыннің «Как нам обустроить Россию» атты мақаласында жазылған арманын орындауға бел шеше кірісуі бек мүмкін. Ол мақалада Ресей, Украина, Белоруссия және Солтүстік Қазақстан аумағындағы славян мемлекетін құру идеясы қамтылады», – дей отырып, авторлар Путиннің Солженицыннің жақын досы және табынушысы болғандығын, сол үшін оның идеясын іс жүзіне асырмай тынбайтындығын жазады. 

Испаниялық «Ла Вангардиа» газетіне Американың Орталық Азия бойынша маманы Марта Брил Олкотт: «Путиннің негізгі мақсаты – бұрынғы КСРО кеңістігінде Орыс өркениетін жандандыру және қайта түлету. Путин осы миссиясын жүзеге асыра алса, орыс тарихында ойып орын аламын деп ойлайды. Бұл ретте Путиннің Украинадан кейінгі нысанасы – Қазақстан болмақ. Алайда, әзірге билік басында Нұрсұлтан Назарбаев тұрған кезде бұның жүзеге аспасы анық», – деген ол. 

Бұған дейін ресейлік саясаткерлер мен саясаттанушылар, депутаттар және жазушылар да осындай әңгімені барынша бықсытып келген болатын. Алайда, Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Ресей тарапынан айтылған әрбір мәлімдемеге нота жіберіп, шекарасы сызылған, халықаралық құжаттар мен келісімшарттар арқылы хатталған, делимитация және демаркация жүргізілген мемлекеттің тұтастығына күмән келтірудің астарында не жатқанын түсіндіріп беруін бірнеше рет сұраған. Ресей тарапынан бұндай мәлімдемелердің екі елдің достығына сызат түсірмейтіндігін және ол Ресейдің ресми көзқарасы емес екендігін тәптіштеген жауаптар алынған еді. 

Ресейлік ресурс www.rosbalt.ru сайты «После Крыма казахский можно не учить» атты мақала жариялады. Мақала авторы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Конституцияда: «Қазақстанда ұлттық, тілдік, нәсілдік, діндік дискриминацияға жол берілмейді» деп анық жазылған. Мемлекеттік қызметкерлердің мемлекеттік тілді білуін міндеттей алмаймыз. Алайда, 2025 жылға қарай қазақстандықтардың барлығы дерлік мемлекеттік тілді меңгеруі тиіс. Балалар тілді тез меңгереді. 2025 жылға қарай 1-10 сыныптарға мемлекеттік тілді үйретеміз, сол кезде әңгіме ауанын да өзгертеміз», – деген мәлімдемесін көлденең тарта отырып, бұны сенсациялық жаңалыққа бағалайды. Және Қырым оқиғасынан кейін, Қазақстан лидерлері Ресейге барынша жағынудың амалдарын қарастырып жатыр деген пікір өрбітеді. Шын мәнісінде, Назарбаев дәл осындай мәлімдемені Қазақстан тәуелсіздігін алған күннен бастап айтып келеді. Біздің Елбасы үшін елдегі ұлтаралық татулық – басты құндылық. Алайда, мемлекеттік тілді меңгеруді асықпай болса да, міндеттеп келе жатқаны айқын. Бірақ бұл жолы басқа астар іздеудің мақсаты не? Әрине, ақпараттық шабуыл жасау. Сол арқылы тәуелсіздігін баянды етуді басты мақсат етіп, әлемдік аренада аяғын енді ғана нық басып келе жатқан Қазақстанды аздап болса да, састырып алуды мақсат етеді. «Президенттің бұл мәлімдемесін сенсациялық десек артық айтқандық болмас. Орталық Азия республикаларының ішінен Қазақстан өзгелермен салыстырғанда мемлекеттік тілді енгізу тұрғысынан агрессиялық саясат жүргізіп келеді» дейді аузы-бас қисаймай. Шын мәнісінде, 23 жыл бойында Қазақстан мемлекеттік тілдің қолданысқа енуін аса толерантты түрде жүргізіп келеді. Алайда мақала авторы да, мақалаға пікір білдірген сарапшылар да Қазақстанның соңғы жылдары ұлттық саясатты агрессиялық тұрғыдан жүргізіп келе жатқанын, солтүстік облыстарды қазақтандыруды көздегенін, орыстарды күштеп қоныс аударғанын, оралмандарды көптеп әкелгенін тілге тиек етіпті. Жалпы, ақпаратты бұрмалаушылықтың, елдегі саясаттың көрер көзге өзгеше сипат алуының куәсі болып отырмыз бұл ретте. 

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ

Back to top button