ОНЫҢ ОРНЫ БОС ТҰР

Уақыттан жүйрік не бар?! Міне, мемлекет және қоғам қайраткері, профессор Сәдуақас Темірбековтің өмірден озғанына да жылға жуық уақыт болды. Кезінде институт ректоры, кейіндеу Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті ғылым және білім бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған. Оның қою қасы, қыр мұрыны, қоңырқай өңі, мол денелі тұлғасы  күні кешегідей көз алдымда. Орнымен сөйлеген сөзіне, байыпты жүріс-тұрысына қарап, парасаттан жаралған жандай көрінетін. Алдына барған үлкенмен де, кішімен де, басшымен де, қосшымен де өзіндей көріп, сыпайы сөйлесуші еді. 

Ол ауылда туып, өсті. Мәскеудің аспирантурасын бітіріп, философия ғылымдарының кандидаты атағын қорғады. Дүниенің ілімін білетін. Тарих пен әдебиет саласында да ақтармаған кітабы жоқ. Әсіресе, қазақ әдебиеті классиктерінің шығармаларынан сөз қозғағанда тек тыңдай бер. Құлақ құрышың қанып, рухани ләззат аласың.

Әлі есімде. Аспирантурада оқып жүріп Алматыға келгені. Мен ол кезде Қазақ ССР Ғылым академиясындағы қоғамдық ғылымдар бөлімшесінің ғылыми хатшысы едім. Диссертациясына байланысты бірнеше материалдар жазған екен. Оқып шықтым. Зерттеп отырған тақырыбын толық игергені алымды да, шалымды ой тұжырымдарынан байқалып тұр. Ізденістеріне көңілім толды. Көп кешікпей академияның ғылыми басылымында жарияланып, белгілі философтардың ілтипатына бөленді. 

Қазақта «Маған жан досыңды көрсет, сенің кім екеніңді айтайын» деген ұлағатты  сөз  бар. Оның жан досы академик Өмірбек Жолдасбеков еді. Сегіз қырлы, бір сырлы, айбынды, айдынды жан еді ғой, жарықтық. Табиғатында қызғаныштығы жоқ. Тұла бойы парасаттан жаралған дерсің. Кесек тұлғалы бітімі, білімі қандай, кісілігі қандай!? Өн бойы ізгілік қасиеттерге толы. Ол университет қалашығын саламын деп бастама көтергенде, Сәдуақас бірден қолдаған болатын. Жәй сөзбен емес, бел шеше кіріскен ісімен. Екеуі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы Дінмұхаммед Қонаевтың қабылдауында болып, Алматының әр тұсындағы факультеттердің оқу корпус­тарын бір жерге жинап, заманауи білім ордасын салудың кезі келгенін ұсынады. Әрине, республиканың бірінші басшысы ұсынысты мақұл көрмесе, идеяның жүзеге асары екіталай екені белгілі жәйт. Тау бөктерлері етегіндегі аумағы жүз гектар жерді алатын құрылыс ауқымы өте үлкен. Және бос жатқан жер болса, мақұл-ау. Ондағы тұрғындарды жаңа үйлерге көшірудің өзі қала әкімшілігіне оңайға соқпағаны анық. Құрылыстың өзі қыруар қаржыны қажет етеді. Ал бұған Одақ басшыларының келісім беру, бермеуі де екіталай. Қонаев олардың бас­тамасын қолдап, қандай жағдайда да қол ұшын беретін болған. Мәскеудегі КСРО Жоспарлау комитеті қаржының тапшылығын алға тартып, алғашқыда университет салуға қарсы болғанын  сол кездегі республика басшылары жақсы біледі. Қонаев Саяси Бюро мүшелерін көндіріп, Жолдасбеков әлемге аты әйгілі атақты ғалымдарды салып, сірескен сеңді бұзып, істі оңынан келтірді. Ол университет құрылысын үш ауысымда, яғни күндіз-түні жүргізіп, санаулы жылдарда негізгі корпустарды, студенттер мен аспиранттар жатақханаларын салғызып, пайдалануға бергізді. Есентай өзенінің күншығыс жақ бетінен  көп қабатты пәтерлерді де бітіріп, ұзақ жылдар бойына үйсіз-күйсіз жүрген оқытушыларды тұрғын үймен қамтамасыз етті. Соның арқасында беделі де өсті. Өмекеңнің іскерлігін көре алмаған кейбір профессорлар Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне, КПСС ОК, Қазақстан және КСРО Бас прокуратураларына арыздарды қарша боратты. Тексерушілер қанша қадалса да, оның мемлекет қаражатын ішіп-жеп қойғанына дәлелдер таба алмай әуре-сарсаңға түскен. Арызқойлар түк таппаған соң Өмірбек Жолдасбеков университетке қазақ балаларын, әсіресе оңтүстік облыстардың балаларын көп қабылдайды деп те жазды. Сол арыз-шағымдар бойынша Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінде мәселе қаралған болатын. Комитеттің бірқатар мүшелері арызда айтылған айыптауларды қолдап, сөз сөйлеп  жатқанда  Ғылым және оқу орындары бөлімінің меңгерушісі Сәдуақас Темірбеков арыздың көре алмаушылық қызғаныштан жазылғанын, Жолдасбековтің талапкерлерді университетке қабылдау кезінде облыстарда тұратын қазақтар пайызына шаққанда ешқандай бұрмалаушылық жасамағанын, оған Мәскеу мен осындағы құзырлы мекемелердің тексеру қортындылары нақты дәлел болатынын айтып, батыл қорғап шықты.  Сәдуақас Темірбеков тек қиын-қыстау шақта тек Жолдасбековті ғана қорғап қойған жоқ. Қазақтың белгілі тұлғалары академик Сайын Балмұхановты, профессор Ғазиза Жұбанованы, тағы басқаларды да жаладан қорғауда жан аянып қалған жоқ. Оның бұл жанашырлығы Жолдасбековтің, Балмұханов пен Жұбанованың қарсыластарына ұнаған жоқ. Олар өзінің үстінен де арыз-шағым түсіріп, біраз әуреге салғаны бар. Тіптен Орталық Комитеттің кейбір хатшылары да қырын қарайтын болды. 

Сәдуақас Темірбеков философ болса да, әдебиетті жанындай сүйетін. Қазақ әдебиеті классиктері Әуезовтің, Мүсіреповтің, Мұқановтың шығармаларын тұтас оқып шыққан. Тіпті кейінгі толқын ақын-жазушылар – Кекілбаев, Тарази, Ысқақов, Әлімқұлов, Мұртаза және басқалардың көркем шығармаларын бір сыншыдай талдап отырушы еді. Қазақ әдебиетін жоғары бағалағанын және осындай қаламгерлеріміздің барына мақтаныш тұтып отырғанын өз басым талай рет естідім. Сол жазушылардың әсері ме екен, өзі де көркем сөйлеуді ұнататын. 

Бір жолы ол маған телефон шалып, Орталық Комитетке шақырды. «Мәке, өмір жолыңыз мұғалімдіктен басталды. Енді, міне, ғылым жолына түсіп, докторлық атақты қорғап, профессор атандыңыз. Академияға мүшесіз. Шымкенттегі мұғалімдер институты педагогикалық болып қайта құрылып, статусы да өсіп жатыр. Ректор Мырзахан Сәрсенбаев жетпіске келіп, қызметтен кеткісі келеді. Соның орнына лайықты кандидаттардың біразын талқыға салып көрдік. Біз мұнда сіздің педагоктік тәжірибеңізді ескеріп, сол институтқа ректор етіп жіберуді ұйғарып отырмыз. Осы ұсынысымызға қалай қарайсыз?», – деді. Әрине ректор лауазымды қызмет. Бірақ қазақ атамыз: «Әлің келмейтін шоқпарды беліңе байлама» деген ғой. Аталы сөз адастырмайды. Жоғары қызметке қызығып, ертеңгі күні атқара алмай жатсам жұрт қалай қарайды? Осы бір ой алдымнан көлденең тұрып алды. «Сәке, шынымды айтсам, мен ондай қызметке жоқпын. Оның үстіне мінезім де, бар болмысым да келе бермейді. Адам аяғыштық қасиетімді өзің де білесің. Белден басып, талап ету мен үшін өте қиын. Ал ауырдың үстін, жеңілдің астын сағалап, ректор атын малданып жүре беруіме де болар еді. Бірақ ондайға арым бармайды. Менің жолым – ғылым жолы. Ең жоғары жеткен деңгейім Ғылым академиясында аға ғылыми қызметкер, не бөлім меңгерушісі. Бұлардан жоғары қызметті де қажет етпеймін. Осындай кішілікті қызметтерде жүріп, тек ғылыммен алаңсыз айналысқым келеді. Бас­тап қойған қаншама ғылыми жұмыстарым бар. Соларды толық аяқтағым келеді. Ертеңгі күні ұлттық ғылымды өрге сүйрейтін талантты шәкірттер тәрбиелесем бе деймін. Әркімнің өз орнында болғаны жөн ғой», – деп едім Сәдуақас қоңырқай өңіне күлкі үйіріп: «Әй, Мәке-ай, – деді басын шайқап. – Неткен Қожанасыр едің?! Басқалар осы қызметке қолдарын жеткізе алмай алашапқын болып жүргенде, сен бас тартып отырсың». 

Әділдікті айтқан адам кімге жағады. Кейіндеу Орталық Комитеттің идеология жөніндегі хатшысы Камалиденовпен арасы шиеленісе берген соң: «Осы қызметке байланып қалған мен жоқ», – деп өз еркімен кетіп қалған. Оның үстіне денсаулығы да сыр бере бастаған еді. Ал республика басшылығына Колбин келген кезде ол Қонаевтың кадры дегендер қатарына ілініп, біраз қиын кезеңді бастан кешті. 

1993 жылы әйелім кенеттен қайтыс болып, қатты жалғызсырап қалдым. Балалар бір басқа да, әйелдің жөні бір басқа ғой. Көңіл шіркін құлазығаны соншалық кейіндеу екі көзім көруден қалып, ауруханада жаттым. Ішкі жан күйзелісінен бе, әйтеуір өзім де қызбалыққа бой алдыра бастадым. Мұндайда жан дүниеңді түсініп, жанашырлығын білдіріп тұратын жаннан қалай айналмайсың. Сәкең сол өзгешелігімді байқап, әрдайым сабырға шақырып тұрды.  Содан соң үйде ұзақ уақыт отырып қалғанымда күн аралатып соғып тұрды. Сыртқа таза ауаға алып шығып, өзен бойымен серуендетіп қайтатын. Жол бойы біраз уақыт өткен-кеткеннен қызықты әңгіме қозғап, көңілімді аулап жүрді. Сондай күндердің бірінде ол: «Мәке, қазір ойлап отырсам, ана бір жылы Шымкенттегі институтқа ректор болып бармағаның жөн болыпты. Ал барғаныңда Колбиннің кезінде «Темірбековтің кадры» деп сені де біраз қудалауға түсер едің», – деді көңілсіздеу үнмен. 

Түрксиб темір жолының тарихи тамыры тереңде. Онда Тұрар Рысқұловтың қолтаңбасы қалған. Теміржол тіршіліктің көзі, экономиканың күретамыры болғандықтан көп жылдардан бері зерттеп келе жатырмын. Қаншама ғылыми мақалаларым баспасөз беттерінде жарық көрді. Рысқұловтың халыққа сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Басқасын былай қойғанда ашаршылық жылдарында Сталинге арнайы хат жазып, өз қолымен апарып берді емес пе. Сол хаттан кейін барып аштықты тоқтату шаралары қолға алынды ғой. Солай Рысқұлов қазақ халқының генофонын сақтап қалды. Мұны қазақ халқының ұмытуына бола ма? Өзім оппонент болған тарихшы жігіт Рысқұловқа орынсыз сын айтып, Хожанов екеуін бір-біріне қарсы қойған. Мінберге шығып, өз пікірімді айттым. Тұлғалардың тарихта әлі ашылмай жатқан қырлары қаншама. Бір жәйтті іліп алып, оны түпкілікті зерттемей, жерден жеті қоян тапқандай үстірт пікір айту шын тарихшының қолы емес. Ондай тарихшыға қазір айта салу оңай болғанмен сол кездегі тарихи-саяси жағдай өте күрделі болған. Өзімнің кесімді пікірімді жазбаша жазып та бердім. Қорғаушы да оның жетекшісі көрнекті академик те менің ескертпе пікірлеріммен келіскен еді. Бірақ кейін ғылыми атағын алысымен бір мақаласында «Т.Рысқұлов Сталинге хат жазып, ұлтқа сатқындық жасады» депті. Менің қарсы мақала жазуыма тура келді. Мұның арты баспасөзде біраз айтысқа ұласып та кетті. Менің пікіріммен  келіскендер де, келіспегендер де бар. Тіпті біразы жеке басыма да тиіскен. Сондай сәттерде Сәдуақас тағы да сабырға шақырып, ақыл-кеңесін беріп, өзінің жөн сөзін айтып отырған еді. «Рысқұловты тарихтан ешкім де өшіре алмайды. Ол бәрібір қазақ халқы үшін тарихи тұлға болып қалады». Оның тарихтан да көптеген ғалымнан артық білмесе, кем білмейтін қасиетін жоғары бағалайтынмын. Жан-жақтылығы мені тәнті етуші еді. Бірақ кейін әлгі дауласқандардың  біразы білместік жасап, артық кетіппіз деп кешірім сұрады. Бәлкім өмір сол тартысымен де қызық шығар. 

Сәдуақастың мол дене бітіміне қарап, әлі де қайратты жандай көретінмін. Алайда адамның ойлағаны бола бере ме. Алланың дегені болады ғой. Ол 2013 жылы ауруханаға жатып, ауыр опе­рациядан шықты. Содан кейін оңалуы қиындай түсті. Менің көңілін сұрағаннан басқа қолымнан не келеді. Соңғы өтініші өмірден бұрын озған жұбайы Фариданың қасына жерлеу болды. Ақтық сапарға аттандырып, сол өтінішін орындадым.

Алматыдағы Республика сарайының жанында шағын ғана саябақ бар. Бұрын сол маңда тұратын жандар демалыс күндері әлгі саябаққа жиналып, әңгіме-дүкен құратынбыз. Қазір солардың көбісі өмірден озған. Енді міне, жанымда арқалы отырғышта қатар отыратын Сәдуақас та жоқ. Қимас жан еді. Өмірдің қатал заңы осылай болса амал қанша. Күндер заулап, жыл мезгілдері де алма-кезектесіп өтіп жатыр. Ал мен сол бір арқалы отырғышта жалғыз отырып, ол туралы ойымды серік етіп күн кешіп келемін.

Мәлік АСЫЛБЕКОВ,

тарих ғылымдарының докторы, 

профессор

Back to top button