Дүлдүлдердің дүбірі

Дүлдүлдердің дүбірі

Дүлдүлдердің дүбірі
ашық дереккөзі

Қазақстанда тірі Габриэль Гарсия Маркесті көрген біз білетін бір адам болып еді. Бердіқұлов. 1957 жылы Мәскеуде өткен Студенттер мен жастардың Бүкіл дүниежүзілік фестивалінде жүздескен. 

Сейдағаң сыйлықсыз өтсе де халықтың құрметтісі, жастар газетінің ұзақ жылдар бойғы редакторы болды. Дәліздегі дәрістерінде сан рет Латын Америкасының осы қаламгерін көзбе-көз көргенін айтып жүрді. Бізден ересек жігіттер «Сәке, мұны жазу керек қой» дейтін. Сәкең мақтанды артық көрмесе де, жазудан тартынатын. «Сиырлы ауылдың сұрмергенін» сұратпай жазатын қайран қаламгер Маркеске келгенде тұсаулы аттай кібіртіктеді. Сосын… ақыры жазды. Мақаланың аты шамасы, «Мен көрген Маркес» болса керек. Жазып кеткені жақсы болды. Сыпа қаламгердың сырықты жонғандай ұқыпты дүниесінің бірі болып әдебиет сөресінде қалды. Қағазға түспей, өзімен бірге көкейінде көмілгенде бүкіл әлем «бұл қазақ Маркесті білмеген, мойындамаған» деп күлер еді. Тұтас ұлттың абыро­йын жалғыз мақала жауып тұр, біздің түсінігімізде. 

Сейдағаң көрген Маркес сонда алғаш Кеңес Одағын көрген. Қалай? Енді өмірден өткен айтулы жазушылардың екіншісінің мұрасын түстеп-түгендегенде, сол Сейдахмет Бердіқұлов пен Габриэль Гарсиа Маркес кездескен жылдардың сұлбасын көзге елестетіп отырмыз. Рахат. Жазушы болған қандай рахат болса, оны оқыған сондай рахат екенін жаңа сезінгендейміз. Сейдағаң жарықтық жиі айтатындай, «жалғыз құртты бөліскен қазақтың баласымыз ғой» мына рахатымызды да бөлісейікші. «Кеңес Одағында радиоқабылдағыш тым арзан тұрады, бірақ оны қолдану мүмкіндігі шектелген: не Мәскеуді ғана тыңдауың керек, не радионы өшіріп тастайсың». Пай-пай, Маркес, бір дегеннен қалай-қалай сілтейді. «Бірде дүңгіршектен үйіліп жатқан «Правда» газетін көрдім, бірінші бетте сегіз бағанаға бірдей берілген мақаланың тақы­рыптары тым ірі харіптермен теріліпті. Мен соғыс басталғаны туралы хабарлама шығар деп шошып кеттім. Сөйтсем мақаланың тақырыбы «Ауыл шаруашылығы туралы баяндаманың толық мәтіні» екен. Рас, солай еді. Солай да.

«Бірде Мәскеу банктерінің бірінде екі қызметкерге назарым ауды: олар келушілерге қызмет көрсету орнына бір ағаш кәсекке қаз-қатар бекітілген шағын тастарды әрлі-берлі қағып санап отырды. Мен одан кейін ресторан әкімшісінің, қоғамдық орындар қызметкерлерінің, дүкен кассирлерінің, тіпті кинотеатрлардағы билет сатушы­лардың осы іспен беріле айналысып отырғандарын көрдім. Ақыры шыдамай, бәрі жаппай ойнайтын бұл ойынның аты мен тәртібін сұрадым. Шамалауымша, бұл Мәскеудегі көпшіліктің ең сүйікті ойы­ны болуы керек еді. Бірақ біз тұрып жатқан қонақүйдің әкімшісі «бұл ойын емес, мектептегі балалардың таяқ санамағы сияқты орыстар қолданатын есепшот» деп түсіндірді. Менің қалай таң қалғанымды сұрамаңыздар. Өйткені фестивальде таратылған ресми брошюралардың бірінде Кеңес Одағында электронды есептеу машиналарының 17 түрі бар екендігі тайға таңда басқандай жазылған. Иә, бар екені бар, бірақ оны өнеркәсіп жаппай ауқымда шығармайды. Осы түсінік бұл елдегі қасіретті қайшылыққа көзімді ашты. Елдің бір бөлмелі пәтерде тұрып, жылына екі-ақ көйлек сатып алатын еңбекшілері кеңестік аппараттың Айға барып қонғаны туралы қуаныштан жарылып кете жаздап жүр.» 

Пах-пах! Суреткер болсаң, осындай бол! Ой салсаң, осылай сал! 

Бізден бүгінгі жазуыңды кімнен үйрендің деп сұраса, екі қаламгерді айтар едік: Бірін көрдік, Бірін көрмедік. Сейдағаң мен Маркес. Ал олар бір-бірін көрген. Топырақтары торқа болғай. Айтпақшы, мына үзінділерді алған Маркестің еңбегі «КСРО: «Кока-коланың» бір де бір жарнамасынсыз 22 400 000 шаршы шақырым» аталады. Классика. Тақырыбының өзі.

Қайнар Олжай