Жастардың қаруы – білімде!

Жастардың қаруы – білімде!

Жастардың қаруы – білімде!
ашық дереккөзі

«Білекті бірді, білімді мыңды жығады». Білімі мен білігі болса, жас­тар алмайтын қамал жоқ. Бүгінгі жастардың негізгі қаруы – білімде! Осы орайда, «жастар біліммен қарулануы керек», – деді  «Болашақ дәрістері» акциясы аясында Қазақ мемлекеттік Заң университетінің студенттері мен магистранттарының және жас оқытушыларының алдында дәріс оқыған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек мырза. Дәріс тақырыбы – «Қазақстан-2050» стратегиясын іске асырудағы партияның рөлі: жалпыға ортақ табыстың факторлары» деп аталды.

Дәріс барысында Бауыржан Байбек: «Партияның жаңа доктринасында бірлік пен келісімге, төл мәдениет пен мықты бизнеске және білім мен инновацияға басымдық берілді. Біз осылардың көкжиегін кеңейткен кезде ғана әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына қосыла аламыз, – дей келе, – Қазақстан-2050» стратегиясы жастарға арналған. Өйткені оны Сіздер жүзеге асырасыздар. Стратегияның жемісін Сіздер жейсіздер. Жасыратыны жоқ, біздің арамызда нарықтық экономикалық заманның талаптарына бейімделе алмай жатқан адамдар бар. Жаһандық заманда өзгеге сеніп және өзгеден көмек күтіп отыра беруге болмайды. Жастар біліммен қарулануы керек. Білімді адам ғана нақты нәтижеге қол жеткізеді», – деді.

«Болашақ дәрістері» – бұл өз мамандықтарының табысты өкілдері – қоғамдық және мемлекет қайраткерлері, ірі компания топ-менеджерлері болып қызмет ететін «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің академиялық лекциялары болып табылады. Негізінен лекциялардың дені еліміздің жоғары оқу орындарында өткізіледі. Лекциялардың негізгі мақсаты – студенттерді оқуда және кәсіби қызметінде үздік жетістіктерге қол жеткізуге, шығармашылық әлеуетті және өзіне деген сенімді арттыруға ынталандыру болып табылады.

Өз дәрісінде Бауыржан Байбек мырза «Нұр Отан» партиясы халықты біріктіріп, құндылықтарды қастерлеуді және ынтымақты арттыруды мақсат тұтатынына тоқталып өтті. Сондай-ақ, «Жастар кадрлық резерві» мен «Жастар Отанға» атты «Жас Отан» жастар қанатының жарқын жобалары бүгінгі буынға мол мүмкіндік ұсынып отырғанын да тілге тиек етті. Жастарымыз отансүйгіш, патриот болып өсуі тиіс. Ұлттық құндылықтарды бойға сіңірген жастан елді сүйетін, ұлтын қадірлейтін азамат шығады. Әрбір жастың бойындағы  патриотизмді арттыру үшін қолға алынған Жас басқарушылар пулы мен құқық бұзушылыққа «нөлдік шыдамдылық» қалыптастыруға бағытталған «STOP-қылмыс» және жоғары оқу орындарының түлектеріне арналған «Сәтті қадам» жобалары да дәріс барысында сөз болды. 

Ең қызығы, аталмыш дәріс сұрақ-жауап түрінде өткізілді. Өз кезегінде «Нұр Отан» партиясының төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек студенттер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. 

Бүгінгі күнге дейін 200-ден астам «Болашақ» түлегі академиялық дәрістер жүргізген екен. 2008 жылдан бастап елу мыңдай жас маман «Болашақ дәрістеріне» қатысты. Бауыржан Байбектің дәрісінен де студенттердің көкейге түйгендері мол. Келешек – жастардың қолында! Мемлекетшілдікті қалыптастыратын да жастар! Ол үшін жастарға қажеті – білім! Білімді ұрпақ қазақ тәуелсіздігінің көшін ары қарай жалғастыра алады. Ол үшін әрбір жас ұлттық бояуы бар құндылықтардан қанып ішіп, бойға дарыта білсе болғаны!

Гүлзина БЕКТАС