Бесіктен белі шыққан соң...

Бесіктен белі шыққан соң...

Бесіктен белі шыққан соң...
ашық дереккөзі

«Дәстүрлі мәдениетті жаңғырту, өз халқының тарихи тәжірибесіне жүгіну, мәдени мұраларымызды жүйелеп, оларды қалпына келтіру, сақтау, одан әрі дамыту ісіне кең көлемде білек сыбанып кірісетін кез келді деп есептеймін», – деді «Мәдени мұра» бағдарламасын талқылаған Ұлттық Кеңестің отырысында сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев. Ендеше, сол ұлттық мәдениетімізді ұлықтап, бар мен жоғымызды түгендеп, жүйелеп, келер ұрпаққа аманаттау сол кеңесте қабылданған «Мәдени мұра» бағдарламасының басты мақсаты болуға тиіс.

Біз осы уақытқа дейін ғылым мен білімге еуропалықтардың көзімен қарап келгенімізге мән бере бермейміз. Дәлірек айтсақ, осы уақытқа дейін адамзат тарихының парқы мен нарқы негізінен сол еуропалықтардың талғам-танымы бойынша жазылып келді.

Кеңестік идеология тұрғысынан қарайтын болсақ, қазақ халқында тарих, мәдениет болмапты-мыс. Тек «қазақ даласы» деп аталатын осынау кеңбайтақ өлкеде малмен бірге көшіп-қонып жүрген, сан мың жылдарды артқа тастаған жабайы, тағы халық екенбіз. Бақытымызға қарай тек Октябрь революциясынан кейін ғана сауаттанып, «көзіміз ашылыпты».

Өкінішке қарай, осындай ойдан жасалған қисынға, қарапайым халықты былай қой­ғанда, «шала қазақ» интеллигенттеріміздің көпшілігі де әлі күнге дейін ойланбай сенеді. Себебі, олардың миындағы мағлұматтардың «барлығы дерлік» орысша жазылған кітаптардан, газет-журналдардан т.б. ақпарат көздерінен алынады. Олар өз ұрпақтарын да сол психологияда тәрбиелеп жатыр…

Менің мақала жазуыма әр үш айда бір рет шығатын «Педиатрия және бала хирургиясы» журналының 2013 жылғы №3 санында шыққан Алматы облысы Сарқанд қаласының Абишева О.С. деген дәрігердің «Влияние бесика на развите детей раннего возраста» тақырыптағы мақаласы себепші болды. Өз мақаласында автор ата-бабадан мұра болып келе жатқан, ұрпақ тәрбиесінде үлкен рөлі бар, талай сыннан өткен киелі бесігімізге «жақпаған күйесі» қалмапты. Жазуына қарағанда, бала бесікте күні-түні шешілмей жататын сияқты. Нәресте қимылдамай жата бергеннен кейін басы жалпайып, екі самай сүйектері бұлтиып шығып, баланың миына, омыртқа сүйегі қисайып жұлынына, қимыл-әрекетіне зия­нын тигізеді екен… Бесіктің жабуы айналасын балаға көрсетпей нәрестенің көру қабілеті нашарлайды мыс… Бесікте өскен ұл-қыздардың барлығы әртүрлі кемістіктерге шалдығатын сияқты… Қайран қаласың! Мен 40 жылдан астам бала хирургтары мен педиатрларды оқытып жүрген педагогпын, елдегі бесікте өсіп-тәрбиеленген азаматтарды, бесікте өсіп жатқан балаларды көріп жүрмесем және бесіктің қыр-сырын білмесем автордың «сөздеріне» сеніп қалуым да мүмкін еді…

Қазір бесіктің қасиетін сезінген, түсінген халық Алматы мен Астана қалаларында да ауылдан әдейі алдырып, нәрестелерін бесікке бөлеп өсіріп жатқандарын білеміз.

Баланы бесікке бөлеген шын мәнінде зиянды ма?

Бесіктің қадірін білмей, оны «ескіліктің қалдығы» деп үрке қарау барып тұрған білімсіздік пен мәдениетсіздік деуге болады. Өйткені оны зиянды деп жүрген педиатрлардың көпшілігі бесік көрмеген және оның құрылымын да білмейді. Олардың тілге тиек ететіні «бесікке бөленген бала үнемі аяқ-қолы таңулы жатқандықтан аз қимылдайды, соның салдарынан олар нәзік және аурушаң болып өседі…» деген қисынсыз сөз.

Ал шындығына келетін болсақ, бесіктің баланың денсаулығына, тәлім-тәрбиесіне, ми қыртыстарының қызметінің жақсаруы мен жас нәрестенің салмақты да ұстамды болып өсуіне әсері мол, әрі гигиеналық жағынан да өте көп пайдасы бар. Киелі деп есептеген бесікті қазақ саудаласпай, керек десеңіз сатпай, алушы не берсе, соны риясыз көңілмен айырбастап ала берген. Бесік ұрпақтан ұрпаққа қалатын мұра болғандықтан, өз баласының бесігін олар сұраған адамға ұстата да салмаған. Себебі бесік ұрпақ жалғасының белгісі ретінде, баланың белі бесіктен шығып, есейіп кеткенде, киіз үйдің керегесінің басына қастерлене ілініп, болашақтағы сол шаңырақтың ұрпағының дүниеге келуін күтіп, ілулі тұратын. 

Бесіктің екі басын қосып тұрған ұзынынан салынған керме ағаш арқалық деп аталады. Ол бесіктің екі басын ұштастырып, әрі әртүрлі сылдырмақ ойыншықтарын асып қоятын, түрлі көз тартатын ашық та әдемі бояулармен боялған – керме. «Көзі түсіп», мойны қатайған сәби бесікте жатып, қолын бос қойған сәттерде, осы сылдырмақтарды қаққылап, өзі оған үн қосып, әндетіп ойнайды. Ал керменің ашық бояулары да көз тартып, баланың көңілін ілінулі сылдырмақ ойыншықтарға аударады – нейрофизиологтардың тілімен айтқанда, баланың миының сезімталдық-сенсорлық дамуына үлкен үлес қосады. Ол керменің басына тіл-көзден сақтану үшін үкі қадап, кейде бүркіт, қарақұс сияқты жыртқыш құстардың да тырнақтарын іліп қояды.

Бесіктің негізгі бөлшектері — төсбау, аяқбау, жалған жастық (сәбидің басына жастанатын, арнайы тігілген кішкене жастықша). Төсбаумен баланың кеуде тұсы, аяқбаумен тізенің ұршықтан бір сүйем төмен тұсы (сәл қаттырақ) байланады. Кеуде тұсы бала еркін тыныс ала алатындай (кеуде керіп) болып, бостау, қол екі қапталына ұзынынан созыла байланады. Бесіктің түбегі мен шүмектерін күніне бір рет ыстық суға жуып және әртүрлі сұйық заттармен (хлорамин сияқты) залалсыздандырып тұрған дұрыс, ол нәжіс пен зәрдегі әртүрлі зиянды микробтарды құртады.

Нәрестені, кіндігінің жарасы әбден жазылғаннан соң, яғни туғаннан кейін екі жетіден кейін бесікке бөлей бастаған жөн. Ескерте кететін жай: баланы бесікке күні бойы таңып тастауға әсте болмайды. Баланы өз әжелерімізден көргендей, жиі-жиі шешіп алып, аяқ-қолын созып-керіп, жауырындары жабыспау үшін, гимнастика, массаж жасап, орап алып, таза ауада көбірек серуендеп, күннің көзіне шығарып тұрған дұрыс. Тек қана баланы ұйықтайтын кезінде және түнде соңғы емізуден кейін бөлеп таң атқанша, яғни ұйқысынан өзі оянғанша жатқызуға болады. 

Бесік әсіресе нәрестенің анасының денсаулығына пайдалы. Себебі түнгі ұйқысын «төрт бөлмей» тыныш ұйықтап, тынығып дем алады, сондықтан сүті де кемімейді. Сонымен қатар, ананың жаялық жуып, үтіктеуден де қолы босайды десек болады. Медицинада – неонатология (жаңадан туылған жас нәрестелер жөніндегі ғылым) ғылымы бойынша неміс және жапон сияқты дамыған елдер оқымыстылары жаңадан туылған нәрестелерді кювезге жатқызады да, электр жүйесіне қосады екен, сонда ол өздігінен, бесік сияқты тербетіліп тұрады. Мұның өзі қимылдамай көп жатып қалған нәрестелерде кездесетін өкпенің қабынуын (застойная пневмония) болдырмайтыны дәлелденіп отыр. Сонымен қатар нәрестенің миының қан айналымдары жақсарып, ликвородинамикасы да жақсаратыны белгілі. Сондықтан қазақтың бесігінің, гигиеналық жағын былай қойғанда, ұрпағымызды көптеген қауіпті дерттерден сақтап қалуда атқаратын міндеті де көп:

1. Бесікке бөленген бала шүмек пен түбектің арқасында құрғақ та жылы жатады. Сондықтан ол балаға салқын тимейді. Мұның өзі жас нәрестелерде жиі кездесетін созылмалы тыныс жолдары мен өкпе ауруларының алдын алу деген сөз; 

2. Үнемі құрғақ жатып үйренген сәбиде су төсекке қарсы шартты рефлекс қалыптасады. Кейін баланы кереуетке ауыстырғанның өзінде кіші дәретке (үлкен дәретке де) отырғысы келгенде оянып, мазасызданып, жылай бастайды. Үлкейе келе ондай бала тосуға үйреніп, таза өседі. Осыдан келіп энурез (шыжың) ауруының алдын алу мүмкіндігі туады;

3. Ересек адамдарда кездесетін мезгілсіз белден қалу да (импотенция), бедеулік те адамның сол бала кезінде несеп жолдарының қабынуы мен бүйрекке суық тию салдарынан екені жұртқа мәлім;

4. Бесіктің гигиеналық жағын да манеж, арба немесе кереуетпен, әсіресе памперспен салыстыруға болмайды. Жас нәрестенің терісі өте нәзік, жұқа болғандықтан әртүрлі химиялық, биологиялық факторлардан тез базданып, қабынып-бөртіп кетеді. Мұның бірден-бір себебі баланың суға малынған төсегі яғни сәбидің зәрі. Бір қарағанда дененің базданып, бөрткені онша қауіпті де емес сияқты, ал ол асқына келе қатерлі ауру – нәрестелер флегмонасына (флегмона новорожденных) және бактерияның қан арқылы организмге жайылуына (сепсис) апарып соқтырады; Памперс әсіресе ұл балаларға зиян. Олардың ұмайындағы жұмыртқаларын қыздырып, ұрық бездеріне зақым келтіреді. Бесік баланы бұл аурулардан да сақтайды; 

5. Мұның бәрін былай қойғанда, жанадан босанған әлсіз ананың жаялық жуып-үтіктеуден де едәуір қолы босап, өзін-өзі күтуге, баласына қарауға және ұйқысын қандырып, дем алуға да уақыты көбейеді; 

6. Тербетілген бесік нәрестелерде жиі кездесетін гидроцефалия (су ми) ауруының да алдын алады, себебі туылған кезде сәбидің миы да зақымдалады, әсіресе шала туылғандардың миына қан құйылады, соның салдарынан ликвордың жолы қан түйіршіктерімен бітеліп (Сильвиев түтікшесінде) қалғандықтан осы ауруға шалдығады. Ал бесікте тербетілген баланың ликворы да түтікшелер арқылы жақсы жүреді немесе қан түйіршіктерімен Сильвиев түтікшесінің бітелуіне жол бермейді.

Бесіктегі баланың мінез-құлқын қалып­тастыруда және тұлабойы таза болуын­да алар орны да зор. Бесікке жатпаған бала «кіш етіп», жаялығы суланса, қашан жаялығын ауыстырғанша мазасызданып, пырсылдап өзі де ұйықтамай, анасына да ұйқы бермейді. Халқымыздың тәлім-тәрбиесіз балаларды «бесік көрмеген» деп, керісінше – ұстамды балаларды «бесік тәрбиесі бар» деп айтуында үлкен мән бар.

Бесікке тек туа біткен жамбас сүйегінің дисплазиясы мен ортан жіліктің ұршық басының ұясынан шығып туылатын (маймақ) нәрестелерді бөлеуге болмайды! Ондай нәрестелерді ортопед-травматолог дәрігерлерге уақытылы көрсетіп, емдету қажет!

Мұндай мақаланың жазылуына екі жағдай себепкер болуы ықтимал:

1. Аталған журналдың әр нөмірінде (мұқабасында) нәрестенің бұтына кигізетін памперс жарнамаланады. Ал бесікке бөленетін балаға әдетте, памперс сатып алмайды. Сондықтан тапсырыспен жазылған мақала болуы да мүмкін;

2. Дәрігерлер категорияларын дәлелдеп, аттестациядан өту үшін бес жылда бір-екі ғылыми мақала жазуы керек. Сондықтан бесік көрмеген дәрігерге киелі бесікті жамандау ғана қалған сияқты.

Қорыта айтқанда, ата-бабаларымыздан мұра болып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан салт-дәстүрлеріміздің «озығы мен тозығын» саралап, бесік сияқты киелі мұраларымызды орынсыз даттауға жол бермеуіміз керек деп білемін!

Әбдісабыр Өмешұлы,

Алматы мемлекеттік дәрігерлер

білімін жетілдіру институтының

балалар хирургиясы мен неоталогия 

кафедрасының меңгерушісі, профессор