МӘҢГІ ЕЛ – БІРТҰТАС АЛАШ ИДЕЯСЫ

МӘҢГІ ЕЛ – БІРТҰТАС АЛАШ ИДЕЯСЫ

МӘҢГІ ЕЛ – БІРТҰТАС АЛАШ ИДЕЯСЫ
ашық дереккөзі

… Нұрлан Темірғалиев деген бұрынғы одаққа белгілі, қазір де халықаралық математика ғылымның қабырғалы бір тұлғасы бар. Сол ғалым осыдан 4-5 жыл бұрын: «Қазақстан ғылымы бірте-бірте жалған ғылымға бойын үйретіп барады, бұл өте қауіпті бағыт», – деп күйіне айтқан еді. Біз: «Рас, бүгінде жалған ғылым тіршіліктің бар саласына кеулеп еніп бара жатыр. Тоқтату керек. Ол үшін қайтпек керек? Сендерді қойшы, мына қоғамдық ғылым соған бетін мүлдем бұрып алды», – дейтінбіз. Араға екі-үш жыл өткенде, басқаны былай қойғанда, сол математика ғылымының өзінен, жаңағы Нұрлан Темірғалиев зар илеп айтқанындай, 5 диссертация жалған формуламен шығарылған есепке құрылыпты. Сұмдық қой! Бұл теміржолдың бойынан тыс жерде вагон тартып бара жатқан паровоз сияқты. Теміржол жоқ, бірақ паровозбен состав кетіп бара жатыр. Қайда кетіп бара жатыр, қандай жолмен кетіп бара жатыр, жалпы орнынан қозғалды ма, оны ол араға кім көтеріп апарды, ешкім білмейді. 

Мен қазір жаратылыстану ғылымының нәтижелеріне де, олар дайындаған инженерлер мен мамандарға да күмәнмен қарай бастадым. Дипломына, ғылыми атағына емес, солардың біздің қоғамды ғылыми-технологиялық тұрғыдан дамыта алатынына. Оқытушылар студенттерді оқытуын оқытады-ау. Шартты түрде Қазақстан бойынша жылына бес мың студент инженер (барлық техникалық, технологиялық, өнеркәсіптік, қолданбалы ғылым саласы бойынша) мамандығын алып шығады. Ширек ғасырдың ішінде пәленбай мың инженер шықты. Ал ғылыми-инженерлік ой сол пәс деңгейінде. Менің байқауымша, солардың барлығы кәдімгі колледж дайындауға тиісті механиктердің міндетін атқарып жүр. 

Оу, сонда біз инженер емес, механик дайындасақ, онда неге жалған маманға шығын шығарамыз? Жоғары мамандық иесі міндетті түрде өз саласы бойынша қоғамды алға жылжыта алатындай ғылыми әлеуетке, дербес ойлау жүйесіне, инженерлік шешімге қабілетті болуы тиіс. Қаныш Сәтбаевтің, Шафик Шокиннің, Шаһмардан Есеновтің, Евней Букетовтің, Әбілқасым Сағыновтың даналық қуаты-инженерлік ойды өндіріске енгізуінде. Ғылымды өндірістен ажыратып, алшақтатып, маманның білімін сұраусыз қалдыру арқылы еш нәтиже бермейтін ғылыми тәуелділікке, жалған ғылымға жол аштық. 

Ал енді қоғамтану ғылымына, оның ішінде тарих пен әдебиетке келсек, біз жалған ғылымға толығымен көшіп болдық. Бір мысал келтірейін. Қазақ Автономиялы республикасы 1920 жылы қазан айында жарияланды. Соның алдында, қазақ жерінің шет-шегін белгілеу үшін Ахмет Байтұрсынов пен Әлихан Бөкейханов, Әлімхан Ермеков (баяндамашы) Ленинге, бірде Сталинге кіріп жүріп, 1920 жылы 24 тамыз күні Қазақстанның ұлттық мемлекеттік территориясын бекіттірді, оған Ленин мен Сталин қол қойды. (Біз сол бекітілген территорияның қазір 15 пайызынан айрылып қалдық. Қарақалпақстан, Шыршық – Өзбекстанға, Елек, Алтайдың арғы беті, Жазатыр жотасы Ресейге берілді). Бүкіл әлем мемлекеттері 1991 жылы сол территорияны Қазақстан мемлекетінің жері ретінде таныды. Сондай тарихи оқиғаның 90 жыл толуы атаусыз қалды (бес-алты жылдан кейін жүз жыл толады). Қазіргі геосаясат тұрғысынан алғанда аса маңызды дата. Үнсіз қалдық. Үнсіз ғана қалып қоймай, барлық тарихи-саяси, жағырапиялық ресми басылымдарға қазақ мемлекетінің территориясы 1991 жылдан кейін бекіді деп жазды. Сонда, бұл Қырымның кебін құшуға ұрындыратын тарихи долбар екендігі әлгі «оқымыстысымақтардың» ойына келмегені ме? 

Тарихи фактілерге сүйенсек, «Алашорда» 1917 жылы тамыз айында болашақ үкіметтің жобасын бекітіп, желтоқсанның 13-жұлдызында өз тәуелсіздігін жариялады. Яғни, олар саналы түрде ұйымдастыру жұмысын үш айға кешіктірді. Ал, Кеңес тарқаған тұста, 1991 жылы тамыздың 24-інде өзбектер, одан кейін түркімендер, соңынан қырғыздар тәуелсіздігін жариялады. Біз ғана желтоқсанның 16-сына создық. Екі жағдайда да, біріншіде, Николай мен Ленин, екінші жолы Ельцин мен Горбачев басқаға мойын бұра алмай жатқанда, тәуелсіздіктің сәті түсті. Ал Алаш асықсын, асықпасын, енді бір ай кешіксе, Кеңес өкіметі орнап, автономия ала алмайтын еді. Қалың жұрт, соның ішінде, тарихшылар түркі идеясы мен Кеңестік Түркістан республикасы арасындағы түбірлі айырмашылықты түсінбей, «Алашорда» үкіметі Түркістанды қостамағаны қателік болды – деп сәуегейсиді. Ахмет Байтұрсыновтың: «Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожановтың Түркістан мемлекетін құрамын дегеніне қарсымын» – деген жауабына орай Рысқұловты жақтаушылар Ахаңды түкке алғысыз қылып тастады. Сөз жоқ, Тұрар Рысқұлов – аса ірі тұлға. Ұлтын, жұртын сүйген тұлға. Ол да осы жұртына тек жақсылық тіледі. Бірақ уақыт сынында кімнің ұстаған бағыты дұрыс болды? Мұстафа Шоқай да ортақ Түркістан идеясын ұстанды. Алайда Байтұрсынов пен Бөкейханов оған да қарсы шықты. Бұнысы дұрыс еді. Өйткені алашордашылардың әрекеті арқылы Қазақстанның солтүстігіндегі және оңтүстігіндегі бес облыс еліміздің құрамына енді. 1920 жылы 4-17 тамызда Кремльде Әлихан Бөкейханов, Әлімхан Ермеков, Ахмет Байтұрсынов Ленинмен мәмілеге келіп, Қазақстанның бүгінгі аумағын қорғап қалған. Егер де Түркістан мемлекеті идеясы жүзеге асса, онда Алматы, Шымкент, Жамбыл, Қызылорда және Хиуа (Маңғыстау) облыстарының жері Түркістан республикасына (бүгінгі Өзбекстанға), Петропавл, Көкшетау, Қарағанды, Ақмола, Семей және Өскемен – Батыс Сібірдің аумағына қарар еді. Тек Қостанай, Торғай, Орал облыстары – Қазақ автономиясының негізін құрап қалар еді. Тарихи оқиға бүгінде неге бұрмаланып айтылады. Ал орыс баспасөздері бұларды арандату ретінде пайдаланып, Жириновскийдің ауызымен жидітіп отыр. 

Бұл жасырып қалуға болмайтын ащы шындық. Тәуелсіз күшті заңның бопсаға шыдап беретіні туралы тағы бір уәж келтірейін. Жүз жылға жалға берген Тайуан аралын қытай өткен ғасырдың аяғында қайтарып алды. Ол үшін: «Бір мемлекет, екі түрлі қоғам» деген тұжырым енгізді. Яғни, қытайдың бір бөлігі – социалистік, екінші бөлігі капиталистік қоғамда қатар өмір сүріп жатыр. Қытайдың тұтастығын сақтау үшін Дэн Сияу Пин осыған да барды. Қасымжомарт Тоқаев өзінің «Шуақ пен көлеңке» атты мемуарында шекараны анықтау тұсында, әсіресе, Өзбекстанмен арадағы жайларды кейінге қалдыруға болатынын, бірақ сауатсыз елшілердің кесірінен әділетсіз шешімге барғанына өкінетінін ашып жазды. Демек, елу жылға жалға берілген жерді халықаралық заң арқылы қалпына келтіруге мүмкіндіктің кезінде болғаны ғой. Мақтаарал ауданы Қазақстанға қайтқан тұста да осындай асығыстықтардың жасалғаны анық. Біз, Алтай үшін, Мұзтау үшін мақтанамыз. Ал ол шыңға баратын жер де, жол да Ресейге өтіп кетті. Соның кесірінен Баянөлгейлік қандастарымыздың қанын қарайтып, жанын жаналқымға келтіріп отырмыз. Тіпті, қорғаныстық, халықаралық маңызды нүктені қолдан беріп алдық. Десек те, біз сол Ленин қол қойған жердің негізін сақтап қалдық. 

Ал енді осындай маңызды оқиғаны мемлекеттік тұрғыдан ескеруге болар ма еді. Болар еді. Өкініштісі, біздегі барлық саяси партиялар өзінің қайдан шыққанын білмейді, білгісі де келмейді. Сондай-ақ, Алаш партиясының құрылғанына 90 жыл толып кетті. Оның бағдарламасымен кім танысып, кім есіне алды? Мемлекет кішкентай ғана қаулы шығарды. Ол қаулы сол қалпы қалды. Оны ескеріп, іске кірісіп жатқан ешкім жоқ. Сол Алаштың идеясы не еді? Ешқандай партия есіне де алмады, тіпті кейбірінің қаперінде де болған жоқ. Оның есесіне Халық ассамблеясының атын жамылған мәжіліс депутаттарының бірі «Алаш» партиясын жеккөрінішті етіп еңбек жазып, оны жариялауға ұмтылды. Менің бір досым Қазақстан казактардың да отаны, олар демократиялық принциптерді орнату үшін, интернационалдық борышын өтеу үшін қоныстандырылған деген мағынада кітап жазуға тапсырыс берілгенін айтты. Ұмытпасам, осыдан бес жыл бұрын мені студенттер кездесуге шақырды. Оларды Біртұтас алаш идеясымен таныстырдым. Бір ай өткен соң, жаңағы балалар тағы келіп: «Біз екіге бөлініп таласып жатырмыз. Тең жартымыз: «Қазақ халқының жауы – Әлихан Бөкейхан. «Алашорда» үкіметі – қазақ мемлекеттігін сатқан үкімет. 1991 жылға дейін Қазақ мемлекеттігі де, шекара да болған жоқ. 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздік жариялаған соң ғана шекара анықталды» – дейміз. Ал қалған жартымыз шыр-пыр болып оларға қарсы шығып жатырмыз. Қайсымыздікі дұрыс?» – дейді. Сөйтсем, сол жылдары Қазақстан тарихынан берген оқытушы жалған ғылыми негізге сүйеніп дәріс оқып, осы пікірді жалған оқулықсымағына енгізіпті. Бұл, әлгі, халықтар өкілі ретінде сайланған депутаттың «Алашорда» үкіметіне қарсы жазылған пікірінен де асып түскен арандату. 

Мұны түртіп отырған түйнек құрты – білім жүйесінде. Өз басым несиелік технология дегенді – Қазақстан үшін сауатсыздықтың басы деп есептеймін. Өйткені бізде онымен оқитындай негіз де, менталитет те, оқулық та, білім де жоқ. Өз бетіңше оқитын оқулығың болмаса, бірінші курстан бастап қандай тәжірибелік жұмыс туралы айтуға болады? Біз студент кезімізде Л.Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» романын бір семестр оқығанбыз. Ал, қазір 40-60 жылдардағы қазақ әдебиетін бір блок оқимыз. Бір блок дегеніміз – 1 ай, 20 күн. Оның ішіне Әуезовің де, Мұқановың да, Мүсіреповің да кіріп кетеді. Бір блокта басқа емес, М. Әуезовтің «Абай жолын» оқып шығуға мүмкіндік бар ма? Сөйтсек, біздің оқыту жүйеміз Ресей мен Болон жүйесіне бейімделген бакалаврлықпен, магистрлықпен сәйкестендіріліп қойылған көрінеді. Тәуелсіз ғылым жоқ. Онсыз тәуелсіздік те, зиялы да, болашақ та жоқ.

Яғни, бір сөзбен түйіндесем, Алаштың бес аманаты жүзеге аспай қазақ қоғамы қалпына келеді, қазақ алға басады деу – бекершілік. «Мәңгілік ел» ұстанымы тәуелсіз ғылымға жол аша ма, жоқ па, оның өміршеңдігі соған тікелей байланысты. Менің бұл пікірлеріме осыдан бес жыл бұрынғы алқалы пікір алысуда Аманкелді Айталы ағамыз айтқан: «Әрине, Алаштың барлық идеясымен келісеміз. Бірақ, жоғарыдағы бес мұратқа жете алмай отырмыз. Ғасырлар бойы қордаланған мәселелерді 18 жылда шеше аламыз ба? Мүмкін, шын мәнінде уақыт аз болып жатқан шығар. Бірақ, осы уақытта біраз мәселені шешуге болмайтын ба еді деп те айтуға болады. Біз бүгін орысша ойлаймыз, орысша сөйлейміз. Біздің көп адамдар украиндықтарды, грузиндерді, шешендерді айыптайды. Неге олай? Себебі, біз әлгі орысшалағанда «зомбиланғанбыз». Бұл міне, бар дүние. Неге сол Украинада, Грузияда біздің бір телеарнаның журналисі отырмайды? Олай емес, бұлай деп. Мәскеуде бар. Өйткені, оларға тиімді, ал біз толық ақпарат ала алмай отырмыз. Осылайша көптеген жағдайларда біз орыстың жетегінде кеттік. Содан соң ішіміздегі орыстар Ресейдің Осетия, Абхазия, Грузиямен қақтығысын түгелдей қолдап отыр ғой. Біздің сыртқы саясатымыз бар. Бірақ, орыстар оны қолдамайды. Жаңағы ақпараттың да ықпалы бар. Сондықтан Тұрсын Жұртбай айтқандай, ұлт-азаттық күрес (рухани тұрғыдағы – Т.Ж) барлық салаларда жалғасып келе жатыр деуге болады. Шекара бар, ал рухани салада шекара жоқ. Содан кейін қол-аяғымызды байлап тұрып, ЕҚЫҰ «Діни сенім және діни бірлестіктер туралы» заңымызды қабылдатпады ғой. Ол да соның кесірі. Ал бір жыл төрағалық етеміз деп, 1000 жылдық құндылықтан айрылып қаламыз ба?.. Құрсау сол. Сондықтан, көтерілген мәселелер өте орынды, ойланатын жағдайлар көп. Бір жағынан «уақыт аз» деп ақтауға болады, бір жағынан сол 18 жылда басқа мемлекеттермен салыстырғанда көп жағдайда бітіретін істерді салғырттыққа салдық. Енді мәселе, шын мәнісінде философиялық тұрғыдан айтқанда, «не страшно то, в каком обществе мы живем, а страшно то, из какого общества мы вышли». Коммунистік, атеистік психология, ұлтқа деген салқындық жалғасып келе жатыр әлі. Иә, бұрынғы саясаттың ықпалы жүріп тұр деуге болады», – деген пікірлері өзінің күшін әлі жойған жоқ деп есептеймін. 

1990 жылғы «Қазақстанның суверенитеті» туралы мәлімдемеде қамтылған осы бес түрлі ұлттық ұстаным бұтақтала келіп, 2002 жылғы жерді сату туралы заң жобасынан кейін қазақ мемлекеті ұлттық идеядан толық арылып, беймарал мемлекеттің құрылымына көшті. Соншама азап шеге жүріп аңсаған тәуелсіздік идеясынан неғып соншама тез жеріндік? «Алаштап» жүріп «Ақ жол» партиясы Айталы ағамыз бастатқан қазақтың марқасқа зиялысын «судан өткенше пайдаланды» да, судан өткен соң суға лақтырып кетті. Лениннің: «буржуазия жалтақ. Онда ар-ождан жоқ, пайдакүнемдік мүдде ғана бар» – дегені рас болып шықты. 

Мұны, әсіресе орыстілді басылымдар, соның ішінде орыстілді шалақазақтар, «қазақтың қаражүзді ұлтшылдығы» (махровый казахский национализм) деп атайды. Таза украиндықтардың бір күннің ішінде «фашистік ұлтшылдар», «бандеровшіл ұлтшылдар», «қаражүзді ұлтшылдар» атанып шыға келгені сияқты, қазақтың мүддесін көздесең бітті, тура сондай қарғыс таңбасы басылғалы тұр. Ұлтшылдық – империялық өктемдікке, бір ұлттың өзге ұлтты езіп, қанауынан туындайтын, Ленин айтқандай, ұлттық-буржуазияның ішінде туып, халықтық сыпат алатын күрес жағдайында туындайды. Империялық билеуші ұлттан өзінің ұлттық мүддесін орындауды талап еткен азаматты – ұлтшыл деп атайды. Ал қазақ мемлекеті тәуелсіз өмір сүріп отырғанда, қай қазақты ұлтшыл деп бөліп тастайсың. Қоғамдық құрылымға, мемлекеттік билікке, жекелеген мәселеге, мысалы жерді меншікке беру керек пе, жоқ па деген сауалға орай, жеке тұлғаға қатысты әр түрлі көзқарас болуы мүмкін. Ол саяси партиялар, ұйымдар, қозғалыстар, топтар, тұлғалар арқылы жүзеге асады. Егерде Қазақстанда ұлтшылдық бар деп есептейтін болсақ, онда қазақ ұлтының толық тәуелсіздікке қолы жетпегені, бізді өзге ұлт өкілдері, мысалы халық ассамблеясы билеп отыр деп есептеу керек. Сондықтан да қазақ мемлекетінде қазақ мемлекеттігінің мүддесін көздеген патриоттар бар деген орынды шығар. 

Өз басым, тәуелсіз қазақ мемлекетіне қарсы ешқашан қарсы шықпаймын, керісінше, сол мемлекеттің нығаюына барынша күш саламын. Ал уақытша билікте отырғандардың мемлекет мүддесіне, ұлт мұқтажына, әлеуметтік теңдігіне нұқсан келтіретін қате шешімдеріне қарсы пікір білдіремін. Мұны ұлтшылдық емес, патриоттық парызым деп есептеймін. Ондай азаматтар қазіргі қазақ қауымының басым бөлігін – жетпіс пайызын қамтиды. Тек олардың басын біріктіретін және сенімді қозғалыс пен тұлға ғана жетпей тұр. Мен сондай тұлғаларды іздеп жүрмін. Күндердің күнінде ондай қайраткер мен қозғалысты халықтың өзі екшеп шығарады. Мен бұған анық сенемін. Жалпыға ортақ халықтық мүдде соған еріксіз мәжбүр етеді. Әлгі орта қабаттағы әлеуметтік теңдікке қолы жетпеген жастар соның ұйытқысына айналады.

Кезінде президенттік қызмет академиясында саяси шешендік пәнінен дәріс беріп жүргенде, Ресей ғалымдарының: болашақ президент қандай қасиеттерге ие болуы тиіс және оған қандай адам келуі мүмкін деген болжамдарымен шәкірттерімді таныстырып, сол қорытындыны сақтап қойған едім. Ешкімге белгісіз Путин мемлекет басына келгенде, әлгі болжамды тауып алып, салыстырдым. Путиннің өмірбаяны да, құпия әскери қызметі де, өмір сүру дағдысы да болжаммен дәл келді. Міне, саяси болжам деп осыны айтады. Оны Борис Ельциннің өзі де сол кезде ашық айтты және қазір де Ресей элитасы келешек президенттің кандидатурасына лайықтап бірнеше адамды астыртын дайындап отыр. Сенбесеңіз, аса құпия «Россия жобасы» атты жобаны оқыңыз. Біз ұлттық идеяны ілгері дамытатын, ертеңгі ұлт тағдыры мен тарихына жауап беретін, оны келер күндерге жалғайтын мәдениет пен мәдениетті зиялылар дайындауымыз керек. Ал біз қалыптасқан мәдениетті үзіп алуға бет алып барамыз. 

Қуаныштысы, тәуелсіздіктің ащы да тәтті дәмін білетін, әлеуметтік теңдікті аңсайтын, жер ортақ, ырыс ортақ, намыс ортақ, тіл ортақ, діл ортақ, ғылым игілікті болсын деп ойлайтын, алайда биліктен де, байлықтан да тысқары, тек мұқтаждықпен өмір сүріп жатқан орта буын мен жаңа буынның сіңірі сияқты зиялылардың ауқымы басым және олардың мүдделері де біртұтас. Қоғам мен экономика, өмір мен әлеуметтік шындық түбі оларды екшеп отырып, биліктің тұтқасын ұстатады. Өйткені, алдыңғы қабаттар бұрынғысынша басына алмайтындай, кейінгі толқын бұрынғысынша басындыра алмайтындай қоғамдық, экономикалық, ұлттық қайшылыққа тап болады. Міне, қазақ қоғамының нағыз шындығы сол кезде ашылады. Текті де саналы зиялы қауым, міне, сол тұста қажет. Сол қайшылықты шеше алатындай зиялы қауым мен тұлғаны тәрбиелеп, таңдай алмасақ, онда, шынымен құрдымға кеткеніміз. Ол тұлға алаш идеясын жүзеге асыратындай, зиялылардың ойын біріктіріп, ұлттық қозғалыс дәрежесіндегі қуатты күшке айналдыратындай деңгейге жетуі тиіс. 

Тұрсын Жұртбай, 

филология ғылымдарының 

докторы, профессор