ТӨЛЕМ КАРТОЧКАЛАРЫНА ШЕКТЕУ

ТӨЛЕМ КАРТОЧКАЛАРЫНА ШЕКТЕУ

ТӨЛЕМ КАРТОЧКАЛАРЫНА ШЕКТЕУ
ашық дереккөзі

Қазір қанша жұрттың қажетіне жарап тұрған төлем
карточкалары алдағы 10 жылда іске алғысыз боп қалуы мүмкін. Өйткені төлем
жүйелерін жақсартуды, жетілдіруді көздеп отырған ағайын карточкалардың орнын
ұялы телефон басқанын қалайды. Бұл туралы жақында Үкімет жетекшісі мәселе
көтерді. 

«Енді он жылдан кейін несие карточкалары өткеннің
бөлшегіне айналады. Төлем жүйелерін дамыту бағыты ұялы телефондарға басымдық
беруге көшті. Яғни, ақпараттық-коммуникациялық технологияларын дамытуға
басымдық берген елдерде төлем құралдарының жалғыз жолы ұялы телефондар болмақ.
Азаматтардың жеке басына қатысты мәліметтерін сақтаумен қатар келешекте төлем
құралдарының да рөлін атқарады», – деп мәлімдеген Кәрім Мәсімов бірақ бұл
мәселе әлі түбегейлі шешімін тауып, нақты қадамдар жасалмағанын ескертті.

Оның айтуынша, қазір Қазақстанда Интернет пен ұялы
телефонның көмегіне жүгінетіндер саны уақыт өткен сайын артып келеді. Демек,
болашақта ұялы телефондар басым рөл атқаратыны анық.

Көтерілген бастаманы банктермен бірге талқылауға ұсыныс
айтқан Министрлер кабинетінің жетекшісі: «Қазақстанда төлем жүйесін ұялы
телефондар негізінде дамытуға қатысты әлі шешім қабылдап үлгерген жоқпыз. Сатып
алу процесін ұялы телефон арқылы жүзеге асыруға болады. Қазақстан Ұлттық банкі
мен еліміздегі екінші деңгейлі жекеменшік банктермен бірлесе отырып, депутаттардың
қолдауымен, Қазақстанның осы мақсатта 3-5 жылда маңызды қадамдар жасауына ықпал
ету керек. Ол үшін қоғам бақылауына ала отырып, ең жаңа әрі ең жүйрік
технологияларды қолдану міндет», – деді.

Бүгінде Қазақстандағы ұялы телефондар саны уақыт өткен
сайын көбейіп келе жатқаны рас. Мәселен, алдыңғы жылы ұялы телефон сатудан
түскен кіріс орташа есеппен алғанда, 280-350 млн. долларға тең болған. Сол кезде
Trade Help компаниясының басқарушысы Андрей Калмыков 2009-2011 жылдар
аралығында жыл сайын елімізге әкелінетін ұялы телефондар саны 2 млн. дана
(орташа есеппен алғанда) болғанын айтқан. «Қазақстандағы сатылымға сәйкес, ұялы
телефондарды жұмыс және оқу үшін сатып алуда. Әсіресе, арзан түрлері мен ескі
телефондар жақсы сатылып жатыр. Сонымен қатар ақпараттық технологиялардың соңғы
үлгілерін алуда да тұтынушылар аса белсенді», – деген Андрей Калмыков орташа
баға 140 долларға (сол кездегі валюта бағамы бойынша 20 мың теңге) жеткенін
көлденең тартты.

  Нәзия
Жоямергенқызы