Мұхит Тұрсынов – «Қазақстан барысы»

Мұхит Тұрсынов – «Қазақстан барысы»

Мұхит Тұрсынов – «Қазақстан барысы»
ашық дереккөзі

Елімізде төртінші мәрте өткен «Қазақстан Барысы» турнирінің де жеңімпазы анықталды. Кеше боз кілемдегі тартысты белдесудің көркін қыздырған балуандар көрерменнің делебесін қоздырды. 
Оған еліміздің ең
мықты 28 балуаны қатысты.

Боз кілемге “Қазақстан Барысы-2013” деген
атағымен шыққан Шығыс Қазақстан облысының үміті Айбек Нұғымаров 1/8 финалдық
белдесуде Қызылорда облысының палуаны Руслан Әбдіразақовқа ешкім күтпеген
жерден тізе бүкті. 117 келі тартқан Әбдіразақов өзінен 20 келіге ауыр атақты
қарсыласын жеңіп, ширек финалға жолдама алды.

Асыл Бәрменов (Қарағанды облысы) пен Мұхит Тұрсынов
(Шығыс Қазақстан облысы) арасындағы ақтық белдесуде Мұхиттың мерейі үстем
болып, “Қазақстан Барысы” атағына қол жеткізді. Ол «Алтын белбеу», ал
ақтық бәсекеде жеңілген Асыл Бәрменов “Күміс белбеу” иегері атанды.
Сонымен, 2014 жылғы “Қазақстан Барысы” Мұхит Тұрсынов 150 мың АҚШ
долларын қанжығасына байласа, оның бапкеріне 20 мың АҚШ доллары табысталды.
“Күміс белбеу” иегері Асыл Бәрменов 30 мың доллар көлемінде сыйлық
алса, Асылдың бапкері 10 мың доллармен марапатталды. Ал қызылордалық Руслан Әбдіразақов
(«Сыр барысы») «Қола белбеу» иегері атанып, 
10 000 доллар алса, оның бапкеріне 
3000 доллар сыйақы берілді.

Сондай-ақ,ұйымдастырушылар тағайындаған арнайы “Жеңіске деген
жігері” үшін атты сыйлық Дәулетхан Жақыповқа бұйырып, Hyundai Elantra
көлігіне ие болды.

«Қазақстан Барысы-2014» атанған Мұхит Тұрсынов бұған
дейін де талай бәсекеде қанжығасын майлап жүрген. Ал, аталмыш турнирдегі бағы
осы жолы жанған сияқты. Себебі, ол түйе балуан «Тараз тарланы» Бейбіт
Ыстыбаевты да қапы қалдырып, өз бабында екенін дәлелдеді. 

МҰХИТ ТҰРСЫНОВ

Лақап есімі: Жалын

Туған жылы: 22.04.1988 ж.

Салмағы: 95 келі

Бойы: 185см

Бапкері: Шыңғысбек Тұрсынов