12 Маусым, 22:11 723 0 Көлік Назым Тойлыбаева

Қазақстанда көп сатылатын көліктер тізімі жасалды

2018 жылдың бес айында Қазақстанда сатылған көліктердің 47 пайыздан астамы отандық автозауыттарға тиесілі. Бұл туралы «ҚазАвтоӨнеркәсіп» автокөлік саласындағы кәсіпорындар одағы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2018 жылдың қаңтар-мамырында ресми дилерлер 20 620 автомобиль өткізіп, бұл көрсеткіш былтырға қарағанда 40,4 пайызға артық болды. Есепті кезеңде қазақстандықтар жаңа жеңіл көліктерді сатып алуға 165,2 млрд теңге сомасында қаржы жұмсады», - делінген таратылған мәліметте.

Аталған кезеңде өткізілген 10 901 автокөлік (52,9%) импортқа, ал 9 719-ы (47,1%) еліміздегі автозауыттардың өнімдеріне тиесілі.

Атап айтқанда, 5 айдың қорытындысы бойынша Қазақстанда сұранысқа ие брендтердің алғашқы бестігінің көшін Lada (4 695 көлік) бастап тұр. Сатылған көлік саны бойынша екінші орында Toyota (4 162) тұрақтаса, үшінші орынға Hyundai (2 638) шықты. Сонымен қатар бұл бестікке Ravon (1 675) мен GAZ (1079)  брендтері де енді.

Белгілі болғандай, есепті кезеңде жеңіл көліктер рейтингінде Toyota Camry (1556 көлік сатылды), Lada Granta (1336) және жол талғамайтын Lada 4x4 (1275) алға шығып, көбірек сатылды. Сондай-ақ бұл ТОP-5 модельдер қатарына Ravon Nexia (992) мен Hyundai Tucson (774) кірді.

Аталған кезеңде көлік сатып алу жағынан алдыңғы орындарға Алматы (5 339 көлік сатылды), Астана (3 494), Атырау (1 546), Қостанай (1 487), Шымкент (1 298), Қарағанды (1 242) қалалары шықты.

 

 

Соңғы жаңалықтар