384
Әкімдік деректері статистикалық мәліметтерден алшақ
Әкімдік деректері статистикалық мәліметтерден алшақ
Ауылшаруашылық кооперациясын одан әрі дамыту мәселесі кезекті Үкімет отырысының басты тақырыбы болды. Бұл жиында жазғы каникул уақытында балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытында тиімді іспен шұғылдануын ұйымдастыру, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесін жетілдіру мәселелері де талқыланды.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев баяндама жасады. Вице-министр өз сөзінде кооперацияны дамытудың салалық бағдарламасын жүзеге асырудың нақты шаралары мен құралдарына тоқталды. Сонымен қатар, ауылшаруашылық кооперациясының бастапқы кезеңі аяқталып, ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін арттырудың негізгі құралы ретінде оны дамытудың жаңа сапалы кезеңіне өтетіні айтылды. Арман Евниевтің айтуынша, 2015 жылы қабылданған «Ауылшаруашылық кооперативтері туралы» заң кооперацияны дамытудағы негізгі кедергілерді жоюға жол ашты.
Ағымдағы жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша, елімізде 62 мыңнан астам адамның басын біріктірген 2849 кооператив тіркелді. Бірақ бұл салада әлі де шешімін таппаған мәселелер шаш етектен. «Президент әкімшілігі тексеруінің қорытындылары бойынша ауылшаруашылық кооперациясының тиімді дамуына бөгет болған бірқатар жүйелі түйткілдер анықталды. Біріншіден, кооперативтердің 18 пайызы жұмыс жасамай тұр, 42 пайызы формальды түрде, қағаз жүзінде құрыла салған. Екіншіден, кооператив мүшелері өндірген өнімдерін өңдеумен және өткізумен байланысты түйткілдерге кезігуде. Үшіншіден, кооперативтердің дамуын ынталандыру шаралары жеткіліксіз болуда. Төртіншіден, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер жетіспеуде. Бесіншіден, әкімдіктердің ұсынған деректері статистикалық деректерге сәйкес келмеуде», – деді Арман Евниев.
Ал Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов кооперативтерге бірігу ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу мен сату процесін орталықтандыруға мүмкіндік беретінін айтты. Шағын шаруашылықтардың кооперацияларға бірігуі ішкі жалпы өнімнің өсуіне әсер етеді. Тимур Сүлейменов өз сөзінде ауылшаруашылық кооперативтері үшін қолайлы салық режимі жұмыс істейтініне тоқталды.
Аталмыш мәселеге орай «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы Нұрлыбек Мәлелов те сөз алды. Оның келтірген мәліметтеріне қарағанда, өткен жылдың қорытындысы бойынша «ҚазАгро» холдингі өсімдік шаруашылығында егіс жұмыстарын өткізу үшін 176 ауылшаруашылық тауар өндірушілерін біріктіретін 11 ауылшаруашылық кооперативін жалпы сомасы 9,9 млрд теңгеге, мал шаруашылығында шикізатты өндіру мен дайындау, ауылшаруашылық өнімдерін өңідеу үшін 7390 фермерді біріктіретін 304 ауылшаруашылық кооперативін 20,2 млрд теңгеге қаржыландырған.
Ауыл шаруашылығы министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, АӨК мемлекеттік бағдарламасына түзетулер енгізу аясында агрокооперацияларды дамыту шараларын егжей-тегжейлі пысықтауы қажет. Қабылданған шаралар ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісін ұлғайтуды, ауылдық жерде жұмыспен қамтудың жоғары болуын және агроөнімдер экспортын одан әрі арттыруды қамтамасыз етуге тиіс. Осы тапсырмалар бойынша жұмысты үйлестіру вице-премьер – Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевке жүктелді.
Жиында талқыланған мәселелердің бірі – жазғы каникул кезінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын тиімді пайдалануын, іспен шұғылдануын ұйымдастыру. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев есеп берді. Биыл елімізде 1-10 сынып оқушыларының жалпы саны 2 млн 815 мың. Сол балалар үшін жазғы каникул кезінде 15597 сауықтыру лагері мен алаңдары жұмыс істеуі тиіс. Министрдің айтуынша, балалардың жазғы демалысы сауықтыру және іспен шұғылдандыру бойынша ұйымдастырылады. Биыл сауықтырумен 2 млн 595 мың бала қамтылады деп жоспарланған. Бұл 1-10 сынып оқушыларының 92,2 пайызы. Ал жазда 2 млн 557 мың бала немесе оқушылардың 91 пайызының секциялар, үйірмелер, клубтарға баруына жағдай жасалады. Биыл дарынды балалардың және әлеуметтік аз қамтылған отбасынан шыққан балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мақсатында жергілікті бюджет есебінен 4 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді.
Сонымен қатар, Үкімет балалардың қауіпсіздігін де назардан тыс қалдырмақ емес. Бұл ретте Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев әкімдердің, Ішкі істер, Денсаулық сақтау министрлерінің назарын балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне баса назар аударуды тапсырды. Үкімет басшысы балалар лагерьлерінің жұмысына қоғамдық бақылауды күшейту, ата-аналар мен мұғалімдер арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын үнемі жүргізіп отыру қажеттігін де ескертті.
Үкімет отырысында сөз болған келесі тақырып – тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің (ТМККК) тізбесін жетілдіру. Бұл мәселе бойынша Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов баяндама жасады. Министр ТМККК тізбесін қалыптастыруға және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде медициналық көмек пакетіне жаңа тәсілдерді енгізуді ұсынды. Бұл үлгіні енгізу жұмыстары 3 кезеңге бөлінбек. Алғашқы кезеңде ТМККК пакетіндегі медициналық көмектің толық ревизиясы жүргізілсе, екінші кезеңде ТМККК-нің жаңа моделін МӘМС-ті енгізумен бірге өрістету көзделген. Үшінші кезең ТМККК және МӘМС тізімдерін үнемі жаңартып отыруды мақсат етеді. Биыл ТМККК-нің нақтыланған тізбесі жасалды. Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, бұл тізім медициналық-санитарлық алғашқы көмектің профилактикалық бағыттылығына басымдық бере отырып, медициналық көмектің формалары бойынша қалыптастырылған.
Жиын қорытындысы бойынша Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев талқыланған мәселелер бойынша жауапты ведомстволарға бірқатар тапсырмалар жүктеді.