284
Алматы Астанаға құшақ ашты
Алматы Астанаға құшақ ашты
Биыл елордамыз – Астана қаласының мерейтойы. Бас қаланың 20 жылдығына дайындық жұмыстары әлдеқашан басталып кеткен. Ал «Qadam Intech» қоғамдық қоры «Астана – ұлы дала елордасы» атты журналистер мен блогерлер арасындағы байқау өткізбек. Байқау Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының тапсырысы аясында ұйымдастырылып отыр.
Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына арналған байқаудың ережелерімен түсіндіру мақсатында Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметінде арнайы брифинг өтті. Брифингке Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Еркебұлан Кенжебұлатов, «Qadam Intech» қоғамдық қорының бас директоры Мақсат Дүйсебаев және актер, блогер Шәріп Серік қатысты.
Сонымен, байқау үздік телевизиялық сюжет, баспа басылымдарындағы үздік мақала, үздік радиоматериал, интернет ресурстардағы үздік материал, әлеуметтік желідегі үздік шығарылым, үздік фотоматериал және үздік вайн сынды 7 номинация бойынша өтеді. Байқаудың жалпы жүлде қоры 7 миллион теңгені құрайды. Журналистер мен блогерлер байқауға ұсынатын туындыларында Астана қаласының 20 жыл ішінде жеткен жетістіктері мен қоғамдық-саяси өмірі және әлеуметтік-экономикалық дамуына баса назар аударуы тиіс. «Бұл байқау биыл екінші рет ұйымдастырылуда. Былтыр «Алматы – мың бояулы қала» деп аталған байқау Алматы шаһарына арналса, биыл Астананың 20 жылдық мерейтойына тарту болмақ. Байқаудың мақсаты – тілшілердің назарын елорданың мерейтойына және Астананың тыныс-тіршілігіне аудару», – деді Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Еркебұлан Кенжебұлатов.
Қазылар алқасы байқау жеңімпаздарын белгілі бір талаптар бойынша іріктейді. Яғни, материалдың дұрыстығы, өз ойын жеткізудің шеберлігі мен кәсіпқойлығы, материалдың қоғамда кеңінен талқылануы, жұмыстың шығармашылық өзектілігі, материалда көрсетілген жетістіктің өзектілігі мен шығармашылық талдаудың тереңдігіне мән беріледі. Ал байқауда бақ сынаймын деген жандар www.astana20jyl.kz ресми сайтында онлайн өтініш толтыруы тиіс. Өтініштер 2018 жылдың 15 маусымына дейін қабылданады.