Төрткүл дүние төріндегі рамазан

Төрткүл дүние төріндегі рамазан

Төрткүл дүние төріндегі рамазан
ашық дереккөзі
Бүгін Қасиетті Рамазан айы басталды. Жаһанның қай түкпірінде болмасын, қай тілде сөйлесе де, қандай халықтың өкілі екеніне қарамастан, мұсылман қауымы тұтас бір кісідей ауыз бекітіп, бір уақытта құлшылық етеді. Әлемде мұсылмандардың саны көбейе түскен сайын, отыз күнге созылатын қасиетті айдың мән-мағынасын түсінуге ұмтылатындар қатары да артып келеді. Кей деректерге қарағанда, жер бетіндегі мұсылмандар саны қазір 1,8 миллиардқа жеткен. Оның ішінде Еуропада 44-46 миллион, АҚШ-та – 3,5-7 миллион, Канадада – 1,1 миллион, ал Британияда 3-4 миллион мұсылман тұрады. Исламның бейбітсүйгіш мағынасын өзгертіп, ол туралы түсінікті өзгертуге тырысқандар болғанымен, оның халықаралық ықпалының күшейе түсуіне ешкім тосқауыл бола алмас. Протестанттық Американың өзі ел тұрғындарының ішінде мұсылмандардың қарасы көбеюімен санасып, олардың лайықты құлшылық етуіне жағдай жасайды. Джордж Буштың, Барак Обаманың кезінде Ақ үйде берілген ифтарлар – Ислам дінінің қоғамдық әрі саяси ықпалын мойындаудың көрінісі еді. Қашанда иммигранттарға құшақ жаятын Канада да Рамазан айында премьер-министр Джастин Трюдо мұсылмандармен бірге ауыз ашып, Исламға құрмет көрсетуді өзіне парыз санайды. Жылдағы әдетіне сай, осы аптада Трюдо мырза Рамазан айының келуімен мұсылмандарды алдын ала құттықтады. Одан соң Канадада тұратын жағдайы төмен мұсылман отбасыларына көмек беретін қайырымдылық шарасына қатысып, волонтерлермен бірге білек сыбанып, ас-су тасуға көмектесті. Канада мұсылмандары 1990 жылы Имамдар кеңесін құрған болатын. Жақында Имамдар кеңесі үшінші ресми басқосуын өткізді. Осы шараға да Трюдо арнайы сәлем жолдап, Кеңестің мерейін өсірді. Биыл Канаданың Калгари деп аталатын аймағына Рамазан айында мешіттерде қызмет ету үшін Британиядан арнайы имамдар келген екен.  Бұл айда тарауих оқу үшін мешіттерге келетін жамағаттың қарасы қалыңдағаны сол, жергілікті мешіттерге адам лық толатын болған. Осылайша, әлемнің түкпір-түкпірінде мұсылмандар Рамазанға дайындықты күні бұрын бастаған. Нигерияда шығатын «Nigerian Tribune» газеті мұсылмандарға тән ғана емес, психологиялық, рухани дайындыққа мән беру керектігіне үндейді.  «Next, turn towards the positive, and put it into action - give. Give when you have abundance, and give when you are struggling (remember it doesn't have to involve money). Next, work on controlling your anger and find ways to prevent it before it takes control of you. Need some tips on anger management? Here is a handy article. And finally, learn to pardon and forgive others - out of compassion for their circumstances, lack of understanding, or just for the sake of Allah. This entire process is not easy and comes with a great deal of work, yet the results are rewarding on many levels».

 May 11, 2018

«Сосын жағымды нәрселерге көңіл аударыңыз, іске кірісіңіз – беріңіз. Молшылыққа кенелген кезде де беріңіз және өзіңіз қиыншылыққа тап келген кезде де беріңіз (есіңізде болсын, бұл жерде ақша беруді айтып отырған жоқпыз). Одан кейін ашу-ызаны ырықтауды үйреніп, оның алдын алуға қамданыңыз...Ең бастысы, өзгелерді кешіріңіз және кешірім беруге үйреніңіз – олардың жағдайына түсіністікпен қарағандықтан, тіпті түсіністік болмаса да немесе тек Алланың разылығы үшін. Бұл әрекеттердің бәрін орындау оңай емес, бұған көп қажыр жұмсауға тура келеді, есесіне, оның нәтижесі көптеген деңгейлерде сізді игілікке кенелтеді».  Ораза ұстау жер бетіндегі барлық мұсылмандарға  бірдей парыз болғанымен, тұрғылықты мекеніне байланысты оны ұстау ұзақтығы әртүрлі. Жағрапиялық орналасуына сәйкес, Сауд Арабиясында күннің ұзақтығы жылдың төрт мезгілінде шамалас, сондықтан бұл елде ауыз бекіту ешқашан 15 сағаттан аспайды. Қазақстанның солтүстігінде және Британияда ауыз бекіту ұзақтығы 18 сағат. Бірақ Солтүстік полюске жақын тұратын мұсылман қауымының жағдайы ерек. Мысалы, Исландияның астанасы Рейкьявикте күннің батуы түн жарымына сәйкес келеді де, екі сағаттан соң таң қайта атады. Жалпы, Рейкьявикте 1000-ға жуық мұсылман тұрады екен. Сонда бұл елдің мұсылмандары 22 сағат ораза ұстауы тиіс. Ал Финляндияның солтүстік аймағында жаздың 60 күнінде күн көкжиекке мүлде батпайтын кезі болады.  Осы мәселеге байланысты еуропалық және британдық мұсылман ғалымдары арасында пікір қайшылығы бар. Дегенмен Мысырдың Әл-Азхар университетінің ғұламалары Солтүстік полюс тұрғындарына Меккедегі немесе ең жақын мұсылман мемлекетіндегі күннің батуымен ауыз аша беруге рұқсат еткен. Сондықтан исландиялықтар мен скандинавиялықтар көбіне Түркияның уақытын негізге алып, 22 сағаттың орнына 18 сағат ауыз бекітеді. Ал әлемдегі ең қысқа оразаны Австралияның Сидней қаласында ұстауға болады, бұл қала тұрғындарының оразасы тәулігіне 11,5 сағатқа ғана созылады. Әлемнің көптеген елдерінде, мысалы Мысырда не Сирияда христиандар мұсылмандарды қолдау үшін олармен бірге ауыз бекітетінін білеміз. Мұндай мысалдарды көптеп табуға болады. Америкада түрлі ұйымдар Рамазан айының қадір-қасиетін түсіндіріп, мұсылмандарға қолдау білдіруге шақырады. Мысалы, UniteCloud атты топ мүшелері тұрғындардан садақа жинап, оған құрма сатып алып, бұл құрмаларды жұма намазы кезінде мешіттерде тегін таратады. Бір қорап құрма бұл елде шамамен 9 доллар тұрады, былтыр бұл топ 1000 доллар жинап, соның бәрін құрма үлестіруге жұмсаған. Биыл бұл қайырымдылық шарасын жалғастырып, оның ауқымын кеңейтуді жоспарлап отыр. Жақында америкалық CNN телеарнасы осы елде тұратын мұсылмандардың 80 пайызы ораза ұстайтынын хабарлады. (Сілтемесі: https://edition.cnn.com/2018/05/10/us/ramadan-omar-suleiman/). Бұл «Pew Research Center» деген зерттеу орталығының былтыр жасаған сауалнама нәтижесінің қорытындысы. Бірақ бес уақыт намаз оқитын америкалықтар саны бұдан әлдеқайда аз. АҚШ-та туып-өскен мұсылмандардың 39 пайызы, ал басқа елде дүниеге келіп, кейін Америкаға қоныс аударған мұсылмандардың 44 пайызы ғана намаз оқитынын айтқан. Осы деректерді келтірген  CNN «Неге мұсылмандар Исламның бір шарты Ораза ұстауда ауызбіршілік көрсетіп, ал басқа бір шарты – намаз оқуда мұндай талапты қатаң ұстанбайды?» деген сұрақ қояды. «One clue may lie in a recent Cigna study showing that loneliness has reached epidemic proportions in the United States, with about half of Americans feeling alone or finding that they lack meaningful daily social interactions, such as extended conversations with family or friends. People crave a sense of being valued by others, feeling an attachment to a community, and that may be why so many Muslims hold on to Ramadan, even -- or maybe especially -- when tough times face the community… It's also that positive, feel good representation of unity within diversity and culture that most Muslims want to be a part of, as well as proudly express to the world».

May 10, 2018

«Бұл сұрақтың бір кілті жақында жасалған Cigna зерттеуінде жатқан сияқты, оған сәйкес, АҚШ-та жалғыздық факторы эпидемиялық деңгейге жеткен. Америкалықтардың жартысына жуығы өздерін жалғыз сезінеді, оларға отбасымен, достарымен бірге уақыт өткізу сияқты маңызы жоғары күнделікті қарым-қатынас жетіспейді. Адамдар үшін өзінің өзгелер алдындағы абыройы өте маңызды, олар өздерін қауым мүшесі ретінде сезінгісі келеді, көп мұсылмандардың Рамазанда ораза ұстайтынының себебі осында болар, олар қауым қиын кезеңдерге тап келгенде басқалармен бірге болуға ұмтылады.... Оған қоса, бұл түрлі ұлттар мен мәдениеттер өкілдері арасындағы жүрекжарды бірліктің көрінісі, көптеген мұсылмандар осы бірігудің бір бөлшегі болып, оны барша әлемге паш етуге ықыласты». Жалпы, америкалықтар мұсылмандарға қолдау білдірудің түрлі амалдарын ойластырған. Мысалы, жақында Калифорния университеті мұсылман емес қыздардың басына орамал жауып, оларға хиджаб киюді үйретті. «Хиджабпен ынтымақ күні» деп аталған шара бес күнге жоспарланған Исламды насихаттау жобасының бір тармағы ғана. Мұндай шаралар Британияда жиі ұйымдастырылып отыратынын айту керек. Британ университеттері жыл сайын «Ислам апталығын» өткізеді. Осы апталық кезінде мұсылмандар жергілікті тұрғындарға Құранды, Ислам діні туралы кітаптарды тегін таратып, халал дастарқаннан дәм татқызады, бұған қоса, мұсылман діні туралы сұрақтарға жауап беріп, қыздарға хиджаб орануды үйретіп, басқа да көптеген шаралар ұйымдастыруды әдетке айналдырған. Әйтсе де, британдық мұсылмандар бұл елде Рамазанға әлі де жеткілікті көңіл бөлінбей келеді деген пікірде. «The Guardian» газетінің жазуынша, Британияда Қытайдың Жаңа жылы мен Үндінің Дивали мерекесі кеңінен атап өтіледі, ендеше, мұсылмандардың Рамазан айы мен Ораза айт мерекесіне де көңіл бөлетін уақыт жеткен деседі. (Сілтемесі: https://www.theguardian.com/world/2018/apr/29/ramadan-eid-fun-fashion-halal-lipstick-retailers-economy). Оның үстіне, Рамазанның британ экономикасына тигізетін оң ықпалы көп. Қазіргі таңда көптеген сауда-саттық орындары мұсылман тұтынушыларға арналған тауар түрлерін шығарып, олардың көңілін аулайтын шаралар ұйымдастыруға көшті. Мысалы, биыл Westfield London атты Еуропадағы ең ірі сауда-саттық орталығы тұңғыш рет Ораза айт өткізетінін мәлімдеді. «The Ramadan economy in the UK is worth at least £200m, with supermarket chains such as Tesco, Sainsbury’s, Asda and Morrisons increasingly gearing products, displays and special offers on popular food items to Ramadan in areas with significant Muslim populations. This year, for example, Morrisons is selling a Ramadan countdown calendar, similar to an Advent calendar, aimed at children».

29 April, 2018

«Британиядағы Рамазан экономикасының көлемі ең аз дегенде 200 миллион фунт стерлингке жетеді, оның ішінде Tesco, Sainsbury’s, Asda және Morrisons сияқты супермаркеттер желісі мұсылмандар көп тұратын аймақтарда Рамазан айында көп тұтынатын тауарлар мен азық-түліктерді сатуға арналған арнайы ұсыныстар дайындауға көшті. Мысалы, биыл Morrisons балаларға арнап кері санақ жүргізетін Рамазан күнтізбесін шығарып, сатып жатыр». Жалпы, 2021 жылға қарай Ислам экономикасындағы ақша айналымы 3 триллион фунт стерлингке жетіп, одан әрі еселеп өсетін болады деген болжам бар. Қазірдің өзінде еуропалық елдерде халал мейрамханалар, халал дүкендер, ислам банк жүйесі, халал опа-далап сияқты түрлі индустрия салалары дамып келеді. Тіпті, халал демалыс орындары, халал саяхат, халал дәрі-дәрмек, халал сән үлгісі мен халал  ақпарат құралдары да бар. Мұның бәрі батыстық мемлекеттер үшін әлі толық игерілмеген, болашақта табысы мол болатын бизнес салалары. Әрине, мұсылман емес тұрғындар арасында оразаға қатысты сұрақтар әлі көп. Германияның дәрігерлері жас балалардың ораза ұстауына алаңдаушылық білдіріп, мәлімдеме жариялады. Британдық NHS ұлттық денсаулық сақтау қызметі өз веб-сайтында оразаның денсаулыққа пайдасы туралы пікір жариялаған. Басқа дін өкілдерінің арасында оразаның қадір-қасиетін білмейтіндер көп болғандықтан, әлемдік ақпарат құралдарының көбісі осы күндері Рамазанның мән-маңызын, мақсатын, шарттарын түсіндіретін материалдар жариялап жатыр. Онда ораза ұстаудың шарттары ғана емес, Тарауих намазы, Қадір түні, пітір садақа беру сияқты Рамазан айында орындалатын құлшылықтар тәптіштеп жазылады. Осылайша, Батыс елдерінің тұрғындары Исламның басты шарттарымен танысуда. Мұның өзі Ислам дініне деген құрметті байқатады. Батыс елдері шын Исламның мақсат-мүддесін жат пиғылды ағымдардың насихатынан ажырата бастаған сыңайлы. Рамазанды жатсынбауға қоса, отыз күн бойы нәпсісіне тыйым салған мұсылмандарға деген жанашырлық бары сезіледі.

Ұлыбритания