Қытайда 25 қазаннан бастап күшіне енген жаңа ереже бойынша дипломы жоқ блогерлер енді қаржы, медицина, заң және білім салалары жайлы контент жасай алмайды. Бұл талапты бұзғандар 1,1 млн рубльге дейін айыппұл төлеп, аккаунтынан біржола айырылуы мүмкін, деп хабарлайды turkystan.kz moroccoworldnews.com-ға сілтеме жасап.
Жаңа заңды Қытайдың Киберкеңістік басқармасы (CAC) қабылдаған. Мақсат – әлеуметтік желілерде жалған ақпараттың таралуын тежеу және азаматтарды зиянды кеңестерден қорғау. Енді блогерлер осы салаларда контент жариялау үшін ресми диплом немесе кәсіби лицензия ұсынуы тиіс.
Douyin (TikTok-тың қытайлық нұсқасы), Bilibili және Weibo сияқты платформалар авторлардың біліктілігін тексеріп, олардың жазбаларында дереккөздер мен ескертпелердің дұрыс көрсетілгенін қадағалайды.
Сонымен қатар блогерлерге брендтік сөмкелерді, қымбат көліктер мен шетелдік демалыстарды көрсетуге де тыйым салынды, билік мұны «жастарға кері әсер етеді» деп санайды.
Сыншылар бұл шараны цензураның жаңа түрі деп бағалап, пікір еркіндігі шектеледі деп алаңдауда. Дегенмен кей сарапшылардың пікірінше, мұндай қадам тек кәсіби мамандардың нақты, сенімді ақпарат таратуына жол ашады.