Қазақ әскерінің күні қалай тойланады?

Қазақ әскерінің күні қалай тойланады?

Қазақ әскерінің күні қалай тойланады?
ашық дереккөзі
516
Бұл күннің мемлекеттік мерекеге айналғанына биыл алтыншы жыл. Бірақ әлі де болса атаулы күн бүкілхалықтық мерекеге айнала қойған жоқ. Жасыратыны жоқ, ел ішінде әлі де болса Кеңес әскерінің құрылған күнін мереке санап жүргендер бар. Осының салдарынан болар, 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні жетім қыздың күйін кешіп, көп ретте сырт қалып келеді. Ал қазақ әскерінің күнін жалпыхалықтық мейрамға қалай айналдырамыз? Ол үшін не істеу керек? Осы сауалдарды газетіміздің оқырмандарына қойып көрген едік. Жауаптар төмендегідей болды.   Қуандық ТҮМЕНБАЙ, жазушы:  width= – Шын мәнінде, әскерлер күнінің аталғаны орынды. Мұндай мейрамды атап өтудің несі айып?! Мемлекеттік мереке ретінде күнтізбеге енгізілгенімен, бұл күнге біздің әзірге құлағымыз үйренбеді. Ол үшін уақыт керек. Оның үстіне, бұл мереке 1 мамыр мен 9 мамыр мейрамдарының ортасында қысылып тұр. Дегенмен уақыт өте келе бұл мейрамға да бүкіл жұрт үйреніседі. Әсіресе, ауылдағы жұртшылық бұл мейрамнан хабарсыз. Жыл сайын ұйымдастырылатын әскери шеруді ауылдарда да ұйымдастыру керек. Қазақша бағдарламалар арқылы насихаттау керек. Сонда бұл мейрамды бәрі мойындайтын болады.   Ғани Мәтебаев, әнші:  width= – 7 мамырды мемлекеттік мереке ретінде белгіледік. Осы мерекенің өзі бейбітшіліктің, елдегі тыныштықтың, тұрақтылықтың белгісі іспеттес. Бірақ Отан қорғаушылар күнін дүбірлетіп тойлатудың қажеті шамалы. Бір қынжылтатыны, 7 мамырды «қыздар мерекесіне жауап мереке» ретінде қабылдайтындар көп. Бұл күннің астарына, ұлттық әскеріміздің жайына назар салатындар аз. Бұрындары 23 ақпанды атап өтетін едік. Қазіргі Отан қорғаушылар күні сол мерекенің биігіне жете қойған жоқ. Бірақ мен оған еш ренжімеймін. Себебі Кеңес әскерінің күні тойланатын кезеңде одақта тыныштық, тұрақтылық болды деп айта алмаймыз. Ал тәуелсіз қазақ еліндегі Отан қорғаушылар күні еліміздің бейбітшілігін, татулығын, тұрақтылығы мен тыныштығын әспеттейтін мереке болуы тиіс.   Мейірбек СҰЛТАНХАН, айтыскер ақын:  width= – 7 мамыр – тәуелсіз ел болып, егемендік алғалы тойланып келе жатқан мерекеміз. Бірақ әлі күнге біздің қоғамда кеңестік заманның сарқыншақтары көрініс тауып келеді. Бұрын мектепте бізге 23 ақпанда сыйлық беретін-тұғын. Ал кейінгі жылдары 7 мамыр күні тойланатын болды. Біздегі бір әттеген-ай, жоғары жақтағы шенділердің ішінде де 23 ақпанды аңсап, сол күнді көксейтіндер кездеседі. «Рухани жаңғырудың» негізі өзіміздің ұлттық мерекелерді тойлаудан басталады. Әрине, Отан қорғаушылар күні кемшін тойланып жатыр деп сан соға алмаймыз. Өйткені қазір 7 мамыр жоғары деңгейде тойланып жатыр. Әр кезеңнің өз батыры болды ғой. Сол секілді біздің ІІ дүниежүзілік соғыстағы батырларымыз, қазақтан тұңғыш ғарышқа ұшқан Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев секілді ерлерді ұлықтайтын фильмдерді неге шығармасқа?! Біздің бір кемшін тұсымыз – өз батырларымызды насихаттауға мән бермейтіндігіміз. Әсіресе, кино саласында. «Қасым» сериалынан кейін жоғары деңгейде түсірілген туындылар жоқтың қасы. Қасым Қайсеновтен өзге Сағадат Нұрмағамбетов, Талғат Бигелдинов, Хиуаз Доспанова, Боран Нысанбаев сынды қазақтың батырларын насихаттауды қолға алып, жастардың санасына патриоттықты сіңірсе, алдағы уақытта бәрі де реттеледі.   Бауыржан Жақсымбет, журналист:  width= – Біз тәуелсіз Қазақстанның, егемен елдің перзенттеріміз. Кеңес дәуірін көргеніміз жоқ. Соған қарамастан, мектеп қабырғасында жүргенде 23 ақпанды жігіттердің мерекесі ретінде тойлайтынбыз. Ал қазір өз әскеріміздің күні белгіленген. 7 мамырдың мемлекеттік мереке ретінде бекітілгені құптарлық іс болды. Еліміздің тыныштығын күзетіп, айбынымызды асқақтататын Отан қорғаушылардың беделі биік болуы тиіс. Сол себепті де, бұл мерекенің жалпыхалықтық сипат алғаны аса маңызды. Ал ол үшін әр адам мерекені өз деңгейінде қабылдауды өзінен бастауы тиіс. Қазір 7 мамыр халықтың басым көпшілігі үшін әдеттегі күнтізбелік күндердің бірі ретінде қабылданады. Бірақ Отан қорғаушылар күні мемлекет тарапынан жоғары деңгейде атап өтіледі. Дәл осы күні ерекше әскери шеру ұйымдастырылады. Жұрт осы шеруді жыл сайын асыға күтетіндей болуы керек. Әр мерекенің өзіндік ерекшелігі, әр мейрамның өз символы бар. Мәселен, Наурызда – наурыз көже, 8 наурызда – гүл шоқтары, тағысын тағылар. Сол секілді әскери шеру – Отан қорғаушылар күнінің символына айналса, құба құп болар еді.

Серіктес жаңалықтары