347
Каспийдің арғы беті, бергі беті
Каспийдің арғы беті, бергі беті
Каспий – қазақтың ырысын молайтып, берекесін еселеген қазына көзі ғана емес, жағалауындағы елдермен ынтымағын жарастырған достық көпірі. Қазақстан қарт теңізді қатар емген мемлекеттермен тату көрші, ниеттес әріптес. Соңғы жылдары, әсіресе Әзірбайжанмен саяси һәм экономикалық байланыстар нығайып келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жуырда Әзірбайжан президенті болып қайта сайланған Ильхам Әлиевпен ынтымақтасып жұмыс істеуді жалғастырмақ.
15 жыл бұрын қайтыс болған әкесінің орнын басып, Әзірбайжан елінің тізгінін қолға алған Ильхам Әлиев 11 сәуірде өткен президент сайлауында тағы да жеңіске жетті. Бұл оның төртінші мәрте қайта сайлануы. Сайлаушылардың 86 пайыз дауысына ие болған Әлиев өз саясатын алдағы 7 жылда алаңсыз жүргізеді.
Әзірбайжандағы кезекті президенттік сайлауы 2018 жылдың қазан айында өтуі тиіс болатын. Алайда, Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиевтің президенттік сайлауды 2018 жылдың 11 сәуіріне тағайындау туралы өкімі 5 ақпан күні жарияланды. Уақыт тығыз болғандықтан елдегі оппозиция өкілдері таққа таласқа дайындалып үлгермеді. Десе де, мемлекеттің келесі басшысы болуға Ильхам Әлиевтен бөлек 7 адам үміт білдірді: өзін-өзі ұсынушы Захида Оруджа, Социал-демократиялық партиясының өкілі Араз Ализаде, Біртұтас халық майданы партиясынан Гудрат Гасангулиев, «Ұлттық өрлеу қозғалысы» партиясы атынан Фарад Гулиев, «Жаңа Мусават» партиясынан Хафиз Гуджиев, Ұлттық майдан топтарының өкілі Рази Нуруллаев, Әзірбайжан демократиялық партиясының мүшесі Сардар Мамедов. Үміткер ретінде тіркелгенімен, сайлауалды науқаны кезінде олардың ешбірі белсенділік танытпады. Тіпті, сайлау кезінде дауыс беріп шыққан үш үміткер Ильхам Әлиевтің кандидатурасына қолдау білдіргендерін айтты.
Ресми Баку Әлиевтің қарсыластары бәсекелеспек түгілі, қарсылас кейпін таныта алмайтынын әу баста-ақ түсінген. Сайлауалды шараларға қатысушылардың айтуынша, сайлаушылар өздерінің алдарында сөйлеп тұрған адамның кім екенін де танымаған. Сондықтан сайлауда кім жеңеді деген сұрақ ешкімді мазалай қоймағаны анық. Сәуір айының басында жүргізілген қоғамдық пікірді зерттеу нәтижесі сайлауға қатысуға ниетті әзірбайжандықтардың 85 пайызы Ильхам Әлиевке дауыс беретінін көрсеткен еді.
Кезектен тыс президент сайлауына әзірбайжандықтардың 74,5 пайызы қатысты. Ел конституциясында «президент сайлауында халықтың осынша пайызы дауыс беруі керек» деген талап жоқ. Қанша адам дауыс берсе де сайлау өтті деп саналады. Халықаралық бақылаушылар саяси науқанның ашық әрі демократиялық талаптарға сай өткенін мәлімдеді. Олардың айтуынша, дауыс беру кезінде бірде-бір заңсыздық тіркелмеген. Алайда Human Rights Watch (HRW) халықаралық ұйымының пікірінше, сайлау науқанында сайлаушыларға «шынайы таңдау еркіндігі» берілмеген. Әзірбайжандағы басты оппозициялық партиялар да сайлау нәтижелері бұрмаланғанын алға тартып, оған бойкот жариялады.
Қалай болғанда да, билік басындағы «Жаңа Әзірбайжан» партиясы атынан сайлауға түсіп, қарсыластарынан оқ бойы озып шыққан Ильхам Әлиевтің жеңісіне халықаралық қауымдастық шүбә келтірмеді. «Мен халқымның жетістіктер және жеңістерімізге дауыс бергені үшін алғысымды білдіремін. Халық тұрақтылық, қауіпсіздік және даму үшін дауыс берді», ‒ деді қайта сайланған президент сайлау нәтижелері жарияланғаннан кейін сөйлеген сөзінде.
Әзірбайжан Республикасының президенті лауазымына қайта сайланған Ильхам Әлиевті сайлаудағы жеңісімен алғашқылардың бірі болып Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев құттықтады. «Өткен сайлаудағы жеңісіңіз азаматтардың әл-ауқатын одан әрі арттыруға және мемлекетіңіздің халықаралық аренадағы беделін нығайтуға бағытталған Сіздің саясатыңызға Әзірбайжан халқының көрсеткен жоғары қолдауының дәлелі болып саналады. Бауырлас Әзірбайжан елінің өркендеуі жолындағы жауапты қызметіңізде жаңа табыстарға қол жеткізуіңізге және алдағы барлық жоспарыңыздың сәтті іске асырылуына тілектеспін.
Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы берік достық пен сенімге негізделген қарым-қатынастарды нығайтуға зор үлес қосқаныңызды да атап өткім келеді. Екі ел арасында қалыптасқан стратегиялық ынтымақтастық халықтарымыздың жарқын болашағы үшін одан әрі қарқынды дами беретініне кәміл сенемін», – делінген Бакуге жолданған жеделхатта.
Тарихи және мәдени байланыстарға негізделген қазақ-әзірбайжан достығының тамыры тереңнен бастау алады. Алайда түркітілдес елдер саналатын әрі Кеңес Одағының аясында бірге өмір сүрген Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар тек КСРО күйрегеннен кейін, 1992 жылдың 27 тамызында орнады. Десе де, мемлекеттер 25 жылдың ішінде саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстары берік серіктестерге айналды. Қазақстан мен Әзірбайжан арасында бүгінге дейін жүздеген құжатқа қол қойылып, экономикалық ынтымақтастық жөніндегі ортақ парламентаралық комиссиясы табысты жұмыс атқаруда.
Қос мемлекет арасындағы ынтымақтастықтың маңызды аспектілерінің бірі – транзиттік әлеует. Әзірбайжан арқылы өтетін Кавказдық бағыт Қазақстанға еуропалық нарыққа шығуға мүмкіндік береді. Ал Қазақстан Әзірбайжанға Орталық Азия мен Қытай нарығына шығуға жол ашады. 10 жылдан бері Бакуде жылына 350 мың тоннаға дейін ауыстырып тиеу қуаты бар және бір мезгілде 15 мың тонна астық сақтай алатын сыйымдылығы бар «Баку астық терминалы» ЖШҚ бірлескен кәсіпорны жұмыс жасап келеді. Әзірбайжанды жоғары сапалы астықпен қамтамасыз етумен қатар, кәсіпорын Қазақстан астығын Кавказ және Қара теңіз өңірлерінің мемлекеттеріне, ЕО елдеріне экспорттайды. Индустрияландыру картасы аясында Әзірбайжан компаниясы – «Азерсун Өндіріс және Логистика Орталығы» ЖШС-нің «Ақтау теңіз порты» АЭА-да азық-түлік тауарларын сақтау үшін ауданы 178,7 мың шаршы метр болатын қоймалық орынжайлар құру жобасы іске асты. Жобаның жалпы құны 1,4 млрд теңгені құрайды.
Қазақстан Әзірбайжанға теміржол және трамвай локомотивінің жабдықтарын, қара металл, жанар-жағармай, құрылыс материалдарын экспорттайды. Ал Қазақстан Әзірбайжаннан қант және кондитерлік өнімдер, қара металдан жасалған өнімдер, көкөніс пен дәндер, текстиль өнімдері мен электр құрал-жабдықтарын тасымалдайды.
Екі ел үшін маңызды жобалардың бірі – Құрық порты. Киелі Маңғыстау жерінен артылған жүк Әзірбайжан арқылы Кавказ, Түркия және Еуропа елдеріне жол тартады. Алдағы уақытта да дәл осы Құрық порты арқылы байланыс тереңдей түспек. Маңғыстау облысы мен Әзірбайжан Республикасы арасындағы ішкі сауда айналымы 2017 жылдың қаңтар-қазан айлары бойынша 41,2 млн АҚШ долларын құрады. Оның ішінде 26,1 млн АҚШ доллары экспорт үлесіне, 15,1 млн АҚШ доллары импортқа тиесілі. Бүгінде аймақтағы 52 мекемеде әзірбайжандық компаниялардың үлесі бар.
Қазақ-әзірбайжан ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеруде Елбасының 2017 жылдың сәуірінде Әзірбайжанға жасаған ресми сапарының маңызы ерек. Елбасы сапары барысында екі елдің сыртқы саясат ведомстволары 2017-2018 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасын бекітті. Сондай-ақ, Қазақстан мен Әзірбайжан үкіметтері арасында қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтарудың алдын алу туралы 1996 жылғы 16 қыркүйектегі Конвенцияға түзетулер енгізуді қарастыратын Хаттамаға қол қойылды. «Қазақстан темір жолы» АҚ мен «Азербайджан демир йоллары» ЖАҚ логистика мен теміржол көлігі саласында стратегиялық ынтымақтастық жасасуға келісті. Бұған қоса, халықаралық автокөлік қатынасы туралы, өсімдікті қорғау және карантин саласында ынтымақтасу туралы келісімдер де бекітілді.
Сол жолы Ильхам Әлиевпен кездесуінде Елбасы 140 миллион доллар көлеміндегі өзара сауда-саттықтың өте аз екенін және елдер мүдделеріне жауап бермейтінін нықтап, екі ел арасындағы тауар айналымының көлемін айтарлықтай арттырудың мүмкіндіктері мол екенін айтқан еді. Бұл ойын ақпарат құралдарына арналған брифинг кезінде әрі сабақтаған Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, сауда-экономикалық байланыстарда іске асырыла қоймаған резервтер бар: «Біздің елдеріміз екіжақты сауданы ары қарай өрістету үшін осы резервті пайдаланулары тиіс. Қазақстан Әзірбайжанға металл өнімдерін жеткізуге дайын. Қазір локомотивтерді экспорттай бастадық. Әзірбайжаннан әкелінетін тек көкөніс өнімдерінің жалпы көлемі бір жылда 12 есе өсті. Келісімді қимылдасақ, таяу уақытта өзара тауар айналымды 500 миллион долларға дейін арттыра аламыз», ‒ деді Қазақстан Президенті. Әріптестіктің әлеуеті артса, екі елдің де ұтылмасы анық.
P.S: Әзірбайжан десе, өткен жылы елді дүрліктірген 250 млн доллар еске түседі. Қазақстанның бірыңғай зейнетақы қорындағы 71,3 млрд теңге (250 млн доллар) салынған Әзірбайжанның Халықаралық банкі банкротқа ұшырағанын естігенде, тірнектеп жинаған ақшамыз желге ұшты ма деп алаңдады жұрт. Алайда Әзірбайжанның ұлттық валютасының құнсыздануы мен мұнай бағасының құлдырауы салдарынан туындаған бұл мәселе Қазақстанның қаржысына қауіп төндірген жоқ. Тұйыққа тірелген банктің облигациялары Әзірбайжанның дербес облигацияларына ауыстырылған. Әзірбайжан Қазақстаннан алған 250 млн АҚШ долларын 3,5 пайыздық мөлшерлемемен 15 жылда қайтаратын болды. Келеңсіз жағдай екі елдің ширек ғасырдан бергі достығына сызат түсірген жоқ.