Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында мәслихат депутаттарын сайлау жалғасып жатыр. Саяси науқанға аудан тұрғындары белсенді қатысуда, деп хабарлайды turkystan.kz.
Дауыс берушілердің қатарында биыл 102 жасқа толған Тәжбен Исабекова да бар. Ғасырдан астам ғұмыр кешкен қария денсаулығына байланысты сайлау учаскесіне бармай, өз үйінде дауыс берген.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, әже сайлау рәсімінен кейін ақ батасын беріп, елдің амандығы мен халықтың бірлігін тіледі.
«Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Ел тізгінін ұстайтын азаматтарымыз халықтың қамын ойлап, елге адал қызмет етсін. Ұрпағымыздың болашағы жарқын, ынтымағымыз берік болсын», – деді Тәжбен Исабекова.