Атырау облысында мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауында 278 дауыс беру учаскесі жұмыс істеп жатыр. Өңірде 425 095 азамат саяси науқанға қатысып, дауыс беру құқығына ие, деп хабарлайды turkystan.kz.
Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әсия Қыстаубаеваның айтуынша, облыста барлығы 374 сайлау комиссиясы қызмет етіп жатыр. Оның 9-ы – аумақтық, 87-сі – округтік, 278-і – учаскелік.
Жалпы комиссия мүшелерінің саны – 2536 адам. Дауыс беру сағат 07:00-де басталған. Ал Атырау қаласындағы әскери бөлімдерде орналасқан екі учаске сағат 06:00-де жұмысын бастады,-деді Әсия Қыстаубаева.
Бірмандаттық сайлау округтері бойынша бюллетеньдерге 375 кандидаттың есімі жазылған. Оның ішінде облыстық мәслихаттың 15 округі бойынша – 45, қалалық мәслихаттың 25 округі бойынша – 75, аудандық мәслихаттардың 85 округі бойынша 255 кандидат тіркелген.
Сонымен қатар 6 партия облыстық мәслихат депутаттығына жалпы саны 45 адамнан тұратын партиялық тізімдерін ұсынған.
Өңірде алғаш рет дауыс беретін 3242 жас бар. Ал мүгедектігі бар сайлаушылардың саны – 3341. Оның ішінде 641 адам кресло-арбаны пайдаланады, 1837-сінің көру қабілеті, 863-інің есту қабілеті бойынша мүгедектігі бар.
Мүгедектігі бар азаматтардың тіркелген жері бойынша 265 сайлау учаскесі қарастырылған. Бұл учаскелердегі дауыс беруге арналған үй-жайлар ғимараттардың бірінші қабатында орналасқан. Олар пандустармен, тактильді көрсеткіштермен, арнайы бұрыштармен және бейімделген кабиналармен жабдықталған.
Жергілікті атқарушы органдардың мәліметінше, дауыс беру күні инватакси қызметіне 145 көлік жұмылдырылған. Қажет болған жағдайда сайлаушыларға сурдоаудармашылардың көмегі де көрсетіледі.
Бұдан бөлек, сайлаушылар саны 1000-нан асатын 211 учаске жанынан азаматтардың тіркелген сайлау учаскесін анықтауға арналған онлайн-сервис орталықтары ашылған. Ал Атырау қаласында уақытша тіркеу үшін алты арнайы сервистік орталық жұмыс істейді.
Айта кетейік, бүгін Атырау қаласында қоғамдық көлік тегін қатынайды.