Камзол киіп, кальян шеккендер

Камзол киіп, кальян шеккендер

Камзол киіп, кальян шеккендер
ашық дереккөзі
835
Бір ай тойланатын наурызды бір күн тойлап тастайтын қазақпыз. Қаңтар бойы қаланы шыршамен әсемдеп, бір жыл бойы қоймаға киіз үйді жинап қоятын xалықпыз. Мерекелерде ұлттық киіммен қаздай қатар тізіліп тұрамыз. Ұлыстың ұлы күні – Наурызда болмаса, ұлттық киім киіп жүрген қыз-бозбаланы көрдіңіз бе?! Ауылда иығына шапан жауып жүрген қарияға да зар боп қалдық қазір. Ұлттық киім киген жан іздесеңіз, сіздерге қайдан табу керек екенін айтайын. Дәл қазір біздің ұлттық киімдеріміз театрландырылған қойылымнан әрі аса алмай тұр. Әрине, көпке топырақ шашпаймын, жарастырып, сәнін келтіріп киіп жүргендер де бар. Тек бағасын естісеңіз,  шошып кетесіз. Қазіргі ұлттық киімдеріміздің бағасы удай. Күнделікті қолданбаған соң, сықақшы Тұрсынбек Қабатов айтпақшы, жағдай былай болады: «Қазақтың ұлттық киімдері наурызда ғана қоймадан шығады. Балақтарында былтырғы балшықтар жүреді, оны сүртіп-сүртіп жібересің-дағы түскі 3-ке дейін киіп, қайтадан бір жыл қоймаға салып қоясың». Жай ғана әзіл болғанымен, астарында шындық жатыр. Тіпті, оны қор қылатындар да аз емес. Қазақтың жылына бір рет жарыққа шығатын ұлттық киімін киіп алып, шетелдің биін билейтіндерді қайтерсің. Сондайларды көргенде іштей налисың. 22 наурыз күні қазақтың ұлттық қамзолын киіп, кальян шеккен жастарға не дейсіз?! «Құдайын құбыладан емес, құмырадан іздегендер-ай» деп, бір өкпеңді айтып аласың өмірге. Өзіміздің қос етекті көйлекті емес, өзгенің сән үлгісіндегі жыртық джинсиын киіп жүреміз. Тараз қаласының тұрғыны Ләззат Мырзаш үстінен жарасымды қазақша көйлегін тастаған емес. Ең бастысы, ол қасиетті Меккедегі қағбаны да сол ұлттық киіммен айналып өткен. Және сол жерде «Бұл қай ұлттың киімі? Сонда сен қазақсың ба?», – деп сұрап, қызығушылық танытқандар көп болыпты. Ол  «ұлттық киімді ұлы елге танытып келдім» деп мәз. Тағы үлгі алар қызымыз – Қазақ радиосының жүргізушісі Жазира Амантайқызы. Ол жұмысқа үнемі ұлттық киімін киіп және ұлтымыздың әсем оюларымен көмкерілген әшекейлер тағып келеді. Көпшіліктің айтуынша, жып-жинақы қазақы киімдер өте қымбат. Бірақ елімізге белгілі дизайнер Евгения Жандарбаева «Заттардың барлығын шет елден алдыртамыз. Соңғы уақытта қазақтың әшекейлері, оюлармен көмкерілген футболкалар мен жейделер шығарылуда», – дегенді айтады. Дәл қазіргі уақытта біздің ұлттық шапанымызды бокс пен күрес алаңына киіп шығатындар саны да артып келеді. Тіпті, әлемге әйгілі жандардың да иығына шапан жаптық. Олар да дән риза. Елбасы Н.Назарбаевтың 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күнінде: «Осы біздің ұлттық киіміміз бізден гөрі, өзге ұлтқа жақсы жарасып тұрады, біздің де жастар осылай киіп алса болады ғой», – деген еді. Ащы айтылса да, шындық. Ақылдың таразысына салар болсақ, ұлттық киімді брендке айналдырудан асқан дұрыс үкім жоқ секілді. «Адам ессіз болып өмірге келеді, есалаң боп өмір сүреді, есі кірген кезде өмірден өтеді» демекші, өлмес бұрын есті әңгімелерді естіртсем деген дұрыс ой мен ниет қой біздікі.  

Әсел Асылбек,

студент

Серіктес жаңалықтары