Бес әлеуметтік бастамаға 2 трлн 600 млрд теңге бағытталмақ

Бес әлеуметтік бастамаға 2 трлн 600 млрд теңге бағытталмақ

Бес әлеуметтік бастамаға 2 трлн 600 млрд теңге бағытталмақ
ашық дереккөзі
230
Ел Президенті жариялаған Бес әлеуметтік бастаманы жүзеге асыру үшін 2 трлн 600 млрд теңге жұмсау жоспарлануда. Бұл туралы елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында өтіп жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVІ сессиясында Президент Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Бірден айтарым - бұл мемлекет үшін арзанға түсіп отырған жоқ. Бес әлеуметтік бағдарламаны жүзеге асыру үшін 2 трлн 600 млрд теңге бағыттау жоспарланып отыр. Бұл - аса ауқымды қаражат. Бұл - біздің азаматтарға және болашаққа салынған салым. Біз азаматтардың әл-ауқатын арттыру үшін осыншама қаражатты жинай алдық. Біздің халық осыны лайықты бағалар деген үміттемін. Осындай саясатты ары қарай жалғастыра береміз», - деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев Бес әлеуметтік бастама - азаматтардың әл-ауқатын көтеруге бағытталған бес ауқымды әлеуметтік жоба екенін айтты. «Ең бастысы - осылардың барлығы да әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын арттыру үшін бүкіл қоғамға бағытталған. Бұл жалпыұлттық бағдарламалар. Мен осы жұмысқа мақсаттарды жүзеге асыру үшін «Нұр Отан» партиясымен бірге Ассамблеяның араласқанын қалар едім», - деді Елбасы. Айта кетсек, елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVІ сессиясы өтіп жатыр. «Бес әлеуметтік бастама - қоғамның әлеуметтік бірлігінің тұғыры» деген күн тәртібімен басталған сессия жұмысына 1 500-ден астам адам қатысуда. Олардың қатарында елдің барлық өңірлерінен келген Ассамблеяның ардагерлері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің төрағалары, Парламент депутаттары, орталық атқарушы органдардың, саяси партиялардың, діни бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, ЖОО ректорлары, шет мемлекеттердің дипломатиялық миссияларының, ғылыми, шығармашыл зиялы қауымның және БАҚ-тың өкілдері бар. Сессия соңында салтанатты концерт өтеді.

Серіктес жаңалықтары