Көлсай құрғап қала ма?

Көлсай құрғап қала ма?

Көлсай құрғап қала ма?
ашық дереккөзі
412
Неге екенін кім білсін, биыл елімізде табиғат апаттары жиі тіркелді. Әсіресе, таулы аймақтарда. Су тасқыны, жер сілкінісі, тоқтаусыз жауған жауын-шашын жұртшылықты әбден әбігерге салған. Ендігі қауіп табиғаттың жауһары саналатын Көлсайға төнді. Алматы облысы, Кеген ауданындағы топырақ көшкіні 22 сәуір күні Көлсай өзенінің арнасына жетіп қалды. Бірнеше күн бойы тоқтаусыз жауған жауын мен зілзала салдарынан таулар қозғала бастаған. Тоқтаусыз жылжыған жоталар Ұлттық паркке баратын жолды да басып қалған болатын. Теңіз деңгейінен 2700 метр биіктікте орналасқан, ұзындығы 450, ені 330 метрге жететін Көлсай аймағы бірнеше көлдерден тұрады. Қазір жұрт назары жер жәннаты – Жетісудің ажарын әрлеп тұрған осы бір мекенге ауып отыр.

19 сәуір: Ашық күнде жылжыған жер

Көлсай өзенінің оң жағасындағы Малыбек шоқысының батысынан көшкін басталды. Ақырын жылжыған топырақ массасы әуелде Сатыдан Көлсайға баратын автомобиль жолын жаба бастады. Табиғаттың тосын мінезін алғашқылардың бірі болып байқап, оқиға орнына жауапты азаматтарды шақырған жергілікті шопандардың бірі. Таудың бөлініп жатқанын байқап, гүрілдеген дауысты естіген азамат бірден ауыл әкіміне хабар жеткізген. Төтенше хабарды естіген ауыл басшысы «Көлсай көлдері» ұлттық паркі директорының орынбасарымен бірге тез арада оқиға орнына келді. Қуантарлығы, көшкіннен зардап шеккендер жоқ, айтарлықтай шығын да тіркелмеді. Лай көшкіні адам тығыз қоныстанған елді мекеннен 5 шақырым қашықтықта орын алған. Сондықтан құтқарушылар тұрғындарға еш қауіп төніп тұрмағанын айтады. Мамандардың айтуынша, көшкен топырақ көлемі 45-50 млн текше метр. Көшкін Көлсай өзені арнасын толтырып тастауы мүмкін. Бірақ Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың жетекшілігімен өткен шұғыл штаб басындағы жиында «Қазселденқорғау» мекемесінің басшысы Тоқтар Баймолдаев эвакуациялық каналдар немесе жару жұмыстарын жүргізу арқылы өзен ағысын қамтамасыз етуге болатындығын атап айтты. «Опырылған лай көшкіні Көлсай өзенінің арнасына жетті. Топырақтың қозғалысы сағатына бір метрден жылжуда. Топырақ өзеннің арнасын жауып тастауы мүмкін. Бірақ өзен жаңа арнамен ағуы ықтимал. Қазір одан екі текше метр су өтіп жатыр. Мамыр айының аяғы мен маусымның басында өткізілетін су көлемі 30 текше метрге жетеді. Топырақ массасы көл суы арқылы шайылады. Бірақ бұл көл түбінде кішкентай бөлшектердің пайда болуына ықпал етіп, оның арнасынан асуына алып келуі мүмкін. Біз су өткізуді эвакуациялық канал арқылы қамтамасыз етсек дейміз. Бұл орайда жарылыс жұмыстары қолданылуы мүмкін», – деді Тоқтар Баймолдаев. Ал өңір басшысы барлық тау бөктерін, елді мекендер маңын мұқият зерттеп, қауіпсіздікті күшейту қажеттігін ескертті. Топырақ көшкініне 8 сәуірде Саты маңында болған жер сілкінісі мен толассыз жауған жаңбыр суы себеп болғанын өңір басшысы тағы да еске салды. Айта кетейік, жыл басынан бері Алматы облысында 6 жер сілкінісі тіркелді. Оқиға болған аумақтан тектоникалық жарықтың өтетінін ескерсек, сол маңдағы қауіпсіздікті күшейту аса маңызды. «Қазселденқорғау» басшысы өзеннің төменгі ағысындағы Алғабас елді мекеніне дейінгі аралықта өзен түбіне ұсақ бөлшектердің отырып қалғандығынан судың жайылуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Бірақ облыс әкімі мұндай жағдайға жол бермейтіндігін кесіп айтты. Десек те, мұндай табиғи апат кезінде «сақтықта қорлық жоқ» екенін есте ұстаған абзал.

22 сәуір: Тау көшкінін қалай тоқтатамыз?

Қазақстанның ең сұлу тау көлдеріне төтенше қауіп төнгенін білген Алматы облысының әкімі Амандық Баталов шұғыл түрде оқиға орнына жетті. Өңір басшысы жағдайды бірден өз бақылауына алды. Амандық Баталов электр желілерінің айналма жолын және геологиялық жағдайларды ескере отырып, жол салу жұмыстарын жалғастыруды міндеттеді. «Көлсайға баратын жолды, қалай болғанда да, қалпына келтіру керек. Егер ол мүмкін болмаса, тау қыртыстарының ерекшеліктерін зерттеп, айналма жол салу қажет. Алдымен «Көлсай көлдері» демалыс орнына тартылған электр бағаналарын жөндеуді қолға аламыз», – деді Алматы облысының әкімі. Қазір Райымбек ауданының шенеуніктері де, құтқарушылар да тайлы-тұяғымен оқиға орнында жүр. Олар тау бөктерлерін жан-жақты зерттеп, апаттың алдын алуға тырысуда. Ал қауіптің әзір сейілетін түрі жоқ. Егер топырақ көшкіні Көлсай өзені аңғарын жауып тастаса, осы аймақты су басуы ықтимал. Мамандар соңғы 50 жылда Қазақстанда мұндай апат болмағандығын айтуда. Олардың бағалауынша, бұл табиғат апаты Қазақстан тауларында бұрын-соңды болмаған ең көлемді сырғыма. «Тау топырағы өзеннің арнасын жауып тастауы мүмкін. Ал өзен суы басқа жолдармен ағуы да ықтимал. Содан топырақ массасы өзен суымен шайылады. Біз су өткізуді эвакуациялық канал арқылы қамтамасыз етсек дейміз. Бұл орайда жарылыс жұмыстары қолданылуы мүмкін», – дейді Ішкі істер вице-министрі Юрий Ильин. Вице-министрдің айтуынша, қазіргі кезде көшкін оңтүстік және солтүстік учаскеге бөлінген. Көлсай өзені арнасына жақындаған оңтүстік учаскеде тау жыныстарының қозғалуы біршама баяу жылжып келеді. Солтүстік учаскеде өзенге дейін 60 метр қашықтық қалды. Қазір тау көшкінін қолмен тоқтату мүмкін болмай отыр. Сондықтан Төтенше жағдай қызметі ықтимал қауіптің алдын алуға бел шеше кірісті. Экологтар аймақтағы табиғи жағдай өзгеріске ұшырай ма деп алаңдаулы. Көшкін қазіргі қалыпта жалғаса беретін болса, Көлсай көлдерінің маңындағы флора мен фаунаға кері әсер етуі мүмкін. Ал География институтының мамандары Алматыға жақын орналасқан таулы қыраттардың барлығында топырақ көшуі мүмкін екендігін айтып, дабыл қағуда. Көшкіннің басталуына биыл жауын-шашынның көп мөлшерде түсуі түрткі болуы ықтимал. Климаттың өзгеруіне орай топырақ сырғу қаупі күннен-күнге күшейіп келеді. Сондықтан мамандар кез келген тосын жағдайға әзір болу керектігін айтып отыр. P.S:Естеріңізде болса, осыдан 14 жыл бұрын Алматы облысының Талғар ауданында топырақ көшіп, 28 адам қаза тапқан. Ал 2016 жылы Ақсай шатқалының етегіндегі бірнеше саяжайды лай басып қалды. Бұл апаттардың бәріне жер сілкінісі мен жауын-шашынның көп мөлшерде түсуі себеп болған. Сондай-ақ, Алматы маңында таудың қыртысына баспана салатындар да жағдайды қиындатып отыр.    

Серіктес жаңалықтары