Қазақ елі киіктерін санауға кірісті

Қазақ елі киіктерін санауға кірісті

Қазақ елі киіктерін санауға кірісті
ашық дереккөзі
Даланың сұлу жануары киіктерді қорғау, оларды сақтап қалу өте маңызды. Сол себепті мамандар жыл сайын ақбөкендердің санағын жүргізеді. Қазір Ақтөбе облысындағы сұлу жануарлардың саны анықталуда. Биыл киіктерге санақ жүргізудің әдісі өзгерді. Енді ғалымдар киіктердің саны мен жайылым өрісін әуе арқылы бақылайды. Мұндай мүмкіндікке дрон аппараттары арқылы қол жеткізіліп отыр. Бұрын мамандар жануарларды тікұшақтар арқылы бақылайтын. Алайда тікұшақтарды пайдалану тым қымбатқа түсетін әрі оның даусынан аңдар жан-жаққа қашып, жануарлардың нақты санын анықтау қиынға түсетін еді. Енді жаңа дрон аппараттарының арқасында, мамандар мұндай кедергілерден құтылады. «Тікұшаққа қарағанда дронның шуы аз болғандықтан, киіктер тобына жақын баруға болады. Біз үлкен ауқымды қамтитын дрондардың көмегімен оларды әуеден суретке түсіріп, бейнетаспаға жазамыз. Оны кейіннен асықпай қарап, ақбөкендер туралы толық мағлұмат алуға мүмкіндік туады», – дейді Қазақстанның табиғи биоалуандылығын сақтау қауымдастығының атқарушы директоры Сергей Скляренко. Мамандар соңғы жылдары киік санының артып келе жатқандығын айтады. Мәселен, өткен жылы еліміздегі ақбөкендер саны 152 мыңға жетті. Солардың 3 мыңы Үстірт даласын мекендейді екен. Биылғы санақ дәл осы Үстірттен басталды. Айта кетейік, бұл аймақты мекендейтін киіктер саны Бетпақдала мен Орал популяциясынан аз. Үстірттегі ақбөкендер 2015 жылғы жаппай қырылудан кейін тіптен азайған көрінеді. Естеріңізде болса, 2015 жылы Қазақстандағы киіктердің үштен екіге жуығы қырылып қалған. Оның үстіне, мұнда жануарлардың еркін жайылып, төлдеуіне де кедергілер көп. Мамандардың сөзіне сенсек, мұнда жайылым жерлері аз. Ал бірнеше жыл бұрын салынған теміржол жануарлардың оңтүстік аймаққа өтуіне кедергі болып тұр. Сол себепті киіктер қыста да солтүстіктегі жайылымда қалады. Жалпы, Маңғыстау және Ақтөбе облыстарында жайылатын жануарларды 20 қорықшы қорғайды. Қорықшылардың саны аз болса да, күні-түні браконьерлермен күресу үшін тоқтаусыз жұмыс істейді. Олар былтыр Үстірт даласында киік атып, мүйізін кесіп алып жүрген 4 браконьерлер тобын ұстады. Киікті заңсыз атып алушылардың басым көпшілігі жануардың мүйізін алу үшін қолдарын қанға малады екен. Мамандардың Үстірттегі санағы он күн ішінде аяқталады. Ал алдағы уақытта киіктердің төлдейтін мерзімі басталады. Осы сәттерде ең бастысы, киіктерді күзетуді күшейту қажет. Әйтпесе, қаскөйлердің ақбөкендерге шабуылы тоқтамайтын сыңайлы. Күзетті күшейтіп, браконьерлермен тұрақты күрес жүргізгенде ғана  ақбөкендер саны артуы мүмкін.