Жазушының мол мұрасы

Жазушының мол мұрасы

Жазушының мол мұрасы
ашық дереккөзі
Алматы қаласындағы Достық үйінде Қазақстанның халық жазушысы, сыншы, әдебиет зерттеушісі, қоғам қайраткері Герольд Бельгерге арналған республикалық конференция өтті. Шараны ұйымдастыруға «Wiedergeburt немістер Кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігі мұрындық болды. 60-қа жуық кітап жазған, Абай мұраларын зерттеген, «Гете және Абай», «Асылға абай болайық» сынды қазақ, орыс, неміс тілдерінде жазылған мақалалар мен көркем әңгімелердің авторы Герольд Бельгер бүкіл саналы ғұмырын әдебиетке арнаған. Достық үйінде өткен шара жазушының сол құнды еңбектеріне, шығармашылық мұрасына арналды. Жиынға келгендер оның азаматтығын, отансүйгіштігін еске алды. Конференцияда белгілі қоғам қайраткерлері, жазушылар, зерттеушілер мен кинорежиссерлер Герольд Бельгер шығармашылығының отандық әдебиетке тигізген ықпалы жөнінде әңгімеледі. Жиынды ашқан «Wiedergeburt немістер Кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Александр Дедерер жазушының артына қалдырған шығармашылық мұрасының маңыздылығына тоқталды. Одан кейін сөз алған кинорежиссер Ермек Тұрсынов Герольд Бельгермен таныстығын еске алып, жазушының қазаққа тән іс-әрекеттеріне тоқталды. Өз сөзінде режиссер: «Гер-ағаның бір ерекшелігі болатын. Ол жанындағы адаммен өзінің ең жақын досындай әңгімелесетін. Оның сөзін тыңдап отырып, өзіңді Герольд Бельгердің ең сенімді сырласы сезінесің», – деп атап өтті. Ал жазушы, драматург Смағұл Елубай Герольд Бельгердің жан-жақтылығын атай отырып, оның бір қыры – көптілділігі жөнінде сөз қозғады. Өзі меңгерген қазақ, орыс, неміс тілдері арқылы сол үш ұлттың даналығын, бар жақсысын бойына сіңіргенін тілге тиек етті. Герольд Бельгердің Қазақстандағы тілдік келісімнің символы екенін атап өткен Смағұл Елубай Алматы қаласындағы бір көшеге жазушының есімін беретін уақыттың жеткенін атап өтті. Одан бөлек жиында Герольд Бельгердің аудармашы ретіндегі еңбектері, Абайдың «Қара сөздері» мен Бельгердің байланысы туралы сөз қозғалды. Көргені мен түйгенін, оқығаны мен білгенін өз шығармаларында ұтымды пайдалана білудің шебері Герольд Бельгердің шығармашылығынан бөлек азаматтық қасиеттері де, қазақ үшін атқарған ерен еңбегі де ескерусіз қалмады. Герольд Бельгер қазақ, орыс және неміс тілдерін жетік білді. Ол Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсірепов, Әбдіжәміл Нұрпейісов сынды қазақ әдебиетінің майталмандарының шығармаларын орыс тіліне аударып, оқырмандар назарына ұсынды. Өз шығармаларында жазушы халықтар достығын, ұлттар бірлігін насихаттады. Оның  «Ауыл шетіндегі үй» деп аталатын ең алғашқы кітабында да осы мәселелер көтерілген еді. Жазушы Абай мен Гетенің рухани жақындығын зерттеді. Жазушының мол мұрасы қазақ халқы үшін де, неміс жұрты үшін де мәңгілік құнды дүние болып қала бермек.