Ұлы Даланың қорғаны – қазақ сарбаздары

Ұлы Даланың қорғаны – қазақ сарбаздары

Ұлы Даланың қорғаны – қазақ сарбаздары
ашық дереккөзі
Кез келген елдің айбынын білдіретін – ұлттық әскер. Бүгінгідей алмағайып заманда әскердің қуатты болуы, барлық жағдайға сақадай сай болуы аса маңызды. Ал Қазақстан сарбаздарының бүгінгі жағдайы қандай? Әскери қызметкерлерге тиісті жағдай жасалып жүр ме? Армия қатарындағы сарбаздар қалай тәрбиеленуде? Бұл сауалдардың әрбір мемлекет үшін аса маңызды екені айтпаса да түсінікті.

Әскери білім – маңызды мәселе

Егемен ел атанғалы бері Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев білікті мамандармен жасақталған, озық үлгідегі қару-жарақпен жарақтандырылған қазақ әскерін қалыптастырды. Өткен аптадағы Үкімет сағатында Қорғаныс министрі генерал-майор Сәкен Жасұзақов әдеттегідей өз саласындағы жетістіктерді жіпке тізіп берген еді. Министр ең алдымен, әскери мамандарды даярлау ісіне тоқталды. Өйткені әскери білім беру ісі – өте өзекті тақырып. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев та өз Жолдауында Отанымыздың негізгі мақсаты – әлемдік стандарттарға сай, білімді, шетел тілдерін меңгерген, әскери және техникалық дайындықтың шеберлерін даярлау, яғни нағыз әскери элитаны қалыптастыру екендігін атап көрсеткен болатын. Сәкен Жасұзақовтың айтуынша, қазіргі уақытта шетелдерде әскери кадрларымызды даярлау айтарлықтай азайған. Бүгінде жастар тек елімізде оқытылмайтын мамандықтар бойынша ғана шет мемлекеттерде білім алатын көрінеді. Министрдің түсіндіруінше, біздің әскерилер әскери білімнің негізін елден алады да, Еуропа елдері және Ресей, АҚШ, Қытай, Үндістан секілді мемлекеттерде бірнеше айлық курстық дайындықтан өтеді. Сондай-ақ, қазір қазақстандық әскери оқу орындарында өз жастарымыздан басқа, өзге мемлекеттердің студенттері де білім алуда. Бүгінде елімізде Орталық Азия елдерінен және алыс-жақын шет мемлекеттерден келген кадеттерді оқыту жұмыстары жолға қойылып отыр. Қорғаныс министрі келтірген деректерге сүйенсек, Ұлттық қорғаныс университетінде 9 жаңа факультет құрылған. Онда қашықтан білім беру технологиясы арқылы 108 әскери қызметші білім алуда. Айта кетейік, аталмыш оқу орны – Орталық Азияда әскери білім беру жүйесіндегі озық әскери ғылыми-білім беру орталығы. Сонымен бірге, елімізде жылына 3,5 мыңнан астам әскери азамат қайта даярлау және біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, білімдерін жетілдіруде. Екі жылдан бері Құрлық әскерлерінің Әскери институтында да материалдық-техникалық және әскери-медициналық қамтамасыз ету мамандықтары бойынша кадр даярлау ісі қолға алынды.

Қорғаныс саласында  парақорлық азайды

Әскери мамандар даярлау ісінде жетістіктер болғанымен, бұл қорғаныс саласында түйткілдің жоқтығын дәлелдемесе керек. Бүгінде еліміздегі ең ауыр дерт – жемқорлық та әсте-әсте әскерилер арасында да қылаң береді. Қорғаныс саласын бекемдейді деп бөлінген қаржыны қалтаға басу, заңсыз қару-жарақ саудасына жол беру, тіпті, қорғаныс саласын реттейді деп жүргізілген мемлекеттік сатып алулар барысында «бармақ басты, көз қысты» әрекетке бару. Мемлекетке тиесілі қаражатты миллиондап, миллиардтап қалтасына басатын кейбір әскери шенділер қорғаныс пен қауіпсіздікке назар аударудан қалып бара жатқан сыңайлы. Сөйте тұра, Қорғаныс министрлігі өткен жылы әскери саладағы парақорлық деңгейінің үш есе азайғанын мәлімдеген болатын. Оның үстіне, соңғы жылдары қорғаныс саласындағы қылмыстық әрекеттер жөнінде де жиі еститін болдық. Бас әскери прокурорға сілтеме жасай отырып мәлімет берген Мәжіліс депутаты Мұхтар Ерман Үкімет сағатында: «2017 жылы 27 қылмыс тiркелген. Атап айтсақ, уставтан тыс жағдай, парақорлық, тiптi курсант өлтiру бар. 2018 жылы 3 қылмыс тiркелдi. Осы проблемаға ерекше назар аудару қажет және университет басшыларын тiкелей жауапкершiлiкке тарту керек», – деп атап өткен болатын. Әскери салада қылмыстық істердің көбеюіне не себеп? Бұл қорғаныс саласындағы темірдей тәртіптің ақсағанын білдірмей ме? Жуырда ғана Алматы облысының қорғаныс істері департаментінде орын алған қайғылы оқиға қазақстандықтарды дүр сілкінтті. 31 наурыз күні Алматы облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Б.Беристемовтің атып өлтірілгені хабарланды. Күдікті ретінде оның орынбасары, подполковник А.Оспанов сот санкциясымен қамауға алынды. Бұл оқиғаға байланысты пікір білдірген Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов: «Екеуі де әскери борышын бірге өтеген, дос болған, бірге жұмыс істеген. Соған қарағанда екі адам арасындағы күрделі мәселе болуы керек. Құқық қорғау органдары істің мән-жайын анықтап жатыр… Оның үстіне, қазір әскерге шақыру науқаны жүруде, бәрі қарбалас. Күдікті әскерилерді шақыруға жауапты болған, күн сайын тапсырма, бұйрық. Марқұм жайында жаман ештеңе айтқым келмейді, бірақ басшы ретінде тым жоғары талап қойған шығар», – деп болжап отыр. Басшының қатаң талап қоюы түсінікті жайт. Алайда әскери қызметке темірдей тәртіпке бағына алатын, психологиялық тексеруден өткен азаматтар қабылданады емес пе? Мына жағдайға қарасақ, әскери қызметке қабылдауда да шикіліктер бар тәрізді. Бұдан бөлек, соңғы жылдары әскер қатарына қабылданған сарбаздардың да өлімі жиі тіркелетін болып жүр. Өткен жылдың қыркүйек айында Петропавл әскери институтындағы 19 жастағы сарбаздың өлімін де көпшілік әлі ұмыта қойған жоқ. Ұлттық ұлан әскерлерін даярлайтын институт курсанттары арасындағы төбелестің соңы қатардағы жауынгердің өлімімен аяқталған еді. Шын мәнінде, қорғаныс саласында мұндай жағдайлардың қаншалықты жиі орын алып жатқаны бізге белгісіз. Дегенмен, осы бір оқиғаның өзі әскери тәрбиенің жеткіліксіздігін білдіріп отыр.

Сарбаздар құнарлы тамақтан қағылып жүр

Қорғаныс саласында сарбаздарды тамақтандыру мәселесі де күрмеулі болып тұрғанға ұқсайды. Бүгінде сарбаздарға берілетін күнделікті ас мәзірінің құны тым төмендеген. Бұған «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң себеп болып отыр. Аталған заң талаптары бойынша, белгілі бір қызметке төмен баға ұсынған тұлға жеңімпаз деп танылады. Сондықтан ас мәзіріне ең төменгі баға ұсынған кәсіпкер ғана жауынгерлерді тамақтандыруға мүмкіндік алады. Бұл өз кезегінде сарбаздардың құнарлы тағамдардан қағылуына ықпал етеді. Негізінен, Қазақ тағамтану академиясы әр сарбаздың жұмсайтын энергиясын ескере отырып, аз мәзірін бекітіп берген. Сол мәзір бойынша, сарбаздар тәулігіне 4231 килокалория беретін ас ішуі тиіс. Бірақ сарбаздардың күндік асына 650-900 теңге көлемінде ғана қаржы жұмсалып отыр. Мұндай ақшаға сарбаздар тойып тамақтанады деп айта алмаймыз. Ал Үкіметтен бұл мақсатқа 1225 теңге қарастырылады. Біздің елде сарбаздардың күнделікті тамақтануы үшін бұл қаржы да аздық етеді дейді депутаттар. Алайда қазір жауынгерлердің тойып тамақ ішуі үшін белгіленген сомадан да аз ақша жұмсалып отыр емес пе? «Арзанның құны татымас» деген сөз бар қазақта. Бүгінгі нарықтағы азық-түліктің құны да ешкімге құпия емес. Ендеше, аз ақшаға жауынгерлердің тойып тамақ ішіп жүргеніне сенуге бола ма? Бұл мәселенің өзектілігін Қорғаныс министрі де мойындап отыр. Тіпті, министр аталмыш мәселе жайында Үкімет басшысына хат та жолдаған еді. «Бұл – мен үшін өзекті мәселе. Биыл жауынгерлерді тамақтандыруға арналған конкурстарға 200-дей фирма қатысты. Нәтижесінде, әскери институттардың көпшілігі сол 650-900 теңге көлемінде тамақтандыруды ұсынған фирмалармен келісімшартқа отырды. Бұл дұрыс емес. Менің ойымша, әскерилерді тамақтандыру үдерісін «Мемлекеттік сатып алу» туралы Заңның аясынан шығару қажет. Мен осы мәселелерді көрсетіп, Үкімет басшысына хат жолдадым», – деді Сәкен Жасұзақов. Ал Мәжіліс Төрағасының орынбасары Владимир Божко бұл мәселеде үнемдеуге болмайтындығын жеткізді. «Жауынгердің күнделікті тамағының құрамы, құнарлылығы ескеріліп, ақшасы есептелген болса, артық-ауыс әңгіменің не керегі бар? Сарбаздар сол бөлінген 1225 теңгеге толыққанды тамақтануы тиіс. Бұған дейін оқушыларды тамақтандыру мәселесі ушығып, бір шешімге келгенбіз. Енді міне, жауынгерлерді де соған ұрындырып отырмыз. Ертең осы мәселенің ауруханаларға көшпесіне кім кепіл? Тағамның бағасын түсіре-түсіре құнарын азайтып, сарбаздардың құр әшейін тоқ жүрулері үшін сабан шөп бергелі отырмыз ба?», – деп жекіді Мәжіліс Төрағасының орынбасары. Жалпы алғанда, сарбаздарды тамақтандыру аса маңызды міндет. Өйткені ел басына күн туа қалса, қолына қару алып, жауға қарсы шығатын осы сарбаздар. Ал олардың күш жинауы үшін құнарлы тағамдарды тұтынуы міндетті. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, көптеген мемлекеттерде жауынгерлерді тамақтандыруда жыл мезгілдері мен ауа райының ерекшеліктері есепке алынады екен.

Әскери ұшқыштар – әспеттеулі мамандар

Әскери ұшқыштар азаматтық авиацияда қызмет еткенді құп көреді. Неге? Өйткені ол салада ұшқыштарға жоғары жалақы төленеді. Қорғаныс министрі келтірген мәліметке сенсек, өткен жылы 25 ұшқыш азаматтық салаға ауысып кетіпті. Егер бұлай жалғаса беретін болса, әскери әуе кемелерін тізгіндейтін маман табылмай қалатын түрі бар. Бүгінде Қазақстанда бірінші санаттағы ұшқыштарға 270 мың теңге жалақы төленеді. Ал отандық Air Astana, SCAT сынды әуе компанияларында ұшқыштарға 1,5 миллион теңге жалақы тиесілі. Мұндай айырмашылық сезілген кезде әскери ұшқыштарды қорғаныс саласында ұстап қалу мүлдем мүмкін емес. Сондықтан Қорғаныс министрі әскери ұшқыштардың еңбекақысын көтеру туралы шешімге келген секілді. Бұған дейін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев та үкіметке әскери ұшқыштардың жалақысын тым болмағанда, 400-500 мың теңгеге көтеру туралы тапсырма берген. Бірақ Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов әскери ұшқыштардың азаматтық салаға кетуіне тек қаржылық ахуал ғана себеп еместігін алға тартады. Яғни, әскери ұшқыштарға моральдық жағдайлар да өз ықпалын тигізеді. «Соңғы кезде әскери ұшқыштардың әскери қызметтен кетуі белең алып жатқаны айтылды. Мұны біз бір жолға қойып, тоқтатуымыз керек деп ойлаймын. Өйткені бұл бір жағынан әлеуметтік жағдай болса, екінші жағынан моральдық жағдайы да бар. Бұл Талдықорған әскери базасында қылмыстық іс қозғалып, үкім шығарылған Әділбек Ысқақовқа байланысты болып отыр. Неге біз осы азаматты қорғай алмадық, неге оған қорғаныш бола алмадық? Оның қандай жазығы бар еді? Сот арқылы үкім алды, енді осыған қарап отырып, бүкіл әскери ұшқыш «ертең біздің басымызға да осындай күн туады» деп кетіп жатыр. Мұндайды болдырмау үшін әр ұшқыш, әр әскери қызметші мемлекеттің қамқорлығында болуы керек деп ойлаймын», – деді Нұртай Сабильянов. Депутаттың сөзінің жаны бар. Әскери қызметкерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсету аса маңызды. Бірақ оларға қамқорлық танытпастан бұрын әскери қызметшілердің Отан алдындағы борышын адал атқарарына көз жеткізіп алған жөн. Әйтпесе, бүгінде ел қорғайтын сарбаздар қатарында өз-өзімен күресе алмайтын ездер де, қит етсе жұдырық ала жүгіретін қызба мінезді жігіттер де жетіп артылады. P.S: Еліміздің Қарулы күштері 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай ауқымды әскери парад өткізбек. Шеруге дайындық жұмыстары Жамбыл облысындағы «Отар» әскери базасының «Мәтібұлақ» полигонында өтіп жатыр. Әскери парадта сарбаздар соңғы үлгідегі қару-жарақтар мен әскери көлік құралдарын жетік меңгергенін дәлелдеуі қажет. Сондай-ақ, мерекелік шеруге психологиялық сынақтан сүрінбей өткен сарбаздар ғана қатыса алады. Биылғы әскери парадқа шамамен 3 мың әскери қызметкер, 300-ден астам құрлықтық және 30-ға жуық әуе техникасы жұмылдырылады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Сайыпқыран сарбаздарымыз бүгінде ұлы даланың сенімді қорғаны, азаматтығымыздың алмас алдаспаны. Біз қазіргі заман талаптарына сай келетін, әлеуетті әскерімізді жасақтадық. Ел қауіпсіздігінің басты бағыттары айқындалды. Әскери доктринамыз қабылданды. Экономикамыз қарқынды дамыған сайын еліміздің Қарулы Күштері де жетіліп, нығая түсті. Әскери қауіпсіздігіміз «Қазақстан-2050» бағдарламасының басты бағыттарының бірі болып саналады. Жауынгерлеріміз әлемнің әртүрлі түкпірінде бітімгершілік миссияларды өзіне алып, абыроймен атқарып шықты. Біздің әскеріміз ТМД елдерінің ішінде алдыңғы қатарлы әскер ретінде танылды», – деген болатын.