12 Сәуір 2018, 16:42 470 0 Руханият Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Әлемді тебіренткен «Алаш көсемсөзі»

Түркиядағы қазақ диаспорасының қолдауымен Стамбұлда жарық көретін «Қазақ елі» альманағында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы түрік тілінде жарық көрді.

Редакция алқасы Мемлекет басшысының маңызды құжатта атап көрсеткен алға қойған мақсат-міндеттері мен кешенді бағдарламасын және стратегиялық жоспарларын бауырлас халыққа түбегейлі таныстыруды мақсат етіпті.

Басылымның алғысөзінде Қазақ-Түрік білім және зерттеу қауымдастығының басқарушы кеңесінің төрағасы Шабан Серкан Динчтүрк Президент бастамаларына үн қоса отырып, 2025 жылға дейін білім берудің барлық деңгейінде латын әліпбиіне көшу мәселесіне қатысты орамды ойын ортаға салады. Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ, заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандықтарды қолдау тапсырмасының туыстас елде орындалу барысына тоқталады.

– 1991 жылы Кеңес Одағының ыдырауына қуанғандардың ішінде Түркияда тұратын қазақтар да бар еді. Өйткені ұлан байтақ қазақ жері Ресейдің құрсауынан құтылып, тәуелсіздікке қол жеткізді. Енді міне, атажұртымыз Қазақстанда да латын әліпбиіне көшу мәселесі қолға алынуда. Қазақстан әлеммен байланысын одан әрі нығайта түсті. Әлемдегі қазіргі конъюнктура технологияның тілі және пайдаланылатын алфавит – латын әліпбиі. Сонымен қатар түркі әлемінде жалпы мүдделерді жүзеге асыруды жоспарлау және жүзеге асыру латын әліпбиі арқылы оңайырақ болады. Бұл оқиға Түркия қазақтары үшін үлкен жауапкершілік әрі тарихи мүмкіндік. Қазақстан мен Түркия арасында алтын көпір ретінде қызмет етіп, экономикалық, саяси және мәдени салада қалыптастырған қарым-қатынасты жандандыруға айтарлықтай үлес қоса алатынымызға да сенім зор. Бұл тұрғыда жастарға қол ұшын беріп, жол көрсетіп, оларға білім алып, ғылыммен айналысуы үшін мүмкіндік беру қажет. Көп тілді меңгерген, жаңа технология құлағында ойнайтын, салт-дәстүрі мен мәдениетін құрметтейтін ұрпақ келешегіміздің кепілі екені айдан анық. Сондықтан да болашағымызды жоспарлап, ертеңіміз үшін аянбай еңбек етуіміз керек, – дейді Шабан Серкан Динчтүрк.

Журналдың кезекті санында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Қазақстанның Түркиядағы елшілігінде өткен іс-шаралар барысынан да ақпарат берілген. Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлының қатысуымен жүзеге асқан Қазақстанның мәдениет күндері мен халықаралық жиындар, салтанатты қабылдау мен концерттік бағдарламалар топтамасы жарияланған. «Қазақ елі» журналының редакциялық кеңес төрағасы және жауапты шығарушы редакторы Ертолқын Гайретуллах Қазақ-Түрік білім және зерттеу қауымдастығы 2014 жылы құрылған күннен бастап көптеген жетістіктерге қол жеткізгенін айта келе, қауымдастық төрағасы Серкан Динчтүрк мырзаның Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төралқа мүшесі болып сайланғанын атап өтіп, жағымды жаңалықты оқырманға жеткізуге асығыпты.

– «Қазақ елі» альманағының жетінші саны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған Жолдауы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбековтің қауымдастық жүзеге асырған істер мен жобалар туралы жазған мақаласымен басталып, Жасыл-айдың өз жұмысын Орталық Азияда жалғастыратындығына байланысты жаңалықты бөлістік. Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің құрылғанына 100 жыл толуына байланысты өткен халықаралық ғылыми-теориялық конференция туралы мәлімет беріп, профессор, доктор Намазалы Омашұлының 10 томдық «Алаш көсемсөзі» атты шығармасын оқырмандарымызға қайта таныстыруды жөн көрдік. Бұйыртса, осы 10 томдық шығарманы түрік тіліне аударуға тырысамыз, – дейді өз сөзінде Ертолқын Гайретуллах.

 

Соңғы жаңалықтар