12 Сәуір 2018, 15:15 1006 0 Қауіпсіздік Әсел ӘНУАРБЕК

Сезік тудырған Виктория Скрипаль

Әлем назары әлі де Лондон мен Мәскеуде. Өйткені Скрипаль ісіне қазіргі күнге дейін нүкте қойылған жоқ. Өткен аптада Ресейдің бұрынғы барлаушысы Сергей Скрипаль есін жиып, тілге келді. Бүкіл әлемдік ақпарат құралдары енді Скрипальдің жауабын тыңдауға асық. Ал Лондон мен Мәскеу биліктері бұл іске қатысты тартысын жалғастырып келеді. Тіпті, күн өткен сайын Скрипаль ісі ушығып бара жатқандай.

Сергей Скрипаль есін жиды

«Англияның Солсбери қаласында уланған ресейлік ГРУ-дың экс-полковнигі Сергей Скрипаль есін жиып, тілге келді». Дәл осы ақпаратты 7 сәуір күні әлемдік БАҚ жарыса жазды. Жұртшылық өзінің улануына қатысты Скрипальдің қандай мәлімдеме жасайтындығын білуге құлшынып отыр. Ағылшын ақпарат құралдарында әуелі Сергей Скрипальдің қызы Юлияның есін жиғандығы жарияланды. Улану оқиғасынан тұп-тура бір ай өткенде Юлия Скрипаль өзінің тәуір болғанын және жағдайының қалыпты екендігін мәлімдеген. Юлия Скрипальдің мәлімдемесіне дейін Ресейдің ақпарат құралдары Виктория Скрипаль ұсынған аудиожазбаны жариялап, жұртты екіұдай күйге түсіріп үлгерген еді. Виктория Скрипаль деп отырғанымыз – Сергей Скрипальдің немере қарындасы. Ағасы мен сіңлісінің жағдайын білу мақсатында Лондонға аттанбақ болған Виктория өткен аптадан бері Скрипаль ісіндегі басты кейіпкерлердің біріне айналды.

Виктория ұсынған аудиожазбаға сенсек, Юлия мен Сергей Скрипальдің жағдайы әу бастан-ақ тәуір болғанға ұқсайды. Апалы-сіңлілі Скрипальдердің телефон арқылы сөйлескен жазбаларында Юлия: «...Бәрі жақсы. Әкем қазір ұйықтап жатыр. Бәрінің денсаулығы жақсы. Ешкімде емделмейтін дерт жоқ. Мен жақында ауруханадан шығамын. ...Бәрі де дұрыс. Бәрі де шешіледі. Бәрі сауығады. Бәрі тірі...» деген көрінеді. Дәл осы жазбаны жарыса жариялаған орыс басылымдары бұл істе бір шикілік барын, тіпті, ағылшындар Ресейге тісін батыру үшін осындай айла ойлап тапқан болуы мүмкін екендігін айтуда. Әрине, жағдайдың қалай өрбитіні, оқиғаның немен тынары бізге мүлдем белгісіз. Бірақ Англия Мәскеуді Скрипаль ісі бойынша айыптап, елдегі ресейлік дипломаттарды қуып шыққанымен, Ресей мұны әзірге мойындайтын емес. Лондонның бұл әрекетіне ниеттестік білдірген Еуроодаққа мүше бірқатар елдер, АҚШ, Канада, Норвегия, Аустралия, Украина сынды 30-дан аса мемлекеттер де ресейлік дипломаттарды ел аумағынан шығарды. Соған қарамастан, Ресей барлық айыптауларды бетпақтықпен мойындамай, ағылшын үкіметінің тергеу жұмыстарына араластырмай отырғанына ерекше наразылық білдірген еді.

Тіпті, ресейлік тарап Сергей Скрипальдің улы газдан уланғаннан кейін бірден есін жиғанына да таңырқайтын сыңайлы. Өйткені ағылшын басылымдары бір ай бойы ауыр жағдайда жатқан Сергей Скрипальдің ағзасына енген удың  мөлшері тым көп болғанын жазған. Оның үстіне, жүйке-сал ауруларына шалдықтыратын «Новичок» атты улы заттың бетін қайтару мүмкін еместігі де талай мәрте сөз болған. Енді есін жиған Скрипаль полиция қызметкерлерінің сауалдарына жауап бере бастамақ. Алайда Сергей Скрипаль өз басынан өткен оқиғаның жай-жапсарын біле ме? Ол өзінің мұндай халге душар болуына кімді айыптауы мүмкін? Бұл сұрақтар әзірге жауапсыз қалып отыр.

Ресейдің соңғы үміті – Виктория Скрипаль

Кейінгі күндері Скрипаль ісінде Виктория Скрипальдің есімі жиі айтыла бастағанын аңғармау мүмкін емес. Сергей Скрипальдің немере қарындасы Виктория Англиядағы жақындарының жағдайын біліп, жандарында болу үшін Ұлыбританияға виза алмақ болған-ды. Бірақ сенбі күні Ресейдегі Ұлыбританияның елшілігі Виктория Скрипальге елге кіруге рұқсат берілмегендігін ресми түрде хабарлады. «Мен ескерту қағазын алдым. Онда елшіліктің маған виза бермеу себебін Юлияның менімен кездескісі келмейтіндігімен және осы уақытқа дейін Сергей Скрипальдің Британиядағы үйінде болмағандығыммен, сондай-ақ, кемінде 150 мың рубль бар банк картамды ұсынбағандығыммен түсіндіріп отыр», – дейді Виктория Скрипаль. Шын мәнінде, бұған дейін бір де бір рет Сергей Скрипальдің жағдайын білу үшін немесе жай ғана туыстарын көру үшін Ұлыбританияға аяқ баспаған Викторияның аяқ асты мұндай шешім қабылдауына не себеп? Бұған дейін Виктория Сергей Скрипальді неге іздемеді? Сергей мен Юлия Скрипальдердің уланып, ауруханада жатқанына бір ай уақыт болған жоқ па? Бір ай уақыт ішінде Виктория Скрипальдің есімі неге аталмады? Әлде Ресейдің құпия барлау қызметі Виктория Скрипальді өз мақсаттарына пайдалануға мүдделі ме? Қазір ешкім еш дәйексіз Ресей тарапын айыптауға құштар емес. Бірақ Виктория Скрипальдің аяқ асты оқиғаға араласуы көңілде күдік тудырмай қоймайтыны тағы бар.

Ал Ұлыбританиядағы Ресей елшілігі Лондонның Виктория Скрипальге виза беруден бас тартуының саяси сипаты бар екенін мәлімдеді. Елшілік өкілдері Лондонның мұндай шешім қабылдауы көп сұрақ туындататынын және олардың бұл әрекетінен кейін британдық тарапқа деген сауалдардың артқанын атап өтті. Сондықтан Ресейдің Ұлыбританиядағы елшілігі Виктория Скрипальге жан-жақты көмек көрсетуге толықтай дайын. Тіпті, олар Виктория Скрипальдің елшіліктегі қонақтарға арналған үйде тұруына жағдай жасап, Лондоннан Солсбериге баратын көлік, тіпті, аудармашы тауып бермек ниетте. Елшілік Виктория Скрипальге консулдық қолдау көрсетуден де бас тартпақ емес. Осының бәрін ескерген британдық билік: «Мұның бәріне қарағанда, Ресей Викторияны пайдаланып отыр. Егер оған Кремль қандай да бір ықпал етіп отырса, демек Виктория да Ресейдің құрбаны болды деген сөз» деп хабарлады.

Виктория Скрипаль болса, Лондон тарапының өзіне виза бермейтіндігін әу бастан білгенін айтады. Оның айтуынша, Ұлыбритания елшілігінің виза беруден бас тартуы тосын жайт болмапты. «Сіздер бірнәрсе күттіңіздер. Бірақ мен алғашқы күннен-ақ осылай боларын білгем. Мен бәріне маған виза бермейтіндігін айттым», – деп түсіндірді болған жайттың бәрін Виктория Скрипаль. Тіпті, Виктория Скрипаль виза алу үшін ақпарат құралдары арқылы Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэйден көмек сұрады. Онда Виктория Скрипаль өзінің ағасы мен сіңлісін көріп, олардың халі туралы әжелеріне хабар жеткізуді ғана көздейтінін айтқан. «Бүкіл әлем қазір саяси жанжал туралы айтуда. Бірақ сол жанжалдың ішінде адамдар бар. Ол – біздің отбасымыз. Біздің қазір бірге болуымыз қажет»,  – дейді Виктория Скрипаль.

Лондон және Мәскеу: текетірес күшейе түсті

Лондон Мәскеуді Скрипаль ісіне алғашқы күннен-ақ айыпты деп танығанын аңғартты. Ал Сергей және Юлия Скрипальдің Ресейде өндірілетін «Новичок» атты улы заттан уланғаны белгілі болғаннан кейін Лондон өз болжамының анықтығына шынайы көз жеткізе түскендей. Сөйтіп, Ұлыбритания тергеу жұмыстарына ресейліктерді араластырудан үзілді-кесілді бас тартты. Олары орынды да еді. Егер Скрипальге қастандық жасаған Ресей қарсы барлау қызметі болса, онда тергеу, зерттеуді пайдаланып, астыртын түрде біржола көзін жоюға мүмкіндік алар еді. Тіпті, Ұлыбритания парламент мүшелері Женевадағы Парламентаралық одақ ассамблеясының отырысында қаралған ГРУ-дың бұрынғы қызметкері Сергей Скрипальдің улануына қатысты жағдайды ресейлік әріптестерімен бірге талқылаудан бас тартты. Бұл туралы Мемлекеттік думаның вице-спикері Петр Толстой хабарлады. Оның айтуынша, Ұлыбританияның парламент мүшелері Скрипаль ісін ресейлік әріптестерімен қатар отырып талқылауға үзілді-кесілді қарсы шыққан.

«Лондон ГРУ-дың экс-полковнигінің улану ісіне қатысты Ресеймен біріккен тергеу жұмысын жүргізбейді». Бұл – Ұлыбританияның соңғы сөзі. Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй Скрипаль ісіне қатысты алғашқы мәлімдемесінде-ақ Мәскеудің осы қайғылы оқиғаға қатысы болуы мүмкін екенін, егер қатысы бар екені анықталса, айыптылардың тиісті жазасын алатындығын атап айтқан.

Өткен сенбіде Ресейдің Лондондағы елшісі Александр Яковенко Ұлыбритания Сыртқы істер министрі Борис Джонсонмен кездесуді сұрады. Яковенко Джонсонмен Солсберидегі Скрипаль ісін жан-жақты талқыламақ. Ал Сыртқы істер министрлігі елшінің сұрауын қабылдағанын және оған белгіленген тәртіп бойынша жауап беретіндіктерін айтты. Дүйсенбі күні Ресейдің Бас прокуратурасы да өз мәлімдемесін жасады. Бас прокурордың орынбасары Саак Карапетян Ұлыбританияны «Ресейге қарсы сценарий» бойынша жұмыс жасап отырғанын айтты. Карапетянның айтуынша, Лондон 2003 жылдың жазында Борис Березовскийге жасалған қастандықта да, 2006 жылдың қарашасындағы Александр Литвиненконың улануында да дәл осындай үлгіні қолданып, Ресейді дәйексіз айыптаған көрінеді.

Скрипаль ісі БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысында да талқыланды. Сол отырыста Ресей Англияны Скрипаль ісіне қатысты «жалған оқиға» ойлап тапты деп айыптап отырғаны белгілі болды. Кеңес отырысына қатысқан Ресей елшісі Василий Небензя Ұлыбританияның басты мақсаты – негізсіз айып тағу арқылы Ресейдің беделін түсіру деп мәлімдеді. Осы жиында Британияның БҰҰ-дағы өкілі Ресейдің тергеу ісіне араласуға ниет білдіруін «өртті ұйымдастырған адамның сол өрттің шығу себебін анықтауға тырысуымен» бірдей іс деп бағалады. Әзірге тараптар бір-бірін айыптаудан әрі бармай отыр. Ал істің созыла түсуі көпшіліктің «Лондон бұл оқиғаны әдейі ұйымдастырды ма?» деген күдігін арттыруда. Бірақ Лондон өз әрекетінің кез келген тексеруге дайын екендігін ашық түрде мәлімдеді. Ал Кремль өзіне тағылған айыпты жуық арада мойындамайтыны анық. Ресей БАҚ-тары Сергей Скрипальді сатқын деп айыптап келеді. Енді күллі әлем Сергей Скрипальдің мәлімдемесін күтіп отыр. Ең бастысы, ағылшындар Ресей президенті В.В. Путиннің әнебір жылы құпия барлау қызметкерлеріне айтқан «Сатқындар өлім құшуы тиіс!» деген тапсырмасы әлемде жаппай орындала бастаған жоқ па екен деп алаңдаулы.

P.S: 10 сәуір - сейсенбі күні Юлия Скрипаль Солсберидегі  ауруханадан өз аяғымен шықты.«Ешкіммен кездесуді қаламаймын, ешкім жеке өміріме қол сұқпауын өтінемін», - деп мәлімдеп, белгісіз жердегі құпия баспанаға аттанды. Кремль бұл жағдайдан да көңіліне  күдік алып қалған сияқты...

 

 

Соңғы жаңалықтар