12 Сәуір, 11:08 97 0 Экология Анар ЛЕПЕСОВА

Табиғаттың тепе-теңдігі бұзылмауы тиіс

SONY DSC
SONY DSC

«Нұр Отан» партиясы Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас аудандық филиалы Партиялық бақылау комиссиясының табиғатты қорғау, оны пайдалану мәселелері бойынша «Ақсу-Жабағылы» Ұлттық табиғи паркі қызметкерлерімен кездесуі болып өтті. Кездесу барысында ҚР табиғатты қорғау және оны тиімді пайдалануға бағытталған заңнамалық актілері бойынша Партиялық бақылау комиссиясының мүшесі Бахытжан Қуанышбеков баяндама жасады.

‒  Түлкібас – тұмса табиғатымен танымал өлке. Бірақ, өндірістің дамуы мен жаңа қазба байлықтарына барлау жұмыстарын жүргізу, олардың өндіріс орындарын ашу, браконьерлердің қастандық әрекеттері осы тамылжыған табиғатқа орны толмас зиян келтіретіні анық. Сондықтан заң аясында әрекет етіп, осы жерді мекен ететін жануарлар мен өсімдіктер дүниесінің тепе-теңдігін бұзып алмауға әрекет етуіміз қажет, ‒ деді ол.

Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану бағыты бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы Кездесу барысында «Ақсу-Жабағылы» Ұлттық табиғи паркінің директоры Айтбек Меңлібеков баяндады. Оның айтуынша, «қорық» деген сөздің өзі қаз-қалпында тұрған, адамзаттың әсері тимеген тың табиғатты қору, оның ары қарай өз қалпында қалуын қамтамасыз ету деген ұғымды білдіреді. Сондай-ақ, Айтбек Меңлібеков бүгінгі таңда жануарларды браконьер­лерден қорғау үшін барлық инспекторлар тиісті қарумен, керекті жабдықпен қамтамасыз етілгенін айтты.

‒ Инспекторлардың қорық аумағын қору жиілігі арттырылған. Соның арқасында браконьерлерді ұстау, оларды жазаға тарту көрсеткіштері еселеп артып отыр. Материалдық-техникалық базамызды жетілдіру мақсатында шетелден пилотсыз шағын ұшу және фото-видео түсірілім жасауға мүмкіндігі бар аппарат алу мүмкіндігі қарастырылуда. Мұның барлығы жұмыстың тиімділігі мен өнімділігін арттыруға көмек береді, ‒ деп комиссия мүшелері мен қорық ұжымының осы тақырыптағы сұрақтарына жауап берді.

Ақсу-Жабағылы – Қазақстанның ең көне қорығы, сонымен қатар, Орталық Азиядағы ЮНЕСКО биосфера қорығы дәрежесін алған ең алғашқы қорық. Қорықта сирек кездесетін, тек осы аймақтарға ғана тән өсімдіктер мен жануарлар шоғырланған. Сондықтан жиынға қатысушылар бұл қорық айрықша қорғауға алынуы керек деп есептейді.

Жиын соңында тың ұсыныстар қабылданып, ол бойынша алдағы уақытта жұмыс жүргізу жоспары жасалды.

Соңғы жаңалықтар