Бес бастама – баянды болашаққа қадам

Бес бастама – баянды болашаққа қадам

Бес бастама – баянды болашаққа қадам
ашық дереккөзі
«Нұр Отан» партиясы Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі Батыс Қазақстан облысында көшпелі қабылдау ұйымдастырды. Партияның облыстық қоғамдық қабылдау бөлмесінде «Нұр Отан» партиясы республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің бас консультанты Жұмажан Жүкенов және Банк омбудсмені Ерсерік Сиырбаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға «Нұр Отан» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Г.Құлжанова, Ұлттық банктің облыстық филиалы директорының орынбасары Сергей Родин және екінші деңгейлі банк басшылары мен тұрғындар қатысты. Іс-шараның мақсаты – Ұлттық банк басқармасының 2015 жылғы 24 сәуірдегі №69 қаулысымен бекітілген «Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын және ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру» бағдарламасын іске асыру барысы, тәртібі мен шарттарын талқылау, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы», соның ішінде «7 – 20 – 25» тақырыбында түсініктеме беру, азаматтардың жеке мәселелерін шешу жолдарын қарастыру, олардың құқықтары туралы түсіндіру. Қабылдауды жүргізген Жұмажан Қамкенұлы Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауының үшінші басымдығында банк секторы саласына ерекше назар аударғанын, экономикадағы қаражат жетіспеушілігі және несиелер бойынша жоғары мөлшерлеме түйткілдерін шешу мақсатында Ұлттық банк пен Үкіметке ерекше тапсырма берілгендігі туралы айтты. – Бүгінгі күні азаматтарды толғандыратын негізгі мәселелердің бірі – ипотекалық несие алу мен жалпы ұлттық валютадағы несие ресурстарының қолжетімділігі болып отыр. Мәселен, өткен жылы мемлекеттік органдар 23 мыңнан астам азаматтардың өтініштерін қараса, оның жартысынан астамы Ұлттық банк жетекшілік ететін салаға қатысты, – деді Жұмажан Қамкенұлы. Аталған 23 мың өтініштің 56 пайызы – Ұлттық банктің үлесінде. Өтініштерде көтерілген басты мәселелер – азаматтардың ипотекалық және тұрғын үй займдарын қайта қаржыландыру, соның ішінде валюталық займ, банк займдарына қызмет көрсетуге қатысты. Азаматтарды көшпелі қабылдау барысында осы мәселелердің шешу жолдары қарастырылды. Қабылдауға барлығы он бір қала тұрғыны келіп, барлық сұрақтарына егжей-тегжейлі жауап алды. «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» мән-маңызы, халық үшін игілігі еліміздің өзге аймақтарының тұрғындарына да кеңінен түсіндірілуде. Мәселен, апта басында «Нұр Отан» партиясы Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы аудандық филиалы «Бөген» БПҰ-да өткен жиын осы тақырыпқа арналды. Басқосуға «Нұр Отан» партиясының қызметкерлері, мемлекеттік мекеме басшылары, зейнеткерлер, партия белсенділері мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Алғашқы сөзді алған «Нұр Отан» партиясы Ордабасы аудандық филиалы «Бөген» БПҰ-ның төрағасы К.Намазбек «Елбасының бес әлеуметтік бастамасындағы» мәселелерге тоқталды. Сондай-ақ «7 – 20 – 25» бағдарламасы бойынша бірінші кезекте тұрғын үйлер кімдерге берілетіндігін түсіндірді. Өңірдегі студенттердің көбі қазіргі таңда жалдамалы пәтерлерде тұрып жатқандығына тоқталған қатысушылар заманауи жатақханалар мен студенттік қалашықтар салу бойынша және шағын несие берудегі құжаттардың тізімін азайту шараларына ұсыныстар айтылды. Сонымен қатар, жиналысқа қатысушылар «Елбасының бес әлеуметтік бастамасы» атты үндеуін толық құптайтындығын, аталған бастамалардың орындалуына атсалысатындығын айтып, ризашылықтарын білдірді. Ақтөбелік нұротандықтар да еңбек ұжымдарымен кездесіп, Елбасының Қазақстан халқына ұсынған бес әлеуметтік бастамасын түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Осындай кездесудің бірі «КТП» ЖШС ұжымында өтті. Ақтөбе қалалық мәслихатындағы «Нұр Отан» партиясы фракциясы мүшесі Константин Швец бірінші бастамаға кеңінен тоқталды. «7 – 20 – 25» бағдарламасы арқылы баспана алудың жаңа мүмкіндіктері ұсынылып отыр. Бұл бағдарламаның ерекшелігі - бастапқы жарна баспана құнының 20 пайызынан, ал несие өсімінің мөлшерлемесі 7 пайыздан аспайды және несиені өтеу мерзімі 25 жылға дейін болады. Ал биыл Ақтөбе облысында кемінде 870 мың шаршы метр тұрғын үй салынады, ‒ деді ол. «КТП» ЖШС менеджері Тимур Байсалкановтың айтуынша, Елбасының Қазақстан халқына арнаған бес бастамасына да тұрғындар жан-жақты қолдау білдіріп отыр. Себебі бағдарламада халықтың әлеуметтік жағдайы ескерілген. ‒ Елбасы елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыруды тапсырды. Қазір еліміздегі тұрғындардың жартысына жуығы газбен қамтылып, 9 облысқа газ тартылған. Солардың бірі – Ақтөбе облысы. Былтыр аудан орталықтарына көгілдір отын тарту жұмыстары аяқталды. Енді ірі елді мекендерді газдандыру жұмысы жүргізілуде, ‒ деді Константин Швец. Жиында бастауыш партия ұйымы мүшелері бастапқы жарна төлеудің балама мүмкіндіктерін қарастыру, мәселен, зейнет­ақы жинағын пайдалану, ҰБТ-дан жоғары балл жинаған жастарға көбірек гранттар бөлу туралы өз ұсыныстарын айтты. Айта кетейік, 1995 жылы негізі қаланған серіктестік 2001 жылдан бері республикалық және жергілікті маңызы бар жолдарға күрделі жөндеу және құрылыс жұмыстарын жүргізеді. Серіктестікте 300-ден аса қызметкер болса, оның 120-сы партия мүшесі.