11 Сәуір 2018, 12:43 401 0 Ішкі саясат Анар ЛЕПЕСОВА

Нығматулин Ұлттық банк төрағасын қызартты

Мәжіліс отырысынад Нұрлан Нығматулин Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевтың жұмысын сынға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Мәжілісте «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» заң жобасын талқылау барысында Ақышевқа депутат Геннадий Шиповских сұрақ қойған болатын.

«Есіңізде болса, сақтандыру туралы заң жобасын қарағанда сізге сақтандыру полисіне қатысты сұрақ қойғанмын. Сіз сол актуальды есептер қажет, жазбаша түрде жауап беремін дегенсіз. Ал бүгінгі заң жобасында сақтандырушылар қосымша шығын шығаратынын көріп отырмын. Бұл біздің халық үшін де, бизнес үшін де, сақтандырушыларға да әсер етіп, бағаны қымбаттатады. Ендеше заң дайындаудағы логикаңызды түсіндіріп беріңізші. Бірінші жағдайда ұсынысымды қарамадыңыз. Екіншіден, бүгін осы сақтандыру нормаларын есеп-қисапсыз енгізіп отырсыз», - деді депутат.

Алайда мәжілісмен сұрағына «Сіздің сұрағыңыз бұл заңның тұжырымдамасына сәйкеспейді" деп жауап берген Ақышевтың сөзін Нұрлан Нығматулин бөлді. «Данияр Талғатұлы! Мәжіліс отырысының төрағасы бар. Біздің регламент бойынша «ол сұраққа жата ма, жатпай ма?» осыны Мәжіліс төрағасы бақылауға алады. Оған баға бермей-ақ қойыңыз. Тікелей сұраққа тікелей жауап беріңіз!», - деді ол.

Данияр Ақышев өз жауабында мәселенің бүгінгі валюталық реттеу туралы заңға қатысы жоқ екенін, онда сақтандыру ұйымдары туралы норманың да жоқтығын айтты. Депутаттың тариф туралы сұрағына жауап бере отырып, сақтандыру полисін ұзарту туралы ұсынысты қарауға әзір екенін білдірді. «Бұл ұсыныс қызмет тұтынушылар үшін сақтандыру полисінің қымбаттауына әкеледі. Бұл сөзсіз. Сондықтан, біз шұғыл шешім қабылдай алмаймыз. Бұны қоғам да қолдай қоймайды», - деді Ақышев жауабында.

Алайда Нұрлан Нығматулин Ақшыевтің сөзін бөліп, валюталық бақылау мәселелері бойынша бүгін қаралып жатқан заң жобасында сақтандыру ұйымдарына талапты күшейту қатысты норманың барын атап көрсетті. «Ол (Шиповских - авт.) автокөлік иелері туралы сұрақты қойып отырған жоқ. Ол сізде логиканың бар-жоқтығы туралы айтты. Сізге тиімді кезде есеп-қисапқа сүйеніп, жазбаша жауапқа сілтейсіз. Қазір Ұлттық банк сақтандыру ұйымдарына талапты күшейту туралы норманы ұсынып отырған кезде депутат «енгізу керек пе?» десе, сіз «жоқ» дейсіз. Міне, ол сондықтан сізге сұрақ қойып отыр. Сіз бүгін дайын емессіз бе? Бұл өзгерістер туралы ресми түрде мәлімдеп отырсыз ба? Әлде, Ұлттық банктің ұсынған өзгерістерін білмейсіз бе? Бәлкім, Геннадий Геннадиевич, тағы бір рет жазбаша түрде жауап беруге мүмкіндік береміз бе?», - деді Нұрлан Нығматулин.

Өз кезегінде Геннадий Шиповских «Жазбаша жауап берсін. Бірақ жауап нақты болсын!» дегеніне Ақышев көнген болатын.  Алайда бұл жауап Мәжіліс төрағасын қанағаттандырмады. «Сіз «нақты» деген сөзді түсінесіз бе? Түсінбесеңіз, Геннадий Геннадиевичке барыңыз аударып береді», - деді Нұрлан Нығматулин.

 

Соңғы жаңалықтар