1962 жыл
(1967 жылы шыққан «Пернелер» атты жыр жинағынан)
19 сәуір, 1965 жыл Хат жазуды мен қашанда өнер деп түсінуші едім. Бірақ Айтекеңнен (балалар жазушысы Айтбай Хангелдин – Г.О.) басқа хат жазысатын адамым болмай, сол хат жазып үйренбегеніме өкінетінмін. Жиі хат жазсам деп армандаушы едім. Қашан сондай мүмкіндік туады деп жүретін едім. Міне, сол мүмкіншілік те туды. Хат жазатын адам жеткілікті. Тек жаза біл. Сондықтан мен әр хатқа кемінде бір сағат отырам. Бірақ неғұрлым жақсылап жазуға тырысқан сайын, соғұрлым нашар шығатын сияқты. Айтайын деген ойым ыдырап, көп ой айтылмай қалады. Ең соңында не жазғанымды кейде өзім де түсінбеймін. Оқып шығып, «осылай жазу керек пе еді өзі?» деп отырғаным. 25 сәуір, 1965 жыл Менің өмірім – жазылмаған роман. Оның өз қызығы, өз қуанышы, өз сәулесі, өз көлеңкесі, шым-шытырық ашылмаған сыры бар. Соның бәрін қоса есептегенде менің өмірім өзімді өңдеу жолындағы күрес, бүкіл кемшілігіме қарсы, кіршіксіз болу жолындағы қиян-кескі күрес. Бұл өмір – шынар шыңды көксеген, тек ізгілікті мұрат еткен, игілікті іске ғана ұмтылған, өзіндік романтикасы бар өмір. Қазақ тілі Өзі жатық, өзі әрлі, өзі майда. Тұра алмайды дөп тауып төзіп айла. Қан майданда алдаспан, қылыш болып, Бітім айтар қазақтың сөзі жәй ма? Осы тілде мен алғаш ана дедім, Осы тілмен сөйлейді Дала, Белім. Осы тілде жүректің сырын айтып, Жанарына сәулемнің қарап едім. Осы тілден шайлығып жат жүректер, Осы тілмен сан сыннан таптық өткел. Осы тілде ыстықтау ықыластар, Осы тілде әдемі ақ тілектер. Осы тілде сұлулап жер-көкті кең, Сипаттаған сахилар сергек кілең. Осы тілде әзілдер айшықтылау, Осы тілде өлеңдер өрнектілеу. Осы тілді тыңдап ап күлу көрік, Сезімдер де бұл тілде сұлу деп ұқ. Қай қияға қиялым қанат қақса, Ана тілім тұрады жылу беріп.1984 жыл
(1985 жылы шыққан «Сенім» жыр жинағынан)
Көтерсем деп ел жүгін... Ел тынышта – еңсем биік, мұңым жоқ, Ел тынысын сезінбеген күнім жоқ. Қайтсем соның үдесінен шығам деп, менің титтей жүрегімде тыным жоқ. Әркім алып жүре алады бір басын, Міндетім көп елім сеніп тұрғасын, Бос күйбеңге қалай қиям уақытты Арда жерде азамат боп туғасын. Елің үшін нұр төкпесе отты күн кімге керек сенің аман, тоқтығың? От басының қамын ғана көздесең – шұғыласыз, қасиетсіз өтті күн. Онда сенің Отан үшін құның жоқ, Қызықтырмас ешкімді де сырың көп. Қара бастың қамын ғана ойлауың қалар бір күн түзей алмас мінің боп?..1984 жыл
(1985 жылы шыққан
«Сенім» жыр жинағынан)
6 сәуір, 2002 жыл Біздің ұрпақ – соғыстан кейін көзін ашқан ұрпақ Ғаниды мақтаныш етеді. Біз бақытты ұрпақ болдық. Өйткені Ғанимен иықтасып жұмыс істеген адамдардың көзін көрдік. Ғани туралы сөз болса, елең етіп, жүзіміз жайнап, ішіміз жылып жүре береді. ...Жуырда бір құрдасымның үйінде оның оныншы сыныпта оқитын немересімен сөйлесіп отырып, әңгіме арасында: «Сен Ғаниды білесің бе?» деп қалдым. «Ол кім?» деп бала маған қарсы сұрақ қойды. Не деуге болады? Әрине, айтарым бар. Таң атқанша айта алам. Еміреніп, екіленіп те айтар мүмкіндігім бар. Көңілге медет сол ғана. Бірақ әлгі бала неге білмеді Ғаниды? Оның өмір жолын, еліне сіңірген еңбегін білмесе де, атын білуі керек емес пе еді? Бұған кінәлі кім? Ау, Алматыда Ғанидың атында көше бар емес пе? Ескерткіші де тұрған жоқ па? Ғани жөнінде әдебиет, оқу құралы не дейді екен? Ғани жөнінде көзқарасымыз қандай өзі? Мүмкін оған біз «комсомолец» – өткен өмірдің өлшемі деп қарайтын шығармыз. Болмаса, бүліншілік белсендісі деген болымсыз ұғымдамыз ба? Сондықтан елегіміз келмейтін шығар? Бұл бейшаралық емес пе? Болашақ ұрпақ Ғаниды неге білмеуі керек? ...Біз Ғаниды қайдан білеміз және оған неге жүгіндік? Әрине, оны біз көзімізбен көре алмадық. Мен туғанда, мысалы, ол отыз беске келіп, ер үстінде ел басқарып жүретін кезі екен. Амал қанша, Алланың әмірімен бақилық болып, жер астына кеткеніне он екі жыл өтіпті. Мен он беске толғанда ел ерінің елу жылдығын атап өтіп жатты. «Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін» деп дана бабаларымыз тегін айтпаған. Жастармен ширек ғасыр қатар жүргенде, мен Ғаниды көріп, қызметтес болған, оның қамқорлығын көріп, көркейген кейінгі еліміздің ай маңдайлы азаматтарымен талай сырласып, Ғанидың асыл бейнесін жүрегіме түсіріп алғанмын. Содан әлі сақтап келем, ол ешқашан өшірілмейді. Қайта менің жанымды жылытып, қандай да бір ауыр кезді бастан кешсем де қажетті қуат беріп тұрады. Елуінші жылдардың бел ортасында мен институтқа түстім. Сонда бес жыл сүйікті ұстазым, ғұлама ғалым Әуелбек Қоңыратбаевтан дәріс алдым. Ол Ғанимен қоян-қолтық қызмет атқарған. «Жас алашты» шығаруға атсалысқан комсомол ардагері. Сол тұста апта сайын ақын Асқар Тоқмағамбетовтің алдына барып, әдеби сәрсенбілікте жас ақындар жарыса өлеңдерімізді оқитынбыз. Сосын азулы ақынның аузына қараймыз. Жылы сөз естісек, желпініп, айдарымыздан жел есетін. Асекең 20 жасында «комсомол ақыны» атанған, Ғанидың шәкірті. Оны Ташкенттегі ауыл шаруашылық техникумына апарып орналастырған да Ғани. Өз ағам Айтбай Хангелдин 1922 жылы Казинпросқа түсіп, сонда комсомол ұйымының хатшысы болған. Ғанимен күн құрғатпай кездесіп тұрған. Кейін екі кітаптан тұратын, «Ғанидың жұлдызы» дейтін роман жазып қалдырды. ...Елдің болашағы әркез жастардың қолында болған. Демек, қоғамның тағдыры жастардың мәселесін түбегейлі шешуге байланысты. Ал біздегі жастардың тағдыры «сен салар да мен салар» болып кеткен жоқ па? Бүйте берсек, олар жүн жеп, жабағы тастап кетпей ме? Сонда елдің ертеңі не болмақ? Әлде, біз кеткен соң бәрібір ме? Ғаниша ойласақ қайтер еді? Қайран, Ғани!..(«Керуен» кітабынан)
***
Мен бұдан бұрын «Шапақты шақ» деп аталатын екінші кітабымның (1973 жылы шыққан – Г.О.) қалай әзірленіп, қалай шыққанын айтқанмын. Арасына алты жыл салып шыққан осы екінші жинақ маған тың шабыт қоспады. Өлең жазудан қол суып қалса керек. Жазуды қойғаныма 11 жыл болған. Бұл кешірімі жоқ қылмыс. Енді ештеңе шықпас деген қорытындыға келдім. Тіпті қалам ұстауға батылым жетпеді десе де болады. Жастар бұрқыратып жазып жатыр. Олар менің тұстастарыммен бәсекеде. Ал менің тұстастарым бұл кезде белгілі ақын болып кеткен. Анау Сәкен Иманасов, анау Сабырхан Асанов, анау Тұрсынзада Есімжанов, анау Жақсылық Сәтібеков, анау Жұмекен Нәжімеденовтер мүйізі қарағайдай ақын болып алды. Мен оларға қызығам. Бірақ артта қалдым. Ұзап қалдым. Ендігі ұмтылыста не мән бар? Оның бер жағында Мұзафар ағамның (Әлімбаев) аталы сөзі санамда әлі жаңғырып тұр: – Е, сен мұнда екенсің ғой. Жап-жақсы ақын едің, мен сенің сол қасиетіңді ұнатушы едім. «Екі кеменің басын ұстаған суға кетеді» деуші еді. Мына қызметің құтты болсын! Бірақ абай бол! – деген еді-ау сонда. Мұны қалай ұмытарсың. Бұл қағиданы өзім де білем. Өзімнен-өзім шошынатыным да сол...(«Құбыла» кітабынан, 2006 жыл)
Мінез Өзгелерден кем көреді кім өзін, Менің де бар санама сай мінезім. Жақынымның сыйынары, сүйері, Қуанышы, қайғысы мен мұңы өзім. Мәрт болмасаң – мен де саған илікпен, Бәтуәсыз іске жөнсіз килікпен. Өзгелерге айта жүріп білгенді, Мен де жүріс үйренемін жүйріктен. Бәрімізді қолдап жүрсе сайын күн, Ақ ниетті ән етуге дайынмын. Сертке берік жігіттерге – желекпін, Дос сынына мен де сынбас қайыңмын. Балағаттап безгендерді арынан, Жан құлазып кейде мен де тарығам. Сеніміңді серік етіп сен келсең – Мен де саған ақ бұлақтай ағылам. Өсек-аяң іздеп желең жосыған, Екіжүзді сатқындардан шошынам. Арыңдай нақ ақ тілекке жүк артсаң, Мен де саған қол көтеріп қосылам. Нәсіп үшін қолқа салсаң – ұқпаймын. Досың үшін отқа түссең құптаймын. Жасы үлкенге кім болса да бас ием. Кішілерге кім болса да ықпаймын. Өзгелерден кем көреді кім өзін, Біреулер бар пір тұтатын бір өзін. «Сіз» дегеннің қайбіріне жағайын, Менің де бар ала-құла мінезім. Күн көреді кісілігін даулап кім? Бәрін жеңіп өтіп жатыр заулап күн. Мәртебесін желеу етіп желпінген Шіренген мен ісінгеннен аулақпын. Ұлықтардың көтермедім шашбауын. Ел үстінен күн көргендер – қас жауым. Сұғанақтық, жемқорлыққа жем болмай, Адамдыққа ту орнатсын жас қауым. Тілегім де, мінезім де бұл менің, Теріп келем имандылық гүлдерін. Бұл фәниде өмір сүрсем қанша күн, Пәк жүректі пенделермен біргемін.
2007 жыл
Дайындаған
Гүлбиғаш ОМАР