Ұлы даланың дүбірі – домбыраның күмбірі

Ұлы даланың дүбірі – домбыраның күмбірі

Ұлы даланың дүбірі – домбыраның күмбірі
ашық дереккөзі
Құрманғазысыз Қазақстанның мәдениеті, Қазақстанның музыка өнері, Қазақстанның бүкіл болашағын көзге елестету мүмкін емес еді. Сондықтан тағзым етіп отырған бабамыз шыр етіп жерге түскен әрбір қазаққа туғанынан мәлім. Әрбір қазақстандыққа белгілі. Қиын-қыстау заманда тәуелсіздігіміздің туын көтеріп жатқан кезде, болашаққа сеніммен бүкіл ұрпақ жұмыс істеп жатқан кезде, біздің барлығымызды ұлы бабамыз Құрманғазының аруағы желеп-жебеп жүрсін деймін.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ,

Қазақстан Республикасының  Президенті

Ұлт ұлыларды тудырса, ұлылар ұлт мәртебесін көтереді, рухын асқақтатады. Белгілі бір ұлт туралы айтқанымызда қадау-қадау тұлғалардың есімі есімізге түсетіні содан. Қазақ үшін аты ұлттың төлқұжатына айналған дара тұлғалардың бірегейі – Құрманғазы Сағырбайұлы. Халық «Күй атасы» деп атап кеткен ұлы күйшінің мұралары әлемдік музыка өнерінде қазақ сазының құдіретін таныта білді. Екі шекті аспаптан осыншалық әуенге бай, рухты шығармалар тудырған Құрманғазыны тірі кезінде көрген қазақтарды былай қойғанда, өзге жұрттың озық ойлы өкілдері де ұлы композитордың талантына тәнті болған. Оның қуатты шығармашылық құдіретіне таң қалған. Мәселен, 1820 жылы Орал казак офицерінің отбасында дүниеге келіп, 19 жасында Оралдың әскери училищесін тәмамдап, 50 жасына дейін әскерде қызмет еткен, студент кезінде Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларында болып, Еуропа мәдениетін бойына сіңірген, соңына 100-ден аса әдеби шығарма қалдырған қаламгер Никита Федорович Савичев өзінің естелігінде: «Әттең... Құрманғазының еуропалық білімі болғанда, оған музыка әлемінде тең келетін ешкім болмас еді-ау», – деп өкініш білдірген екен. Дегенмен 1934 жылы халқымыздың дара тұлғаларының бірі, композитор, академик Ахмет Жұбанов қазақ ұлт аспаптары оркестрін құрып, оған Құрманғазы аты берілгенде, соңынан тағы бір тұлғалы музыкант, әлемдік дәрежедегі дирижер Шамғон Қажығалиев Құрманғазы күйлерін оркестрге лайықтап, жаңа тыныс сыйлағанда, оны тыңдаған дүниежүзінің музыка қайраткерлері Құрманғазы Сағырбайұлының музыка әлемінде теңдессіз тұлға  екенін мойындаған-ды.

Күйшінің дүниеге келгені анық, бірақ...

Қазақтың көрнекті ақыны Қадыр Мырза Әли сонау кеңестік кезеңде жазған бір өлеңінде: Біздің тарих – бұл да бір қалың тарих, Оқулығы жұп-жұқа бірақ-дағы, – дегені бар еді. Бұл – бірнеше ғасыр бойы өздері туралы өзгелердің жазғанынан біліп, өзін өзгелердің көзімен таныған халықтың басындағы қасірет болатын. Ұлт тарихындағы талай шындық айтылмай, ақтаңдақ күйде қалғасын тарихтың шындығы туралы әңгіме айту мүмкін емес заманда талай нәрсе бұрмаланды, талай нәрсе түбегейлі зерттелмей қалды. Сол кемшіліктің салқыны Құрманғазы Сағырбайұлына қатысты деректерге де тиген сияқты. Кейінгі кезде Құрманғазы Сағырбай­­­­ұлының туған-өлген жылдары мен туып-өскен жері жайында қайшылықты пікірлер көріне бастады. Қазір Уикипедияны қарасаңыз туған жылын 1818 жыл, қайтыс болған кезін 1889 жыл деп көрсетіп тұр. Осыған байланысты болса керек, биыл ұлы күйшінің туғанына 200 жыл толды деген мәліметтер түрлі БАҚ беттерінде көрініп жатыр. Расымен биыл ұлы күйшінің туғанына екі ғасыр толды ма? Жасыратын несі бар, Құрманғазы Сағырбайұлының өмір сүрген кезі туралы осы кезге дейін түрлі пікірлер айтылып, нақты бір тоқтамға келе қоймағанымыз себепті оның мерейтойларын өткізуде өкінішті жағдайлар орын алғаны белгілі. Тіпті, Құрманғазының туғанына 175 жыл толуы Атырау облысында 3 рет атап өтіліпті. Ұлы күйші бір жерде 1806 жылы туған деп жазылса, тағы бір жерде 1818 жылы туған деген мәліметтер баспасөзде айтылып, кітаптарға кіргізілген. Мәселен ҚР Білім және ғылым министрлігі, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясы, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты, Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты 2000 жылы «Атамұра» баспасынан шығарған көптомдық «Қазақстан тарихының» 3-томы, 554-бетінде Құрманғазы Сағырбайұлы «1806 жылы туып, 1879 жылы дүниеден өткен» деп жазылса, «Мектеп» баспасынан 2004, 2012 жылдары шыққан, 8-сыныпқа арналған «Қазақстан тарихы» оқулықтарында (авторы Жанұзақ Қасымбаев) күйшінің өмір сүрген уақытын 1818-1889 жылдар деп көрсеткен. Ал ҚР Ұлттық энциклопедиясының 6-томында (Алматы, 2004); «Арыс» баспасынан шыққан «Құрманғазы» атты жинақта (Алматы, 2004ж. құрастырушы М.Ізімұлы), 2016 жылы «Мектеп» баспасынан шыққан 8 сыныпқа арналған «Қазақстан тарихы» (авторлары Ж.Қасымбаев, Т.Омарбеков) оқулығында Құрманғазының туған жыл 1823 жыл деп берілген. Ең бастысы қайтыс болған жылы қилы деректерде әртүрлі көрсетілген.  Нақты шындық қайсысы? Біздіңше, бұған Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры Амангелді Шамғоновтың ult.kz сайтында жарияланған мақаласындағы мына пікірлер толығырақ жауап берсе керек: «XX ғасырдың 90-жылдарында-ақ ұлы сазгердің туған, қайтыс болған жылдары толықтай анықталды. Осы мәселе төңірегінде шұғылданғандардың ішінен архив қызметкері Мақсот Жолжановтың еңбегін ерекше айтқан жөн болады. Ол Астрахан облысының мемлекеттік архивінен 1882 жылы Астрахан облысына қарасты Краснояр түрмесінде отырған Құрманғазы Сағырбайұлының есімі тұсынан оның ұлтын, сотталу себебін, үкімін, жаза мерзімін, жасын көрсететін дерек тапқан. (АОГА, 203-қор, 629-іс, 21,31-парақтар). Сол деректерде Құрманғазы 1882 жылы 59 жаста деп көрсетілген. (1882-59=1823). Олай болса, Құрманғазы Сағырбайұлы 1823 жылы дүниеге келген. Ұлы күйшінің құлпытасында оның 73 жас өмір сүргені жазылғаны белгілі. Олай болса, 1823+73=1896. Сөйтіп, архивтік деректер бойынша Құрманғазы Сағырбайұлы 1823 жылы туып, 1896 жылы қайтыс болған». Дегенмен мәселенің нүктесін сол кезде ҚР Ұлттық Ғылым Академиясына қарасты М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында құрылған арнаулы сараптау комиссиясы қойды. Сол комиссияның шешімі төмендегідей: «ҚР Ұлттық Ғылым Академиясы М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты халық композиторы Құрманғазы Сағырбайұлының туған, өлген жылына қатысты сарапшылық комиссияның қорытындысын хабарлайды. Архив деректері мен зерттеушілер М.Жолжанов, И.Кенжалиев, Қ.Жұмалиев, Ұ.Рахметуллиннің пікірлерін мұқият сараптай отырып, халық композиторы Құрманғазы Сағырбайұлы 1823 жылы туылып, 1896 жылы дүние салған», – деген қорытындыға келді». Ал енді ұлы күйшінің туған жері туралы айтар болсақ, бір деректе «Құрманғазы Сағырбайұлы Атырау облысы, Құрманғазы ауданында дүниеге келді» десе, тағы бірінде «Батыс Қазақстанның Жаңақала ауданында туды» деп жазылып келеді. Бұл деректерді ұсынғандар –  Құрманғазының өмірін зерттеген композитор, академик Ахмет Жұбанов пен тарихшы ғалым Исатай Кенжалиев. Сол сияқты туған жерін «Бекетай құмы» деп есептейтіндер бар. Ал жазушы Өтепберген Әлімгереев «Құрманғазы» деген кітабында («Арыс» баспасы, 2012 жыл): «Шындығында күйші Құрманғазы ауданының Жиделі құмында туылған. Бөбек деген жерде Сағырбай қыстауының (Құрманғазы емес), сондай-ақ 6 жасынан Шақбала, Өтешқали байлардың қозысын бақса, олардың қыстау орындары әлі бар», – дейді. Негізінде бұл деректердің жаны бар екен. А.Жұбанов «Құрманғазы» деген зерттеу кітабында күйшінің 6 жасында Шақбала деген байдың қозысын баққанын айтып өткен екен. Осыны әрі қарай дамытқан Ө.Әлімгереев әлгі кітабында Құрманғазының артынан қудалау көбейіп, түрме төріне көбірек қонақтаған соң қоныс өзгертіп, Жаңақаланың 16-ауылына қарасты Көктерек жерінде біраз тұрған соң, аз ғана уақыт Шортанбайда, одан Астраханның Сахмасына («Султановка» деген мекен) көшіп келгенін айтқан. Астрахан түрмесінен қашып шығып, Мақаш әкімнен (Мұхамбетжан Шолтырұлы Бекмұхамбетов. 1830 – 1904) басына бостандық алуына көмек сұрап барғанда ол: «Сіз енді Жиделіні ұмытыңыз, өйткені Ордада әлі күнге жабылмаған ісіңіз жатыр. Сондықтан ол жаққа аяқ бассаңыз тағы да ұстап, қамайды. Қалған өміріңізге қолайлы жер Астраханның теңіз бетіндегі мың аралдың бірі, ауылдастарыңыздың арасы – Сахма болып табылады. Керек болса, мен Уақытша кеңестің басшысы генерал-губернатор Лазаревскийден «Құрманғазы енді ешкімге де зияндық істемейді, өзім кепіл боламын» деген анықтама алып берейін», – (А.Жұбанов, Құрманғазы, 1978 ж) депті. Осындай жайларды елеп-екшей келе Ө.Әлімгереев: «...осы жайларды болашақта нақтылап, жүйелеп, нүктесін қою керек. Әйтпесе, әлі күнге Құрманғазыны атыраулықтар бізде, ал батысқазақстандықтар болса өздерінде туған деп есептейді. Бірақ Жаңақалада жүрген қызылқұрттардың (Құрманғазының руы. – А.Ө) ел құрып, су құрып, Астраханның әр жағы, теңіз қолтығына тығылып несі бар, одан суы, нуы бар Көктерегі мен Фокейінде жүре бермей ме? Қазыны (Құрманғазының ұлы. – А.Ө) өзінен бұрын Астрахан бойында балықшылық қызметке орналастырып, өзі ту анау Манаштың Есқұлынан қыз алып, түтін түтетіп қайтеді? Оған қос  ел қариялары аузында Құрманғазы әбден қартайып, әлі бітіп, күші азайған тұста алыстағы Алтынжардан жер түбіндегі қандастарына: Қошалақ, Бесшоқы мен Жиделілер, Мені де не дейді екен елдегілер. Мекенім осы күнгі Сахмада, Дұғай сәлем атажұрт пенде білер, – деп сағыныш саздарын жолдапты деседі. Ойлап көріңізші, Жаңақаланың Жиделісінде дүниеге келген Құрекең болса, бір жақтағы Қошалақ пен Бесшоқыны жырға қосып, сағынатындай несі бар?!», – деп пікірін дәлелдейді. Демек, Құрманғазы Сағырбайұлы 1923 жылы Атырау облысы Құрманғазы ауданының Жиделі құмында дүниеге келіп, 1896 жылы Ресейдің Астрахан облысының Алтынжар деген жерінде дүние салды деуге негіз бар. Ұлы тұлғалар жайында дұрыс деректің берілуі – ұлтымыздың, мемлекетіміздің тарихы үшін өте маңызды.

ТАҒДЫРДЫҢ БАС ИМЕГЕН  ДЫРАУЫНА

Әр заман өз алыбын тудырады. Өйткені заманның ауыртпалығы жігерсізді жаншып тастаса, қайсарларды қатайта түседі. Шарболатты қайраған сайын өткірлене түсетіні секілді, қайсар таланттар дәуірдің дауылынан шабыт алып, өлмес туындыларды дүниеге әкеледі. Аласапыран тұста дүниеге келіп, өз кезінің оқиғаларын жырға қосу арқылы рухты жырларымен халқына жігер берген Махамбет ақын секілді Құрманғазы да бойына сіңген қазақтың күй өнерімен артына өлмес туындылар қалдырды. Ұлы күйші ес жиып, етек жауып, оң-солын тани бастаған кез – қазақ халқының Ресей империясының бұғауынан шыққысы кеп, бұлқынып жатқан кезі еді. Қазақ халқының хандық құрылымы бітуге таяу, Құрманғазы туып-өскен қазақ елінің батысындағы соңғы хан – Бөкей Ордасының соңғы ханы, Әбілхайыр ханның шөбересі, Нұралы ханның немересі Бөкейұлы Жәңгірдің хандық кезеңі аяқталуға жақын қалған шақ еді. 1830 жылы Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған шаруалар көтерілісіне қатысқандардың ішінде Құрманғазы да болды. Сол көтерілісте азаттық үшін алысып, хан төккен халықты өз көзімен көрген ұлы күйші «Кішкентай» атты күй шығарады. Исатай-Махамбет көтерілісі жеңілген соң жұрт қатты қудаланып, жазалауға ілінеді. Солардың қатарында Құрманғазы да өкіметке қарсы шыққан адам ретінде 1957 жылы түрмеге отырғызылады. Бірақ Сібірге айдалайын деп жатқан жерінен түрмеден қашып шығады. Алайда ұзамай тағы ұсталып, Орынбор түрмесіне қамалады. Бұл жолы оны генерал-губернатор Перовский қолдап, қамаудан босайды. Еркіндікке шыққан Құрманғазы түрме тақырыбына «Пәбеске», «Қайран шешем», «Перовский маршы», «Ертең кетем», «Кісен ашқан», «Терезеден-есіктен», «Түрмеден қашқан», «Арба соққан», «Бұқтым-бұқтым», «Не кричи, не шуми», «Машина», «Аман бол, шешем, аман бол», «Бозқаңғыр» деген күйлерін шығарып, басынан өткен жайларды күй тілімен сөйлетеді. Заманның басқа салған зобалаңын осылайша музыкамен жеткізген Құрманғазы болған жайлар туралы күңіренген шындықты күмбірлеген домбырамен кейінгілерге аманаттап кетті. Үлкен дарындар ақиқатты айтам деп, қасіреттің тереңіне шым батып, күңірене бермейді, нағыз шындықты өмірге ғашық жүректің дүрсілімен де жеткізеді. Бұл жағынан алғанда Құрманғазының «Адай», «Сарыарқа», «Балбырауын», «Серпер», «Қызыл қайың», «Ақсақ киік», «Төремұрат», «Қуаныш», «Ақжелең» секілді күйлері адам рухының асқақтығын танытатын, тыңдаушының жігерін оятып, серпілдіретін шығармалар. «Жігер», «Ақбай», «Кішкентай», «Көбік шашқан» секілді күйлері үлкен философиялық мәні бар, мағынасы терең туындылар. Ол күйлер – тағдырдың талқысына, өмірдің қаталдығына музыка арқылы берілген жауап, жан шырылының белгісі. Ал «Алатау», «Демалыс», «Амандасар», «Айда, бұлбұл, Айжан-ай», «Бас Ақжелең», «Ұзақ Ақжелең», «Ойбай, балам», «Терісқақпай», «Лаушкен», «Саранжап» секілді көңілге ой салып, қиялды шарықтататын күйлері өз алдына бір әлем. Қазақтың аспапты музыка өнерінің классигі Құрманғазы Сағырбаев шығармалары – оны суреткер ретінде даралап көрсетуге мүмкіндік береді. Ол бір емес, бірнеше ұрпақтың тағдырына ықпал-әсерін тигізген концептуалды күйші. Оның жан-жақты, сан қырлы дарыны күй әуезін алуан түрлі сарынмен әрлеп, қазақтың ұлттық музыкасында бар күллі стильді қамтыды. Оның музыкасының жай ғана музыкалық мақсатта құрылмай, өмірлік дерегі бар ойларды күй қылып шалқытып, табиғи қалпымен сөйлетуі – халықтың жүрегіне жол тапты. Құрманғазының асқақ рухты күйлері ешқашан ойын-сауықта жәй көңіл көтеретін музыка болып қалған емес, керісінше ғасырлар бойы халқының еңсесін көтеріп, қалғып бара жатқан рухты түртіп оятатын намыстың оты болды. Себебі оның күйлерінің бойында азаттыққа ұмтылған халықтың арманы мен үміті, мақсаты мен ұмтылысы тұрды. Оның арқа қоздырар «Адайы» мен сарқырамадай «Сарыарқасы» шертілгенде елдің делебесі қозып, жүрегі тулап тұратыны содан. ...«Кім қаншама шексіз сүйсе отанын, Оның тартар азабы да соншама» деп Жұмекен Нәжімеденов айтпақшы, үлкен қасіреті жоқ елден ұлы тұлғалар шықпайды. Халқының басынан өткен дауылды жылдарда – он тоғызыншы ғасырдың бас кезінде туып, сексенінші жылдарында дүниеден өткен Құрманғазының өмірінің көбі қуғында өтті. Бірақ соққан сайын шыңдала түсетін шарболат сияқты көшпелі елдің қайсар ұлы өзінің «Аш бөрі» деген өлеңінде айтқандай: Ас жетер көңіл жетсе бір ауылға, Іс етер жігіт қайда бұл қауымға. Қайтпаған қалың жаудан Құрманғазы, Тағдырдың бас имейді дырауына, – деп өзін асқақ ұстады. Халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтады. Тәлкекке салғысы келген тағдырдың қысастығына бас имеді. Сонысымен өзінің де, елінің де мықтылығын танытқан Құрманғазының өнері де, өмірі де өзі сүйген қара орман халқына қайсарлықтың, батылдықтың үлгісі болды.

 КҮЙЛЕРДЕ ТАРИХ БАР, ӨМІР БАР

Талант – қанша ерекше құбылыс болса да, оның нәр алар тамыры бар, тамыр тартар  тереңі бар нәрсе. Сондықтан ол тақыр жерден өсіп шықпайды. Құрманғазының көзін ашқан, оның өнеріне тірек болған батыс күй мектебі. Ол Байжұма, Баламайсан сияқты дәулескер күйшілердің өнерін өнеге тұтып, қазақ күй өнерінде жалғыз-ақ күйімен танылған Соқыр Есжан секілді күйшіні көріп, Ұзақ күйшіні ұстаз тұтқан. Кезінде көптеген күй шығарып, мықты күйші ретінде танылған Ұзақ күйшіден бұл күнге «Ақжелең» атты бір-ақ күйі жеткен. Бірақ ол құдіретті Құрманғазының ұстазы ретінде тарихта қалды. Сол секілді Құрманғазының атақты күйші Дәулеткерей Шығайұлымен кездесуі екі ұлы музыканттың өнеріне игі әсерін тигізген. Оны ел аузында әлі күнге дейін айтылатын күй-аңыздарынан білуге болады. Мысалы, Дәулеткерей мен Құрманғазы кездескенде күй тартысады. Алдын Дәулеткерей бір күй тартып, оның атының «Бұлбұл» екенін айтады. Содан соң Құрманғазы бір күй тартқанда Дәулеткерей: «Мынауыңыз «Бұлбұлдың құрғыры» болды ғой», – деген көрінеді. Құрманғазының бір күйі расымен де солай аталады. Қазақтың өзіне тән ерекше өнерінің бірегейі – күй өнері десек, соған байланысты айтылатын әңгіменің бірі – күй аңызы. Күй аңызы талай ғасырдан бері күй өнерінің мән-мағынасын түсіндіріп келе жатқан ерекше жанрдың бірі. Оның басты ерекшелігі – күйлер мен күйшілер туралы қызықты деректер жеткізумен бірге күй жанрында шыққан музыкалық шығармаларды танып-талдауға мүмкіндік береді. Құрманғазы туралы айтылатын күй-аңыздары мен оның күйлерінің қалай туғаны жайында әңгімелер көп. Құрманғазының әйгілі «Аман бол, шешем, аман бол» деген күйі жайында мынадай әңгіме бар. Құрманғазы түрмеден қашып шығып, үйіне келіп, енді ғана анасы Алқаға маңдайын иіскетіп, сағынышын басып тұрғанда сол бойда қуғыншылар жетіп келіп, күйшіні тұтқындаған көрінеді. Жасауылдар қолына кісен салып әкетіп бара жатқанда, тым құрыса бір күн анасының жанында болуға мұрсат бермеген тағдырға налып, шарасыздықтан Құрманғазының көзінен жас шығып кетсе керек. Сонда қайсар ана баласының жағынан тартып жіберіп: «Менің ұлым ер деп жүрсем, ез бе едің? Дұшпаныңның алдында көзіңнің жасын көрсетпе!», – депті. Осылайша рух берген анасына риза болған күйші «Аман, бол, шешем аман бол... аман бол, шешем, аман бол...» деп тоқтаусыз ыңылдап бара жатыпты. Кейін осы бір ауыз сөз бүкіл күйдің бойында тоқтаусыз қайталанып, ерекше пішінді күй өмірге келген деседі. Жалпы, Құрманғазының әр күйінің тарихы бар. Мысалы «Кісен ашқан» күйі. Құрманғазыны босату жайында берілген Перовскийдің бұйрығы орындалмай, түнде айдап бара жатқан конвойды қағып жіберіп, қашып кетеді. Таң ата бір малшы қазақтың үйіне жетіп құлап, олар күйшіні тамақтандырып, жарасын емдейді. Біраз тыныққасын Құрманғазы домбыра алдырып, бірнеше күй тартады. Ең соңғы күйінде қайғының үні шыққанын білгендер күйдің атының «Кісен ашқан» екенін айтады. Осының бәріне бұрын түрмеден қашқан кездегі оқиғалар себеп болған екен. Құрманғазы түрмеде достасқан Лавочкин саяси көзқарасы үшін қамалған көрінеді. Соған бір күні анасы тамақ әкеліп, ішінде болат кескіш ара барын ыммен жеткізеді. Сөйтіп, түнде Лавочкин екеуі түрме бақылаушысының көмегімен қашып шығады. Содан бір сайдың бойына келіп, кісенін шешіп отырғанда осы күйдің әуені ойына келген екен. Ал Лавочкиннің анасына «Лаушкен» деген күйін арнапты. Құрманғазы туралы осындай әдемі аңыздармен қоса кейде бұра тартушылыққа жол беретін әңгімелерді айтып жүргендер аз емес. Соның бірі Құрманғазының «Адай» күйі туралы. Кейінгі кезде, қайдан шыққаны белгісіз, біреулер «Адай» күйін Ақмаңдай деген қыз шығарыпты дегенді де айтады. Ал шындық қалай? «Адай» күйіне байланысты күй-аңыз мынадай: Құрманғазы бірде Каспий маңында жолаушылап келе жатып, бір ауылға түседі. Құдайы қонақ болып төрде отырған күйші керегенің басында ілулі тұрған үкілі домбыраға көзі түсіп, бұл үйде өнерпаз жанның барын біледі. Сынамақ үшін домбыраны алып, бұрауын теріс келтіріп, қайта орнына іліп қояды. Біраздан  кейін кемпір-шалға еріп, бір жас қыз келеді. Келеді де домбырасын қағып көріп, «мына домбыраға кім тиген» деп қайта бұрап, бір күйді тартады. Сонда Құрманғазы: «Шырағым, күйдің шоғын емес, боғын тарттың-ау» деп бір күй тартыпты. Ол күй «Адай» күйі екен. Жалпы, Құрманғазы күйлері жайында аңыз да, әңгіме де көп. Тек олардың бәрін бірдей келтіріп отыру мүмкін емес. Біздің бұл орайда айтпағымыз – ұлы күйшінің әрбір күйі өмірмен, халықпен тығыз байланысты. Музыка зерттеушілері Құрманғазы жалпы 300-ден аса күй шығарған, тек соның 60-қа жуығы осы заманға жеткен дейді. Демек біздің тыңдап жүргеніміз ұлы музыканттың шығармаларының бестен біріндей ғана екен. Соның өзі бір халықты әлемге танытуға жараса, одан асқан ұлылық бар ма?!

ҚҰРМАНҒАЗЫНЫ ДӘРІПТЕУ – ҰЛТТЫ ДӘРІПТЕУ

Кейінгі кезде ұлт рухын көтерген әйгілі тұлғалар жайында қыңыр әңгімелер қисық ауыздардан естіліп қалады. Әрине, заман өзгеріп, дәуірлер алмасып жатқанда бұрынғының кейбір нәрселері жаңа заман талабына жауап бермей қалып жататыны бар. Бірақ жаңашылдықтың жөні осы екен деп, тиянағы аз, негізі жоқ пікірлерге үйір болу – жаңашылдыққа ұмтылған жаңа заман адамын парасатты қылып көрсетпейді, керісінше, руханиятқа зиянын тигізеді. Бізде Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы секілді ірі өнер мекемелері бар. Алдыңғысының құрылғанына 84 жыл, соңғысының ашылғанына 74 жыл болды. Біріншісі – құрылған кезінен бастап, екіншісі – ашылғанына бір жылдан кейін Құрманғазы Сағырбайұлы есімін иеленді. Ол ұлы күйшіге деген қазақ халқының шынайы құрметі болатын. Сондықтан халық Құрманғазыны «Күй атасы» деп атайды. Міне, біреулерге осы «Күй атасы» деген дәреженің Құрманғазыға байланысты айтылуы ұнамайтын секілді. Құрманғазы да өзінен бұрынғылардан үйренді, өнегесін алып, ұстаз тұтты. Бірақ түптің-түбінде алдыңғылардан өнерінің ауқымдылығымен, тереңдігімен озды. Демек, Құрманғазыны «күй атасы» деуде тұрған еш әбестік жоқ, керісінше өте орынды. Өйткені Құрманғазының артына мол мұра қалдырғанын былай қойғанда өз дәуірінде Көкбала, Меңетай, Меңқара, Сүгірәлі Торғайбай, Шора сынды домбырашыларға әсер етіп, Дина Нұрпейісова, Ерғали Есжанов, Меңдіғали Сүлейменов секілді шәкірттер қалдырған. Оның күйін бүгінге жеткізуде Мұрат Өскінбаев, Құбыш Мұхитов, Қали Жантілеуов, Оқап Қабиғожин, Рысбай Ғабдиев секілді күйшілер, шебер музыканттар тер төкті. Күйлері оркестрлермен орындалып, әлем жұртының назарын аударып жатыр. Бұның бәрі Құрманғазының ұлтымыз үшін қандай құрметке ие екенінің көрінісі. Биыл елімізде Құрманғазының 200 жылдығын мемлекеттік дәрежеде тойлау белгіленген. Ал ғалымдарымыздың есебінше, биыл Құрманғазы Сағырбайұлының туғанына 195 жыл толады екен. Сондықтан ғалымдар тарапынан биыл елімізде Құрманғазының 195 жылдығын тойлап, 2023 жылы ұлы күйшінің 200 жылдығын ЮНЕСКО көлемінде атап өтсек деген ұсыныс бар. Өйткені ЮНЕСКО негізінен жүзжылдықтарды ғана атап өтеді және оған ұсыныс бес жыл бұрын жасалуы керек көрінеді. Демек, соны осы бастан ескерсек, нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені Құрманғазыны дәріптеу – ұлтты дәріптеумен бірдей игілікті іс. ...Құрманғазының жолбарыстай жортып, Сарыарқадан салдыртып өтіп бара жатқаны, туған елін, жерін қимай артына қайта-қайта қарағаны, елсізде ерінің қасындағы домбырасын алып, Сарыарқаның күйін, алтын бесігінің жырын жырлағаны – елінен еріксіз кетіп, амалсыз алыс сапарға шыққанын көрсетіп тұр еді. ...Жиһанкез күйші – Құрманғазының басқа күйлері сияқты «Сарыарқасы» да боз үйде сапырулы қымыз ішіп отырғанда, еріккеннен шығарған күй емес. Бұл – өмірінің біте қайнаған бөлігі, өмірдің күйі, ызалы жүректің шығарған күйі еді. Бұл жай күй емес, халықтың қаһарлы үні еді. Тарихы еді қазақ халқының – «Сарыарқа»!

Ахмет ЖҰБАНОВ,

академик

  ...Ежелгіні сол қалпында оралтамыз деп ойлау есіріктік. Бірақ өткенде қандай іргелі ел болсаң, ертең  де солай іргелі ел бола алатындығыңнан күдер үзу  –  ездік. Құрманғазы  күйлері есіріктікке де, ездікке де бірдей қарсы. Сондықтан жылатады да, жұбатады да, шамыңа тиіп, шабытыңды қайрайды да... Сол арқылы өз тілеуіңді өзің кесуден, өз үмітіңді өзің үзуден, уайымыңа өзің уланып, өз деміңе өзің тұншығудан сақтайды. Өзінің осалдығын жеңе алған халық өзгенің озбырлығын да жеңе алады. Құрманғазының сонау кері кеткен заманның өзінде жер болып жентектеліп бара жатқан ұлттық сананы желпінтіп, қайратына қайта мінгізердей дауылпаз күйлер шалқытатыны содан.

Әбіш КЕКІЛБАЙ,

Еңбек ері