ТӘУЕЛСIЗДIКТI ДҰРЫС БАҒАЛАП ЖҮРМIЗ БЕ?

ТӘУЕЛСIЗДIКТI ДҰРЫС БАҒАЛАП ЖҮРМIЗ БЕ?

ТӘУЕЛСIЗДIКТI ДҰРЫС БАҒАЛАП ЖҮРМIЗ БЕ?
ашық дереккөзі
313

Тәуелсiздiк бiз үшiн қандай ұғым? Бағзыдан бағымызға бiткен ұлан байтақ жерiмiзден шашау шығармай қасық қанымен қорғаған ата-бабамыздың асқақ арманы да сол бодандықтан құтылып, өзiнше бiр дербес мемлекет болуға ұмтылу емес пе едi?! Сол үшiн жанын пида етiп, кеудесiн оққа төсеп, жауға қарсы шаппап па едi! Кейiнгi ұрпақтың бейқам тiршiлiгi үшiн күресiп, осы жолда өздерiн құрбандыққа шалған жоқ па едi?! Шүкiр, әруақты ата-бабамыз бұл бақыттың дәмiн татпаса да, бейбiт өмiрдiң таңы атқанын iштей сезiп-бiлдi. Елiмiздiң кең жазира даласын, су-тасы мен өзен-көлiн бiздерге, яғни, егемендi елдiң болашақ азаматтарына аманат етiп тапсырды.

Бiз сол қасиеттi Тәуелсiздiктi дұрыс бағалап жүрмiз бе? Бiле бiлсек, бұл күнге жету жолында қаншама қазақтың қаны төгiлдi. Кешегi ызғарлы Желтоқсанда қаншама өрiмдей жастар опасызда мерт болды. Оқудан қуылды. Мемлекеттiк қызмет айналасынан аластатылды. Өз ортасына қарабет, бұзақы боп көрiндi. Опық жедi, бармақ шайнады. Сол желтоқсаншылар бүгiнгi ұрпақ үшiн намысы жанып тұрған қайсар батырлар, өз Тәуелсiздiгiн мойындауға асыққан ержүрек, батыл жандар, қаны мен жүрегi “Қазақпын!” деп дүрсiлдей соғатын, елiн, Отанын сүйетiн азаматтар!

Ендеше бүгiнгi бiздiң сайран құрып, аяқты алшаңдап басып жүргенiмiз сол хас батырларымыздың арқасы! Алайда, бiз неге осынау тарихи күнiмiздi бiр шетке ысырып қоямыз? Кеше ғана елiмiздiң Тәуелсiздiгiне 17 жыл толды! Былай қарағанда аз да, көп те уақыт емес. Десек те, адам баласының кәмелеттiк жасқа келiп, ақыл тоқтатып, толысатын шағы. Иә, 17 жыл бұрын елiмiз өз егемендiгiн алып, бөлек отау құрып, тәй-тәй басқан баладай болашақтың баспалдағына өрмелей бастады. Тыраштанған еңбектiң арқасында қазiр әжептәуiр биiктен көрiне бастадық. Бүкiл дүниежүзi Қазақ елiн, Қазақ халқын, Қазақ жерiн танып-бiлдi. Тiптi, қазақ елiнiң ертеңiне күмәнмен қарайтын бәзбiр мемлекеттер бүгiнде инвестицияларын салып, қоян-қолтық әрекет жасап, өзара ынтымақтасу ниеттерiн бiлдiрiп келедi. Бұл да болса, егемен елiмiздiң өз даму жолында жемiстi еңбек етiп жатқанын бiлдiрсе керек.

Алайда, бiзге ғана емес, жалпы елiмiздiң патриот азаматтарына түсiнiксiз жайт бар. Ол “Қазақпын” деп от пен суға басын тiккен батырлардың ұлы асқақ арманының арқасында жеткен — Тәуелсiздiк күнi мерекесiн дұрыс бағаламай, жүрдiм-бардым қарауы. Айналаңызға зер сала қараңызшы. Кез келген мекеменiң мемлекетiмiздiң ұлық мейрамы — Құрбан айт, Тәуелсiздiк мерекесiнен бұрын Жаңа жылға қатты асыққаны көрiнiп тұр. Тiптi, маңдайшасына “Жаңа жыл құтты болсын! Жаңа жылыңызбен!” деген құттықтау билбордтарын желтоқсан айының басында-ақ iлiп тастады. Жаңажылдық шыршалар, көздi жаулап алатын жылтыр-әшекей бұйымдар… Ал бүкiл халық болып атап өтуге тиiстi басты мереке — Тәуелсiздiк мейрамының тасада қалып жатқаны көңiлге кiрбiң салады екен. Неге бiз 22 жыл бұрын, тiптi, 90 жыл бұрын елiмiздiң тәуелсiздiк алу сатысында тар жол тайғақ кешкен желтоқсаншылар мен Алаш азаматтарының асқан ерлiгiн ұмытамыз? Әрбiрден соң, естен шығаруға да хақымыз жоқ қой. Сол талай жылғы маңдай тер мен адуынды айқастардың, жеңiстер мен жеңiлiстердiң арқасында туымыз көкте желбiрегенiн бiлсек те, бiлмегенситiнiмiз өкiнiштi.

Неге екенiн бiлмеймiн, Тәуелсiздiктiң туын мұрат тұтқан алашордашылар мен желтоқсаншылар туралы тек осы желтоқсан айында ғана әңгiме етемiз. Негiзi қазақ халқы үшiн Тәуелсiздiк — мәңгi өлмейтiн, өшпейтiн тақырып болуы тиiс. Өскелең ұрпақты осынау заңғар биiк белеске жету баспалдағымен, тәуелсiздiк тарихымен күн сайын етене жақын таныстырып отыру артықтық етпес. Бiлiм ұяларында, балабақшада, жоғары оқу орындарында, қоғамда Тәуелсiздiк жайында мол мағлұмат берiлiп, патриоттық рухта тәрбие берiлсе құба-құп. Ол үшiн тәлiм-тәрбиенi әуелi өзiмiзден бастасақ игi. Әлгiндей Тәуелсiздiктен бұрын Жаңа жыл, Валентина мерекесiн тойлауға асыққан мекемелер мен ұйымдарға, қоғамдық көлiктерге арнайы талап қойылса. Оны қаламыздың Тiлдердi дамыту басқармасы, Iшкi саясат департаментi қадағалап отырса, олар да айылын бiртiндеп жияр едi.

Кез келген мемлекет қай кезде де бiрiншi орынға өзiнiң Тәуелсiздiк алған бақытты күнiн қояды. Бұл күнi басқа шаралар мен мерекелердi ысырып қойып, тек қана ұлы мейрам туралы тәрбиелiк мәнi зор патриоттық әңгiмелер айтылады. Және ең бастысы мұны жәй ғана сөзбен емес, тарихи құнды дерек көздерiмен, бейнетаспа көрiнiстерiмен дәлелдеп, Тәуелсiздiктiң терең тарихына бойлауға мүмкiндiк бередi. Ал, бiзде ше? Тәуелсiздiктiң бастауы болған — Алашорда үкiметi, Алаш тарихы туралы “Алаштың 12 желтоқсаны” деректi фильмi түсiрiлiп бiтiп қалды. Режиссер Қалила Омаровтың тәуелсiздiкке ұмтылған алаш арыстарының жүрiп-тұрған жерлерi — Орынбор, Санкт-Петербордан деректi фильмiне көптеген тың дерек-мағлұматтар тауып, жарыққа шығаруға кiрiскенi қуантады. Ал режиссер Қалдыбай Әбеновтың 1986 жылғы ызғарлы Желтоқсан көтерiлiсi жөнiнде түсiрген “Аллажар” фильмiн әлi күнге телеарналардан көре алмай жүрмiз. Әйтеуiр, Желтоқсан көтерiлiсiне — 20 жыл толған кезде жұрт тәуелсiздiктiң бұрқанған қаны қайнап тұрған фильмдi “Қазақстан” кинотеатрынан көре алды. Алайда, түкке тұрмайтын дүниелердi, атыс-шабыс киноларды көрсететiн елiмiздiң телеарналары “Аллажар” фильмiн теледидардан көрсетуге құлықсыз. Әрбiрден соң, бұл фильм архив қойнауында жатып-ақ ескiрiп кеттi. Оны қайта өңдеу үшiн қаражат қажет. Құдайға шүкiр, бiзде қалталы азаматтар баршылық. Әншейiнде той-томалаққа 5-10 автокөлiк тiгетiн Атымтай жомарттар “Аллажар” фильмiн де толыққанды қайта өңдеуден өткiзуге қаржы бөлсе. Қаржы бөлiп қана қоймай, қазақтың қыршын жастары қиылған Желтоқсан көтерiлiсi туралы түсiрiлген жалғыз фильмдi телеарнадан көрсетуге мұрындық жасаса деген ой бар.

Тәуелсiздiкке — 17 жыл! Бұл күн қазақ үшiн қасиеттi, ұлы күн! Тәуелсiздiктiң жолында құрбан болған жастарға тағзым етiп алаңға бардым. Қара-құрым адам. Кеудесiнде намыс оты бар айбынды жастар мен сол от пен суға түскен “Желтоқсан көтерiлiсiнiң” кейiпкерлерi — желтоқсандықтар бар екен. 1986-ның мұңлықтарына арналған “Желтоқсан” монументi басына гүл шоқтарын қойып, әруақтарға Құран бағыштады. Көздерiне жас алып, бiр сәт үнсiздiк жариялады. Көз алдыма 1986 жылғы Желтоқсан көтерiлiсiнiң батырлары бiрiнен соң бiрi тiзбектелiп келе бастады…

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары