Ұлытау өңірінің 76 жастағы тұрғыны, саяхатшы Сәрсенбай Қотырашов Еуропаға жасаған жаяу сапарын сәтті аяқтап, халықаралық деңгейде марапатқа ие болды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Саяхатшы Ulytauman лақап атымен танымал. Ол 2026 жылдың 3 наурызында жолға шығып, 53 күн ішінде Сербия, Мажарстан, Аустрия, Германия және Франция аумағын жаяу жүріп өтіп, шамамен 3 мың шақырымды еңсерген. Париж қаласында оны дипломаттар мен ЮНЕСКО өкілдері қарсы алған.
Сапар барысында түрлі қиындықтар туындаған. Автобандармен жүруге шектеу болғандықтан, ақсақал жолсыз аймақтар мен велосипед жолдарын пайдалануға мәжбүр болған. Тіпті жүк артылған арбасы да шыдас бермей қалғанымен, саяхатшы межелі жерге жеткен.
Осы жетістігі үшін Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев Сәрсенбай Қотырашовқа "Құрметті спорт қызметкері" атағын табыстады.
Министрлік мәліметінше, саяхатшы бұған дейін де ірі жорықтарымен танылған. 2022 жылы ол Қазақстанның 17 облысын жаяу аралап, 8 мың шақырым жүріп өткен. Бұл жетістігі КИнЭС рекордтар кітабына енген.
Соңғы жылдары ол халықаралық бағыттағы сапарларын жалғастырып келеді: 2023 жылы Атыраудан бастап Кавказ арқылы Түркияның Стамбұл қаласына жетсе, 2024 жылы Өскеменнен шығып, Алтай мен Моңғолия арқылы Бейжіңге дейін барған.
Алдағы жоспарында – 2027 жылы АҚШ-та жаяу саяхат жасап, Атлант мұхитынан Тынық мұхиты жағалауына дейінгі сегіз штат арқылы өту бар. Саяхатшы қазақстандықтарды белсенді өмір салтын ұстануға, күнделікті жаяу жүруге және өз мүмкіндіктеріне сенуге шақырады.