Райкүл РАМАЗАНОВА: ДӘРIГЕР КӨП, ЖАҚСЫ МАМАН АЗ

Райкүл РАМАЗАНОВА: ДӘРIГЕР КӨП, ЖАҚСЫ МАМАН АЗ

Райкүл РАМАЗАНОВА: ДӘРIГЕР КӨП, ЖАҚСЫ МАМАН АЗ
ашық дереккөзі
443

Елiмiздiң денсаулық сақтау саласы әлi күнге сын көтермейдi. Әсiресе, соңғы кезде онкологиялық қатерлi iсiк түрлерiнiң шамадан тыс көбейiп бара жатқандығы алаңдатпай қоймайды. Өкiнiштiсi сол, қазiр қанның қатерлi iсiгi – лейкоз, лифома, т.б. түрiне шалдыққандар да көп. Бiз осы мәселеге байланысты Қазақтың Онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының Гемобластоз бөлiмiнiң меңгерушiсi, медицина ғылымдарының докторы Райкүл Рамазанова Мұханбетқызымен әңгiмелескен едiк.

– Райкүл Мұханбетқызы, жалпы қанның қатерлi iсiгi туралы түсiнiктеме бере кетсеңiз. Оның қандай түрлерi бар?

– Гемобластоз – қан жасушасының iсiгi деген сөз. Негiзi гемобластоз үлкен екi топқа бөлiнедi. Бiрiншiсi – лимфома, екiншiсi – лейкоз. Лимфоманың өзi iштей тағы да ходжкинемес лимфома және ходжкиндiк лимфома болып бөлiнедi. Ал лейкоз – созылмалы және жедел лейкоз болып бөлiнедi. Миелома – сүйек ауруы. Көбiнесе адамдар белi немесе омыртқасы т.б. ауырса, невропотологқа, массажға барады. Осы кезде сүйек сынып кетуi мүмкiн. Сондықтан да массажды алдын ала анализдiк зерттеусiз жасамау керек. Бұл аздай, миеломамен ауыратындар бiлместiк жасап безiн ыстыққа төсеп, қыздырынады. Әрине, iсiк бұл кезде одан ары асқынып, ұлғайып кетедi. Неге екенiн бiлмеймiн, науқастар бiзге жеткенше, жүйке ауруы дәрiгерiне, массажға, терапевтке барып, ең соңында бiзге кеп тiреледi.

Жалпы, гемобластоз ауруы (лимфома, лейкоз, эритримия, миелоама т.б.) бойынша Қазақстанда 5 мың 700 адам есепте тұрады. Оның 2 мың 536-сы лейкоздар, 3 мың 188-i лимфоманың қатерлi түрiне шалдыққандар. Айталық, онкопотологияның құрылымдық тобына қарағанда, өлiм көрсеткiшi бойынша алғашқы орынға – өкпе ауруы қатерлi iсiгi, одан кейiн сүт безi қатерлi iсiгi шықса, ал гемобластоз ауруы жетiншi орынды алады. Яғни, өлiм көрсеткiшi бойынша алғашқы ондықтың iшiнде 8-орынға ие. Бiр өкiнiштiсi, қан аурының қатерлi iсiгiне жыл сайын 1200-дей жаңа науқас тiркелсе, әр жылда шамамен 200-дей адам көз жұмады. Бұдан дерт көрсеткiшiнiң не өсiп, не төмендеп жатпағандығын, яки бiр қалыпта екендiгiн аңғаруға болады.

– Қанның қатерлi iсiгiне шалдыққандар елiмiздiң қай облыстарында көп кездеседi?

– Солтүстiк Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстарында көп тiркелген. Өйткенi, бұл аймақтарда өндiрiс ошақтары мен өнеркәсiп орындары, кен өндiретiн зауыттар бар. Оның үстiне ауа-райы да суық. Ал Маңғыстау, Атырау, Оңтүстiк Қазақстан, Алматы, Жамбыл облыстарында көрсеткiш едәуiр төмен. Мысалы, алдыңғы айтқан облыстарда 100 мың адамға шаққанда 14,9, кейiнгiсiнде 3,8 ауру тiркелген. Яғни, елiмiздiң солтүстiк өңiрлерiнде 2 есеге көп деген сөз.

– Қанның қатерлi iсiгiнiң түрлерi қалай пайда болады?

– Негiзi бұл аурудың нақты пайда болу себебiн ешкiм толық зерттемеген. Тiптi, шетелде де ғалымдар әлi күнге дерттiң қайнар көзiн таба алған жоқ. Кез келген шетелдiк ғалым-маманның зерттеу еңбектерiн ақтарып көрсеңiз, деректер жоқтың қасы. Мәселен, өкпе ауруының қатерлi iсiгiнiң себебiн – темекi тартудан көрсек, бұл ауруда мұндай да болжам жасай алмайсың. Сондықтан да қан ауруы қатерлi iсiгiнiң пайда болу алғы шарттарына, бiрiншiден – радиация, екiншiден – химиялық мутогендер – өндiрiс ошақтарынан шыққан қалдықтар (бензол, химикат, көлiк эмалi, краска, т.б.), үшiншiден – тамақтың түсiн өзгертетiн түрлi ас қоспалары, төртiншiден – осы ауруды қоздыратын вирустар жатады. Тағы бiр айта кетерлiк жайт, егер қан аурына әйел адам шалдықса, он жылдан кейiн оның қызы да тура осылай ауруы мүмкiн. Бұдан түйгенiмiз, ауру ген арқылы берiлмейдi, бiрақ геннiң iшiндегi жұмысы бұзылған хромосомдар берiледi. Демек, лимфома, лейкоз ауруында әртүрлi радиация, химикат, қоздырғыштар адамның хромосомасына сiңiсiп алады да, оның пiшiнiн өзгертедi. Бұл қан ауруы қатерлi iсiгiнiң пайда болуына әкеп соғады. Дерттi дер кезiнде анықтап, кемiнде бiр жарым жыл үзбей ем алу керек.

– Аурудың алғашқы белгiлерiн қалай бiлуге болады? Уақытты өткiзiп алмай, тез арада анықтаса алдын алуға бола ма?

– Бұл аурудың алдын алу мүмкiн емес. Неге десеңiз, қазiр темекi тартпайтын, арақ iшпейтiн он бес жасар жасөспiрiм де ауырады. Яғни, дұрыс өмiр сүрмегендiктен немесе әлеуметтiк жағдайының төмен болғандығынан шалдықты деуге болмайды. Тiптi, жағдайы бар отбасының мүшесi де аяқастынан ауруы ғажап емес. Сол себептен де кез келген адам мiндеттi түрде өз уақытымен медициналық қараудан өтуi керек. Егер дененiң бiр жерiнен без шошынса, дереу биопсия анализiн, қанын тапсыру керек. Жасыратыны жоқ, қазiр тамағы ауырып, қызуы көтерiлсе де дәрiгермен кеңеспей-ақ өздiгiнен ем қабылдайтын адамдар бар. Олай етуге болмайды. Өйткенi, лейкоз ауруында дәл сол тамақ ауруы, бронхит, бас ауруы немесе адамның жиi шаршауынан бастау алып, мұрнынан қан кетуi мүмкiн. Дәлiрегiнде, лейкоз – басқа аурудың тасасында көрiнбей, бiлiнбей қалатын маска киiп алатын ауру. Лифомада да солай, қызу көтерiлiп, тершеңдiк, әлсiздiк белгiлерi байқалады.

– Демек, бұл аурулар жас талғамайды ғой…

– Талғамайды. Тiптi, жаңадан туған нәрестеден еңкейген қарияға дейiн ауырады. Қорқыныштысы сол, бұл аяқастынан пайда болуы мүмкiн. Бұл ауруды толықтай емдеуге де болады, ал емдей алмаған жағдайда тоқтатып қойып, қалыпты бiр жағдайда үздiксiз ем қабылдайды. Белгiлi бiр стадиядан өтiп кетпесе, ол науасқа ем қонады. Бiр жағынан бұл аурудың қай түрi екендiгiне де байланысты. Лейкоздың да, лимфоманың да түрлерi көп. Лимфома үш топқа: агрессиялық, агрессиялық емес изолянттық және орташа болып бөлiнедi. Мiне, осы түрiне қарай науқастың өмiр сүру ұзақтығы мен емдi қабылдау уақыты анықталады.

Онкология және радиология институтының Гемобластоз бөлiмiнде күнi бүгiнге дейiн талай сырқат емделiп кеттi. Өкiнiшке қарай, уақытты өткiзiп, асқындырып алғандар көп ұзамай өмiрмен қоштасады. Адамдар да пендешiлiкке салынып, басының жанынан тағы бiр кiшкене бас пайда болмайынша дәрiгерге бармай жүре бередi ғой.

– Мұның бәрi қаназдық (анемия) ауруының салдарынан туындамай ма?

– Қаназдық – бұл ауруға себепкер емес. Әуелi лейкоз, лимфома дертi жабысады да, соның салдарынан қаназдық пайда болады. Яғни, лейкоздың (қан iсiгi) белгiсi бiлiнсе, артынша қанның азаюына әкеледi. Негiзiнен қаназдықты – қатерсiз десек те, оның да түрi жетедi. Оны да тек анализ арқылы анықтай аламыз. Бәлкiм, адам қаным аз деп жүрiп, лейкозға не лимфомаға шалдығуы мүмкiн.

– Қазiр Онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының Гемобластоз бөлiмi республиканың түкпiр-түкпiрiндегi қанның қатерлi iсiгiне шалдыққандарды қабылдап, ем беруге толық мүмкiндiгi бар ғой.

– Өкiнiштiсi, елiмiзде Онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты бiреу-ақ. Бiздiң бөлiм 30 орынға арналған. Бiр жылдың iшiнде 450 адам ем алады. Республика бойынша бұл аурумен ауыратындар бiзде квота арқылы тегiн ем қабылдай алады. Құдайға шүкiр, қазiр керектi дәрiнiң бәрi бар. Бiз министрлiкке тапсырыс беремiз, олар осы тiзiм бойынша жiбередi. Бiр жылы кейде лейкоз көп тiркелсе, ендiгi бiр жылы лимфомамен ауыратындар көп келедi. Дәрiнi бiреуiне көбiрек берсек, керiсiнше сол ауру саны азайып кетедi. Сол себептен де әрқайсысынан жобалап тапсырыс беремiз. Жетпей қалса, тағы да проблема. Дәрiлер өте қымбат. Егер дәрiнiң бәрi квотамен тегiн берiлсе, ақша шығарып не керек?

– Осы квотаның өзiне де iлiгу қиын шығар…

– Қазiр квотаға iлiгу аса қиындық туғызбайды. Бiзге лейкоз ауруына шалдыққан науқас келсе, оған жолдама жазып беремiз. Ол бiр-екi күннен кейiн квотамен келiп тұрады. Бар болғаны анализдерiн тапсырып, құжаттарын комиссияға бередi. Олар қарайды да, “квота беру керек” деген шешiм шығарады. Менiңше, қазiр квота – аз уақыттың iшiнде шешiлетiн мәселе. Сол қол жеткiзген квота – бiр емдеу курсына жетедi. Өйткенi, институтқа республиканың бар аймағынан келiп, қаралады. Ал қалалық ауруханалар болса, квотасыз-ақ қабылдап, ем беруге мiндеттi. Бiзге көбiне диагнозы табылмаған, дәрiсi жетiспейтiн жағдайы қиын науқастарды ғана жiбередi.

– Сiздiңше, министрлiк тарапынан онкологиялық ауруларға қаншалықты көңiл бөлiнiп жатыр? Өкiнiштiсi, бұл дерт болашағымыз – балалар арасында да кездеседi екен…

– Бүгiнгi күнге тәубе дейiк. Неге десеңiз, бүгiнгi жағдайды 2000 жылмен салыстырсақ, ол кезде дәрi-дәрмек мүлдем болған жоқ. Тек 2002 жылы онкологиялық ауруларға байланысты арнайы бағдарлама құрылып, қаржы бөлiнiп, дәрi-дәрмек сатып алына бастады. Қалай десек те, қазiргi жағдай бiрқалыпты. Әр ауруға байланысты өзiнiң емдейтiн жеке дәрiсi бар.

– Алайда, алыс шалғайдағы елдiмекендерде тұратын жандардың қолы бұл дәрi-дәрмекке жетiп отыр ма?

– Қалалы жерде тұратын адам әрдайым өзiнiң отбасылық немесе учаскелiк дәрiгерiмен кеңесiп тұрады. Ал ауылдағылар ше? Оларға бүгiнге дейiн дәрi-дәрмек жетпей келдi. Жақында ғана аймақтарда тұратын онкогематологиялық ауруға шалдыққандарға бағытталған арнайы бағдарлама жасалып, әжептәуiр ақша бөлiндi. Жергiлiктi денсаулық сақтау департаментi өздерiнде тiркелген науқастар санына қарай барынша жеткiзуi қажет. Биылғы жылы онкогематологиялық ауруларды емдеуге байланысты бiраз шаруа жасалынып жатқаны бар.

– Ал осы ауруды емдейтiн дәрiгер-гематологтар жете ме? Бiр сөзiңiзде бiзде бiр дәрiгер жетi-сегiз науқасқа қарайды деген едiңiз?

– Шыны керек, жетiспейдi. Өйткенi, бiздiң науқастардың жағдайы өте ауыр. Кейде тiптi бiр науқаспен күнi бойы жүруге тура келедi. Есептеңiз, әр аймақта ары кетсе екi-үш гематолог бар. Тiптi, кей жерде бiреуден ғана кездеседi. Сонда елiмiз бойынша бар-жоғы 50-60 ғана гематолог бар деген сөз. Әйтеуiр, қазiр штаттық кесте құрылып, бұл мәселе де аз-маз шешiлiп жатқан сияқты. Бiр айта кетерлiгi, бiз әлi күнге дейiн кеңестiк кезеңнiң жүйесiмен, бұйрықтарымен жұмыс iстеп жатырмыз. Оның бәрi ескiрген. Жаңа жүйе керек. Денсаулық сақтау министрлiгiне гематолог-дәрiгерлер: “Гематолог-дәрiгерлердiң санын көбейту керек, жалақысын өсiру қажет” деп арыз жазған болатын. Одан кейiн гематологтардың жалақысын 150 пайызға көтередi деп едi, бiрақ бұл келесi жылдың еншiсiне қалған шаруа ғой деймiн. Бұл Парламенттiң Мәжiлiс палатасынан өттi, ендi Сенат, Президент қарайтын шығар. Қысқасы, бiз жағымды жаңалық күтудемiз.

– Бұл салаға деген жас мамандардың қызығушылығы қалай?

– Қазiр бөлiмде екi-ақ жас дәрiгер бар. Бiрiншiден, жалақы аз болғандықтан, олардың көбi жекеменшiк фирмаларға, сақтандыру полистерiнде жұмыс iстеуге ұмтылады. Екiншiден, жұмыс iстеу өте қиын. Мысалы, жұмыс уақыты бiтiп үйге шаршап-шалдығып жете берсең, артынша телефон қоңырауы. Бiреуден қан кетедi немесе жаңа науқас келедi… Содан қайта алып-ұшып жетесiң. Кезекшi дәрiгер болса да, өз мойныңа алған мiндетке аса жауапкершiлiкпен қарайды екенсiң. Себебi, олардың анализдiк талдауы жақсы болып тұрса да, кез келген уақытта кетiп қалуы мүмкiн. Айтыңызшы, осылай өмiр сүру кiмге ұнасын? Егер бiзде бiлiктi мамандар көп болса, бөлiмнiң кезекшi гематолог-дәрiгерi жұмыс iстесе, келген науқасты қабылдап жайғастырса, жеңiлдеу болар едi. Керiсiнше, бәрiн өзiмiз iстеймiз. Түнгi ауысымда iстейтiн медбикелердiң өзi он бес мың теңге алады. Ал еңбегi өте ауыр.

– Жұрт бүгiнде дәрiгерге сенуден қалған сияқты. Яғни, “дәрiгерге күнiмiз түсе қалса, ақша сұрап шығады” дейдi. Жалпы, елiмiздiң азаматына дәрiгерлiк көмектiң бәрi тегiн көрсетiлуi тиiс десе де, еңбегiне ақы алатын дәрiгерлердiң бары рас қой.

– Егер квотамен, жолдамамен келсе, оның бәрi тегiн. Кейде өз бетiнше тексерiлгiсi келетiн адамдар бар. Яғни, өзi сезiктенiп, қаралмақшы болған ерiктi адамдарды қарайтын бөлiм бөлек. Сол сияқты жергiлiктi жерде тiркеуде тұрған адам тегiн қаралуы тиiс. Ал онкогематологиялық ауруына шалдыққандардан мүлдем ақша алынбайды.

– Өзiңiз де бiлесiз, кейiнгi кезде дәрiгердiң ақ халатына қара күйе көп жағылып жүр. Нелiктен?

– Науқастың өзi дәрiгерге ақша бермеуi керек. Өйткенi, бұл бiздiң – жұмысымыз, мiндетiмiз. Өзiм үнемi бөлiмдегi дәрiгерлерге: “Егер жалақы қанағаттандырмаса, басқа жұмыс тауып алыңыздар. Рұқсат. Ал жалақым аз деп, нашар жұмыс iстеуге болмайды” деп айтып отырудан жалықпаймын. Менiңше, жалақының аздығы жұмысқа әсер етпеуi керек. Елiмiздiң кез келген азаматы өз құқығын сақтай отырып, мiндеттi тегiн медициналық көмектi алуына мүмкiндiгi мол.

– Дәл қазiр дәрiгердiң қоғамдағы беделiне баға бере аласыз ба?

– Сын көп айтылып жатыр. Бiрақ та теледидар, баспасөз журналистерi адал жұмыс iстеп жатқан дәрiгерлердi көтерiп, қолпаштауы керек. Өзi де ауыр еңбегiмiз еленбейдi. Сенесiз бе, кешкiсiн үйге келгенде адам сияқты тыныға алмаймын. Әбден шаршайтыным соншалық, отбасымдағы жандармен тiлдескiм келмейдi. Тiптi, солардың бiреуi “Мына жерiм ауырып тұр” дейтiн болса, өзiңдi қоярға жер таппай кетесiң. Кемiнде екi-үш сағат тыныштық орнау керек. Айт, айтпа, өзiң үшiн өмiр сүре алмайсың. Ал айналамдағы құрбыларыма қарасам, жұмыстары жеңiл, ештеңеге бастарын ауыртпайды. Ең бастысы, ұйқысы тыныш. Бiз болсақ, жұмыстан үйге келсек те, сол аурулардың мәселесiн ойлап жүрiп, сонымен ұйқыға кетемiз. Мұның бәрi оңай емес. Сөйтiп жүргенде, теледидарды қосып қалсаң, бас салып дәрiгерлердi жамандап жатады.

А.С.Асфендияров атындағы медицина университетiнде студенттерге дәрiс оқимын. Олардың көбi 6-курсқа келгенде “дәрiгер боламын” деген арманынан тайқып жатады. Бiр топта он студент болса, соның екi-үшеуi ғана болашақта өзiн дәрiгер ретiнде елестетедi. Бәлкiм, бұл студенттердiң қызығушылығын қоғамда, медицинада орын алып жатқан жағдайлар мен оқиғалар басып тастайтын шығар, кiм бiлсiн?!

– Мүмкiн университет табалдырығында жетi, тоғыз жыл бiлiм алу да болашақ дәрiгерлердiң көңiлiн су сепкендей басатын шығар. Әлде, бұл реформаның да дұрыс жағы бар ма?

– Бұл негiзi жүйеге байланысты. Мысалы, шетелде студент оқуға түскеннен кейiн өз қалауына қарай бөлiнiп оқиды. Яғни, ағзаның бiр мүшесiн толық меңгерiп, соған ғана операция жасай алады. Бас-аяғы он шақты хирург қатысатын операцияда әр дәрiгер өзiне қатысты жерiн ғана жасап, шығып кете бередi. Ал бiзде бiр-екi хирург таңертең кiредi де, бес-алты сағат тұрған күйiнде кешке бiр-ақ шығады. Бәрiн өздерi жасайды. 2005 жылы Германияның Берлин университеттiк клиникасынан гематолог-мамандар келiп, қазақ-немiс гематолог мектебiн ашып, онда әр елдiң мамандары лекция оқып, тест өткiздi. Мiне, сол тесттен өтiп, Германияда тәжiрибеде болып келдiм. Ол жақта жұмыс iстеу өте оңай екендiгiне көзiм жеттi.

– Жақында Елбасы: “Қазiр бiз шетелден жаңа заманауи қондырғылар сатып алып жатырмыз. Алайда, оның тiлiн бiлетiн мамандар жоқтың қасы, бәрi де қаңтарылып тұр” деген-дi. Бiзде жас дәрiгер-мамандарды шетелге бiлiм алуға жiберу жағы қалай?

– Дәрiгерлер көп, бiрақ үздiксiз жұмыс iстейтiн маман жоқ. Өйткенi, жалақы аз. Мысалы, сол қымбат қондырғының 100-iн әкеп қойса да, онымен жұмыс iстейтiн “тiрi” маманды қайдан табамыз? Кiм iстейдi? Жас мамандар болса, оқу орнын жаңадан бiтiрдi, басында баспанасы жоқ, қайда барады? Сөйте тұра, оларға аз жалақы төлейдi де, ауыр жүктi артып қояды.

Әңгімелескен Динара Мыңжасарқызы

Серіктес жаңалықтары