Түркістан облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері болт жұтып қойған 1 жастағы баланың өмірін аман алып қалды. Нәрестенің көмейінде тұрып қалған бөгде затты алу үшін шұғыл хирургиялық көмек көрсетілді, деп хабарлайды turkystan.kz.
2025 жылдың 27 қазанында ауруханаға 1 жастағы баланы анасы ауыр жағдайда жеткізді. Науқасқа дереу қажетті жедел медициналық көмек көрсетіліп, тікелей ларингоскопия әдісі арқылы көмейінен ұзындығы 4 сантиметр болт шығарылды. Дәрігерлер көмейде тұрып қалған бөгде затты сәбидің денесін тіліп ашпай, ларингоскопиялық әдіспен алып шыққан. Бұл күрделі әрі аса дәлдікті қажет ететін процедураны жас реаниматолог Ержан Махамбетұлы сәтті орындады.
Қазіргі таңда баланың жағдайы қанағаттанарлық, ол дәрігерлердің бақылауында. Бала анасымен бірге хирургия бөлімінде ем қабылдап жатыр.
Дәрігерлер ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне ерекше мән беруге және кез келген шағым немесе тыныс алу қиындығы байқалған жағдайда бірден дәрігерге жүгінуге шақырады.
 
								 
                                             
                                             
                                             
                                             
                                             
                                             
                                         
                                        