Бүгін Астанада Қазақстанның негізгі инвестициялық форумына айналған KGIR-2025 – Жаһандық инвестициялар жөніндегі қазақстандық дөңгелек үстел өтті. 2017 жылдан бері жыл сайын еліміздің Премьер‑министрінің басшылығымен өткізіліп келе жатқан бұл шара – мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар мен халықаралық бизнес қауымдастығының инвестициялық алаңы болып қалыптасқан.
Осы уақыт ішінде форум мемлекет пен халықаралық инвестициялық қауымдастық арасындағы диалогқа арналған беделді алаң ретінде танылып, үкімет өкілдерін, бизнес көшбасшыларын, халықаралық ұйымдар мен даму институттарын біріктіріп келеді.
KGIR-2025-тің негізгі тақырыбы — «Трансформация дәуіріндегі жаңа шешімдер: Қазақстан – тұрақты экономикалық дамудың орталығы». Қатысушылар жаһандық сын-қатерлер мен инвестициялық мүмкіндіктерді, болашақ тұрақты экономикаларды қалыптастырудағы Қазақстанның рөлін, инфрақұрылым, өнеркәсіп, энергетика, технологиялар және жасыл экономиканың дамуы талқыланды.
Форум инвестициялық қоғамдастықтың, бизнестің және мемлекеттік құрылымдардың басын қосқан жиын тәжірибе алмасуға, жобаларды таныстыруға әрі елімізді инновациялардың өңірлік хабы ретіндегі рөлін нығайтуға бағытталған. Форум аясында «Инновациялардан тұрақтылыққа: АХҚО Қазақстанның заманауи инвестициялық климатын қалай қалыптастырады» тақырыбында панельдік сессия өтті.
«Астана» халықаралық қаржы орталығының(АХҚО) клиенттермен жұмыс жөніндегі бас директоры Бауржан Канкин панельдік сессияның модераторы болды. Пікірталасқа «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарма төрағасы Бахтияр Тлеубеков, АХҚО соты мен Халықаралық Арбитраж Орталығының (МАЦ) тіркеушісі және аппаратының басшысы Кристофер Кэмпбелл-Холт OBE, АХҚО экспат-орталығының директоры Айнұр Жұматова, GRATA International Астана кеңсесінің кеңесшісі Руслан Бюрабеков қатысты.
Спикерлер инновациялар мен «Астана» халықаралық қаржы орталығының институционалдық шешімдерінің инвесторларға қолайлы орта қалыптастырудағы рөлін, халықаралық іскерлік және құқықтық стандарттарды дамыту мәселелерін, сондай-ақ Қазақстанның өңірлік қаржы орталығы ретіндегі позициясын нығайту жолдарын талқылады. Жиында АХҚО басқарма төрағасы Бахтияр Тлеубеков Қазақстанның инвестициялық климатын қалыптастыруда инновациялар мен тұрақтылықтың маңыз туралы айтты.
«Біздің түсінігімізде инновация – бұл тек технология ғана емес. Бұл – инвесторлар мен кәсіпкерлерге мүмкіндік беретін тұрақты жүйелерді, мықты институттарды және ашық құқықтық ортаны қалыптастыруға мүмкіндік береді. АХҚО бүгінде Шығыс пен Батысты байланыстыратын көпірге айналды. Жаһандық капиталды өңірлік мүмкіндіктермен ұштастырып отыр. Бүгін біз инновация мен тұрақты дамуға негізделген бағытымызды жалғастырып, Қазақстанның халықаралық бизнес үшін сенімді және бәсекеге қабілетті позициясын нығайтып келеміз», – деді Бахтияр Тлеубеков.
Ақпарат үшін айтар болсақ, «Астана» халықаралық қаржы орталығы – Орталық Азия, Кавказ, ЕАЭО, Батыс Қытай, Моңғолия, Таяу Шығыс және Еуропа елдерінің экономикаларын байланыстыратын өңірлік бизнес және қаржы орталығы саналады. АХҚО-ның қолданыстағы құқығы Англия және Уэльс құқығының қағидаттары, заңнамасы мен прецеденттеріне, әлемнің жетекші қаржы орталықтарының стандарттарына негізделген. Оның негізгі мақсаты – бизнес пен инвесторларға инновациялық өнімдер мен қызметтерді ұсыну арқылы Орталық Азияда және одан тыс жерлерде сенімді және өтімді капитал нарықтарын дамытумен байланысты.
Елімізде сыртқы факторларға тәуелділікті азайтуға және инвестициялық тартымдылықты арттыруға бағытталған кең ауқымды институционалдық және инфрақұрылым реформалары іске асып келеді. Осыған қоса, дүниежүзілік экономиканың фрагментациясы Қазақстан мен Орталық Азия елдері үшін Шығыс пен Батыс арасындағы бейтарап инвестициялық көпір ретінде өздерін ұсынуға мүмкіндік беріп отыр.
Шетел инвесторлары үшін сенімді серіктеске айналдық
Бүгінде «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында Қытай, Таяу Шығыс елдерінен инфрақұрылым, металлургия және шикізатты қайта өңдеу салаларына инвестиция тартылып жатыр. Қазір елде инфрақұрылым дамып, Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа іске қосылған соң іс алға басып жатқанын байқаймыз. Осының арқасында Қазақстан Орталық Азияның жетекші инвестициялық орталығы ретіндегі позициясын нығайтып отыр. Біз айтып отырған платформа барлық мемлекеттік органдарды бір жүйеге біріктіріп, жобаларды тарту, іске асыру және мониторинг жүргізу үдерістерін түгел жеңілдетеді. Сөзімізге дәлел болсын, Boston Consulting Group сарапшыларының бағалауынша, аймаққа бағытталатын 170 млрд доллар көлеміндегі әлеуетті инвестицияның шамамен 100 млрд доллары Қазақстанға тартылуы мүмкін. Осының өзі еліміздің шетел инвесторлары үшін сенімді серіктес екенін ұқтырса керек. Негізі, халықаралық агенттіктер әр елдің рейтиңгі туралы ақпарат беріп отырады. Халықаралық несиелік рейтингіне байланысты қолданылатын ұғымдар да бар. Мысалы, қазір еліміз бұл қатарда «АА» рейтингінде тұр. Әдетте, мұндай елдердің экономикасы тұрақты, мемлекеттік қарызды өтеу қабілеті өте жақсы болады. Сондай-ақ саяси және қаржылық тәуекелдері де төмен дегенді білдіреді.
«Халықаралық инвесторлар Қазақстанды оның ресми кредиттік рейтингінен де жоғары бағалап отыр. Қазақстан облигациялары AA рейтингі бар елдердің деңгейінде саудалануда. Бұл – ел экономикасы мен мемлекет саясатында орын алған іргелі өзгерістердің мойындалуы деген сөз. Шынтуайтында, кейінгі жылдары Қазақстан қаржы жүйесінің ашықтығын және бюджет саясатының болжамдылығын арттыруға бағытталған бірқатар реформаларды іске асырды. Әсіресе, салық трансформациясы маңызды рөл атқарды. Ол – салық әкімшілендіруін жеңілдетіп, бизнес үшін цифрлық құралдарды енгізді. Соның арқасында инвестициялық жобаларды келісу мерзімі қысқарып, бюрократиялық кедергілер азайды»,– дейді экономикалық зерттеулер институтының Сауда және инвестициялық саясатты дамыту орталығының сарапшысы Жанара Берікқызы.
AIFC арқылы 2,6 млрд доллардан астам инвестиция тартылған
Бүгінде Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа аясында басым жобалар үшін fast-track қағидаты енгізіліп жатыр. Тек 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Астана халықаралық қаржы орталығы (AIFC) арқылы 2,6 млрд доллардан астам инвестиция тартылыпты. Демек, бұл реформалардың тиімді іске асып жатқанын білдіреді. Мұндағы маңызды факторлардың бірі – мемлекеттік қарыздың тұрақтануы. Оның деңгейі ЖІӨ-нің 20–25%-ы шегінде қалып отыр. Бұл кредиттік тәуекелдерді азайтып, Қазақстан қаржы құралдарына деген сенімді арттырады. Ұқыпты қарыз саясаты мен жауапты бюджет басқаруы елге сыртқы құбылмалы жағдайында да тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік берді. Жанара Берікқызының айтуынша, осы көл көсір жұмыстармен қатар қазір елімізде бюджет тапшылығын азайту жұмыстары жүріп жатыр.
«Бұл сыртқы қарызға тәуелділікті төмендетіп, мемлекеттің инфрақұрылым, энергетика, логистика және цифрландыру сияқты стратегиялық салаларды өз күшімен қаржыландыру қабілетін арттырады. Әрі ұзақмерзімді капиталды тартуға қолайлы жағдай туғызды. Бүгінде «Астана» халықаралық қаржы орталығы экожүйесінде 85 елден 4030 компания тіркелген. Жалпы инвестициялар көлемі 16,9 млрд доллардан асты. Осы реформалардың жиынтығы инвестициялық ортаны жаңа сапа деңгейіне шығарды. Ол қазір әлдеқайда ашық, болжамды және технологиялық сипатқа ие. Инвесторлар капиталдың сақталуына және макроэкономикалық саясаттың тұрақтылығына нақты кепіл бар екенін көруде. Сол себепті нарық Қазақстанды ресми рейтингінен жоғары бағалап, оны тұрақты өсім әлеуеті бар, сенімді серіктес ретінде қабылдап отыр»,– деп толықтырды Жанара Берікқызы.
Аңғарсақ, инвестиция бағытында қабылданып жатқан шешімдерге қатысты күмәнді пікірлер ел ішінде жиі айтылады. Ал халықаралық инвесторлар, керісінше, Қазақстанның экономикалық бағытына деген сенімін растап отыр. Мұның себебін сарапшы «сыртқы инвесторлар макроэкономикалық тұрақтылықты, саясаттың болжамдылығын және өсім әлеуетін бағалайды. Ал азаматтар реформалардың нәтижесін жеке тәжірибесі арқылы — табыс деңгейі, баға және жұмыс орындарының қолжетімділігі тұрғысынан қабылдайды», деп түсіндірді. Өйткені, мұнда реформалардың нәтижесі бірден байқалмайды. Бірақ, дәл қазір іске асып жатқан бастамалар елдің ұзақмерзімді әрі тұрақты дамуының іргетасын қалайды. Егер олардың тетіктері мен күтілетін нәтижелері ашық түсіндірілмесе, реформалар қоғам үшін түсініксіз әрі сенімсіз болып қала береді. Сондықтан жаңа саясат құралдарының негізгі мақсаты — экономиканы нығайту, тәуекелдерді азайту және жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын ашу екенін қоғамға жеткізу болып отыр.
Мемлекет қаражаттың басым бөлігін инфрақұрылым, өнеркәсіп пен әлеуметтік салаға бағыттай алады.
Салық реформасы кәсіпкерлікті дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашып, бюджеттің кірісін ұлғайтуға ықпал етеді. Мемлекеттік қарызды басқарудың жаңа жүйесі қарыз алу құнын төмендетуге және бюджет үшін тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді. Бұл қадам – ұлттық валютаның тұрақтылығын сақтап, сыртқы күйзелістерден қорғануға жағдай жасамақ. Ойластырылған қарыз стратегиясының арқасында мемлекет қаражаттың басым бөлігін пайыз төлеміне емес, инфрақұрылым, өнеркәсіп пен әлеуметтік салаға бағыттай алады.
Инвестициялық саясат «сапалы инвестор» тартуға басымдық береді. Яғни тек капитал емес, сонымен бірге технология, жұмыс орындары және экспорттық әлеует алып келетін инвесторларға, ең алдымен өңдеу өнеркәсібі саласына бағыт бұрылады. Осылайша, тиімді экономикалық саясат пен қоғаммен ашық әрі түсінікті коммуникация — сыртқы баға мен ішкі қабылдау арасындағы алшақтықты азайтудың басты кілті болмақ.
 
								 
                                             
                                             
                                             
                                             
                                             
                                             
                                         
                                        