ҚОЛМЕН ЖАСАҒАНДЫ МОЙЫНМЕН КӨТЕРУ КЕРЕК

ҚОЛМЕН ЖАСАҒАНДЫ МОЙЫНМЕН КӨТЕРУ КЕРЕК

ҚОЛМЕН ЖАСАҒАНДЫ МОЙЫНМЕН КӨТЕРУ КЕРЕК
ашық дереккөзі
745

Қылмыскерлер 20 жылға бас бостандығынан айрылуы мүмкiн

Сонымен, өткен отырыстың ұйғарымы бойынша Еңбекшiқазақ ауданы, Малыбай ауылында қылмыскерлердiң қолынан қаза болған Айдын Халықовтың өлiмiне қатысты сот процесiнiң шешiмi сейсенбi күнi шығады деген-тұғын. Бұл күнi Алматы облыстық экономикалық соты алды адамға лық толды. Жәбiрленушi тарап пен айыпталушы жақтың соңғы шешiмдi асыға күткенi тағат таппауынан бiлiндi. Алайда, қылмыстық iске ақырғы нүкте қойылмағандықтан да, қатысушылардың көңiлi тағы да су сепкендей басылып қайтты.

Естерiңiзге сала кетейiк, бұдан бұрынғы өткен, яғни, 14 қараша күнгi мәжiлiске жәбiрленушiлердiң талабы бойынша Бишамовтың әйелi шақырылып, түсiнiктеме алынды. Жәбiрленушiлер мен куәгерлер сол оқиға болған күннiң ертесiнде стадионда айнала жағылған қанды көмiп жүрген Бишамов пен оның әйелiн көргенiн айтса да, олар мойындаудан бас тартты. Көрдiм дегеннен көп пәле шығып кететiнiн алдын ала пайымдаған болу керек, жалтарудан басқа ауыз ашпады. Айтпақшы, сот процесiнiң алғашқы отырысы күнi-ақ айыпталушы Бахамов өзiнiң туберкулез дертiмен ауыратындығы туралы анықтама қағазын тiркетiп қойған едi. Бiрақ Сот төрағасы бұл қағаздың қайдан шыққандығын, қаншалықты шындыққа жанасатындығын анықтауға арнайы тапсырма берген-дi. “Сезiктi бұрын секiредiнiң” керi келiп, Бахамов айналасы 5 жылдың iшiнде туберкулезбен ауыратындығы жөнiнде ешқандай есепке алынбаған болып шықты.

Ал, бұл отырыста сотталушы Бишамовтың өтiнiшi негiзiнде Алматы облыстық IIД тергеу басқармасының тергеушiсi Руслан Есейбековтен сұрау алынды. Ол өз сөзiнде: “Тергеу амалдары қылмыстық оқиға болған он күннен кейiн жүргiзiле бастады. Сол кезде Бишамов пен Бахамов жауапты қазақ тiлiнде беруге келiсiп, қолдарын қойды. Оларға ешқандай қысым жасалынған жоқ” десе де, айыпталушылар бұл айтқандарынан да бұлтарып, “Iстi қазақ тiлiнде жүргiзуiн сұрадық, бiздi қорқытқан соң, қол қойдық” деген желеуге көштi. Алайда, қосалқы сот Светлана Крутика сотталушы Бишамовқа: “Егер сенi ұрған болса, неге прокуратураға не медициналық бөлiмшеге шағым түсiрмедiң?” дегенде, оның келесi бiр өтiрiгi судың бетiне шығып қалды. Ал, тергеушi Есейбеков Бишамовтың бұл уәжiн “өтiрiк” деп кесiп айтты. Шелек аудандық Iшкi iстер басқармасында қылмыстық iстi ашуға қосымша дәйек ретiнде түсiрiлген бейнетаспада олар “Тiлмаштың қажетi жоқ. Тергеудi қазақ тiлiнде өткiзудi сұраймын және мұнда өз кiнәмдi мойындап келдiм” дептi.

Жәбiрленушi Дәулет Халықовтың тергеушi Есенбековке: “Бiр отбасына үш рет қастандық жасалды. Соның бәрiн осы қылмыскерлердiң жақтастары жасап отыр. Неге үш қылмыстық iстi бiрiктiрiп жүргiзбеске?” деген сұрағына, ол әрқайсысы өзiнше бөлек, бұны қосып өткiзу мүмкiн емес деген жауап қайырды.

Сөйтiп, сот процесi соңында мемлекеттiк айыптаушы, жәбiрленушi, сотталушылар мен оның қорғаушылары жарғы сөз алып, өз ойларын қысқа да нұсқа ортаға салды. Мемлекеттiк айыптаушы Кәрима Нұрқамытова қолындағы сот құжаттарына тоқтала келе, сотталушы Бишамов пен Бахамов жасаған қылмыстың аса ауыр екендiгiн баса айтып, сот төрағасынан 20 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Ал жәбiрленушi Несiпкүл Базарова жұбайы марқұм Айдынның бойындағы адами қасиеттерiне тоқтала келе, әрқашан ешкiмдi бөле жара қарамай, қолұшын берiп жүретiндiгiн, “мынау ұйғыр, мынау қазақ” деп бөлмей қамқорлық жасайтындығын айтып, көзiне жас алды.

“Бұлар балаларыма әке керек кезде аяқ астынан қолдан жоқ қылып отыр. Бiрiншiден, жұбайымның жалындаған жастық шақ өмiрiн қиғаны үшiн, екiншiден, төрт баламды қолдан жетiм еткенi үшiн, үшiншiден, өмiрде көрсетерi, балаға берер тәрбиесi мол өнегелi әкенi өлтiргенi үшiн, төртiншiден, қара шаңырақтың отағасы, қуанышым, сүйенiшiм, тiрегiм болған жарымнан айырғаны үшiн, басыма қара бұлтты үйiрiп қойғаны үшiн жазалап, өмiр бойы бас бостандығынан айыруды сұраймын.

Сотталушылардың Малыбай ауылында жасаған әрi ашылмай қалған қылмыстары жетерлiк. Бұл да бiр қолдарын қанға малған қылмыстың бiрi боп қалды. Малыбай ауылының тұрғындары бұлардың бетiне қарап сөйлей алмайтын. Айдынды да сол үшiн өлтiрiп отыр. Сондықтан да мұндай жағдайды басқа адамдардың басына салмайтындай етiп, қалғандарына сабақ болу үшiн қатаң жаза беру керек” дедi ол iшiн өртеген күйiктi ақтарып.

Жәбiрленушi Дәулет Халықов: “Екеуi де кiнәлi. 10 күндей тығылып, қашып жүрдi. Егер Бахамов сол кезде жүгiрiп кеп, Бишамов Айдынды өлтiрiп қойды” деп айтса, түсiнетiн едiк қой. Ендi мiне, “Бiз кiнәлi емеспiз” деп күлкiмiздi келтiредi. Дос тұрмақ, дұшпанның басына тiлемейтiн жан түршiгерлiк өлiмге қолы тиген бұл екеуiн қатаң жазалау керек” деп түйiндедi.

Жәбiрленушiнiң қорғаушы өкiлi Марат Досқараев та: “Бәрiңiз бiлесiздер, осыдан бiр жарым жыл бұрын Шелекте де осы тектес оқиға орын алып, жылаған адамдар болды. Бұл жағдайдың iзi суымай жатып, қайта өршуi мемлекеттiң осы мәселенi аяқсыз қалдыру салдарынан сияқты. Жастардың арасында тәрбиенiң жүргiзiлмейтiндiгi де осыған әкеп соғуда. Мемлекеттiк айыптаушы, жәбiрленушiлер сұраған 20 жыл немесе өмiр бойы бас бостандығынан айыруға бiрауыздан келiсемiн” дедi.

Бiр қызығы, айыпталушы Бишамовтың қорғаушысы сот процесiнiң шешiмi шығар күннiң таяп қалғанын бiлсе де, түрлi айла-амалды жасап баққысы келген сияқты. Ол Сот төрағасына Бишамовтың көршiлерiнен алынған мiнездеме қағазды тiркеп қоюын өтiндi. Алайда, сотталушыға мiнездеме бергендер өзiнiң туысқандары екен. Ал Бахамовтың қорғаушысы: “Бұл қылмысқа Бахамовтың қатысы жоқ. Оны Бишамов өзiм iстедiм” деп мойнына алған. Сондықтан да оны бостандыққа шығару керек дегендi төтесiнен қойып қалды. Бұл сөздi арқаланған Бахамов соңғы мүмкiндiктi қалт жiбермей: “Қылмыстық кодекстiң 92-бабының 2-тармағы бойынша тағылған айыпқа келiспейтiндiгiн айтып, марқұм Айдынды қолыммен түрткен жоқпын” деп жанын сауғаласа да, мерт болған арыстай азаматты сүйреп суға лақтырғанын жасырмайды. Өз сөзiне өзi қарсы келiп, жәбiрленушiлердiң ашу-ызасын тудырды.

Алайда, бiз сейсенбi күнi сот шешiмi жария етiледi деп күттiк. Бәлкiм, сот төрағасы сотталушыларға кесiлген жазаны мәлiмдеуден сескендi ме, кiм бiлсiн, “нақты шешiмдi 28 қараша күнi айтамыз” деп шығарып салды.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары