ДАҒДАРЫСТЫҢ ДАУЫЛЫ
ДАҒДАРЫСТЫҢ ДАУЫЛЫ
АҚШ пен Батыстың қаржылық дағдарыспен күрес шаралары әлемдiк экономикаға қаншалықты тиiмдi болмақ? Еуропалық шенеунiктердiң 5 кезеңнен тұратын құтқару жоспарына Халықаралық қаржы қоры жетекшiсiнiң көңiлi неге толмай отыр? 1,7 триллион еуро тығырыққа тiрелген әлемдiк қаржы жүйесiне сеп бола ма?
Халықаралық қаржы қорының бас экономисi Оливер Бланшар дамыған елдердегi экономикалық өсу деңгейi 2009 жылдың ортасына дейiн нөлге тең болатынын немесе мүлде тоқтайтынын, экономика саласы дағдарыстың екпiнiне төтеп берген жағдайда ғана өндiрiс көлемi өте баяу қарқынмен ұлғая бастайтынын айтты. Кейiнгi кездерi әлемдiк экономиканы алға сүйреушi негiзгi күш саналған Үндiстан мен Қытайдың өзi басқа да дамушы елдер секiлдi дағдарыстың дауылынан аман қалмайды. Өйткенi, үндiлер мен қытайлардың Батысқа бағыттайтын экспорт көлемiнiң күрт азаюы мен сырттан тартылатын қаржы көзiнiң сарқылуы керi әсер еткенi айқын. Халықаралық қаржы қоры дамыған елдердiң үкiметтерiне банк саласында белең алған қиындықтар шешiмiн табысымен, елдiң тұтынушылық белсендiлiгiн арттырудың жолдарын қарастыруға кеңес бередi. Еуропа мен АҚШ-тың орталық банктерi бiрнеше айдан берi пайыздық көрсеткiштердi күштеп ұстап тұрғаны белгiлi. Басты мақсат арзан несиелер арқылы тұтынушылық сұраныс көлемiн арттыру болатын. Мұнай, газ бен басқа да шикiзат бағасының қымбаттағанына қарамастан, жоғары деңгейде болған тұтынушылық сұраныс кейiнгi апталарда сыр бере бастады. Әлемдiк экономикаға төнген қауiп – рецессия өткен аптада онсыз да құлдыраудың алдында тұрған халықаралық қорды шатқаяқтатып жiбердi.
Дүниежүзiлiк қаржы алаңындағы ахуал қанша шиеленiскенiмен, халықаралық сарапшылар ХХ ғасырдағы Ұлы дағдарыстың ХХI ғасырда қайталанатынына сенбейдi. “Аузы күйген үрiп iшедiнiң” керiн келтiрген әлемдiк экономика Ұлы дағдарыста жiберген кемшiлiктi жiбермеуге тырысуда. Бланшар шаруашылықтың күйзелуiне, кәсiпорындардың жаппай банкротқа ұшырауына және жұмыссыздықтың белең алуына жол бермеу үшiн тұтынушылық сұраныс деңгейiн көтеруге әр ел мемлекеттiк деңгейде көңiл бөлуi шарт дейдi. Батыстық және америкалық мемлекет басшыларының өткен апта соңында Парижде бас қосуы да келеңсiздiктердiң алдын алуға бағытталған.
“Тонды келiсiп пiшуге” тырысқан Батыс пен АҚШ қаржылық дағдарыстың алдын алу шараларын жан-жақты қарастыруға ден қойды. Оның бiр дәлелi, Германия, Франция, Испания үкiметтерi қаржы жүйесiн тұрақтандыру мақсатында 1,7 триллион еуро (2,3 триллион доллар) қаржыны көмек ретiнде ұсынуға, қаржылық жүйенi күйреуден аман алып қалуға шешiм қабылдады. Сонымен, жыл соңына дейiн немiстер – 500 млрд. еуро, француздар – 360 млрд. еуро, испандар – 100 млрд. еуроны банк саласына қаржылық көмек ретiнде бөлмек. Аталған соманың басым бөлiгi банктердiң өзара несиелендiруiне бағытталмақ. 13 қазанда ағылшын премьерi Гордон Браун Ұлыбританияның 3 iрi банкiне 37 млрд. фунт (60 млрд. доллардан астам) құйылғанын мәлiмдедi. Ағылшын билiгiнiң мемлекеттен несие алуға мүдделi банктерге қойып отырған талаптары: банк қызметкерлерiне көрсеткiштер жақсарғанша бонустар берiлмейдi; банктердегi акция иелерiне банк мемлекет алдындағы борышынан құтылғанша дивиденттер төленбейдi; банктер кәсiпорындар мен елдi несиелендiру мәселесiн тез арада қолға алуға мiндеттi; банктердiң басқарма құрамына үкiметтiң өкiлдерi мүшелiкке қабылдануы тиiс.
Австралия алдағы үш жыл iшiнде, Жаңа Зеландия алдағы 2 жылда барлық банк салымдарына мемлекеттiк деңгейде кепiлдiк бердi. Португалия банктерге кепiл ретiнде 20 млрд. еуро бөлсе, Норвегия қаржы нарығына қосымша қаражат құю үшiн 41 млрд. еуро қарыз алмақ. Еуропалық елдер басшыларының дағдарыспен күрес шараларын қажеттi деңгейде атқармай отыр деп мәлiмдеген Халықаралық қаржы қорының басшысы Доминик Стросс-Кан ХҚҚ-ның қаржы жүйесi тоқырауға ұшыраған елдерге көмек көрсетуге әзiр екендiгiн жеткiздi. Батыстық Үкiметтердiң қаржы әлемiне көмек қолын созуы дүниежүзiлiк қор нарығының дүйсенбi күнi жағымды көрсеткiшпен ашылуына сеп болды. Нью-йорктiк биржадағы Dow Jones көрсеткiшi – 936.42 (11,08%), Nasdaq – 194.74 (11,81%), чикаголық биржадағы Standard&Poor 500 әп дегеннен-ақ, 104.13 пунктке (11,81) жоғарылады. Жағымды жаңалықтан кәрi құрлық та кенде емес: Лондондағы FTSE 100 – 324.84 (8,26%), Париждегi СAC – 355.01 (11.18%), Франкфурттағы DAX – 518.14 (11.4%) пунктке өстi. Цюрих пен Мадридтегi биржаларда котировкалар 11,39% және 10,65%-ға көтерiлген. Азиялық аймақтағы ахуал да көңiл көншiтерлiк. Гонконгтағы Hang Seng индексi 10,2 пайызға, сиднейлiк биржа көрсеткiшi 5,6 пайызға жоғарылады. Жапондардың биржасы дүйсенбiде ұлттық мерекеге байланысты жабық тұрған. Есесiне, сейсенбi күнi токиолық Nikkei көрсеткiшi 13 пайызға артты. Ал Шанхайдағы биржада алғашқыда едәуiр көтерiлген көрсеткiш құрылыс компанияларының кесiрiнен 3,4 пайызға төмендеген көрiнедi. Сонымен қатар мұнай және энергетикалық компаниялардың акциялары да айтарлықтай құнсызданған.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ