ЫРЫСЫ АРТҚАН АРЫС

ЫРЫСЫ АРТҚАН АРЫС

ЫРЫСЫ АРТҚАН АРЫС
ашық дереккөзі

Еліміздің күнгейінде қоныс тепкен халыққа сүйсінетіндер көп. Төрт мезгілдің қайсысы да адам жанына жайлы, қолайлы. Мұнда шаруашылықтың кез келген түрімен айналысуға мүмкіндік көп. Осындайда Елбасы Н.Назарбаевтың мына пікірі еріксіз еске түседі.

«Оңтүстік – қазақтың қаймағы бұзылмаған жер. Бұл өңір шуақты күнімен, халқының жомарттығымен, меймандостығымен, салт-дәстүрге беріктігімен, ең бастысы – еңбексүйгіштігімен ерекшеленеді. Әр келген сайын оңтүстікқазақстандықтардың өз өлкесін гүлдендірумен, тұрмыс-тіршіліктерін жақсарта түсумен қатар өздерінің негізгі түп-тамырын ұмытпай әдемі жалғастырып жатқанын көремін», – деп ерекше тебіренген еді. Сол Оңтүстік өлкеде тарихтан сыр шертетін Арыс қаласының өзі талай әңгімеге арқау болады. Арысты ақын да, сазгер де, әнші де асқақтатқан. Белгілі композитор Шәмші Қалдаяқовтың «Арыс жағасында» әні кез келген қазақтың аузында шырқалып жүр десек артық емес.

Ауылдық аймағы бар Арыс қаласы – облысқа тәуелді қала, үш бағытқа бөлініп, Ресей мен Сібірдің еуропалық бөлігін Орта Азия және Қазақстанмен байланыстырып тұратын ірі станция торабы. Аудан 6 ауыл округынан тұрады. Әкімшілік орталығы – Арыс қаласы. Мұнда 67 мыңнан астам халық тұрады.

Кең байтақ қазақ жерінің әр өңірі мен елді мекендерінің өз тарихы, халқының тұрмыс тіршілігінің өсу, өрлеу кезеңдері бар. Арыс өңірінің тарихи бет-бейнесін ашуда, қаланың бой көрсетуіне себепші болған темір жол торабын айтуға болады. 1900-1906 жылдары Арыста әкімшілік-қоғамдық орталық құрылып, вокзал, темір жол, әкімшілік, аурухана ғимараты, қызметкерлер үшін тұрғын үйлер салынды. 1922 жылы алғашқы мектеп ашылып, Түркісіб құрылысымен қатар, үлкен өзгерістер қолға алынды. Одаққа белгілі болған, экономикасы өркендеген, халқының әл-ауқаты өскен Арыс ауданының орталығы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің шешімімен 1956 жылдың 31 шілдесінде облыстық бағыныштағы қала статусына ие болды. Тәуелсіз елімізде Арыстың орны бөлек.

Бүгінде тұрғындардың тұрмысын жақсартып, әл-ауқатын көтеру мақсатында жаңадан жұмыс орындары ашылуда. Соның бір айғағы Ақдала елді мекенінен ашылған томат өндіру цехы. Оның өндірісі тек облыс емес, республика тұтынушыларына таралады. Тамшылата суару жүйесін қолға алған Ақдала ауылында қызанақ өсіретін алқап, Байырқұм, Жиделі елді мекендерінде мақта плантациялары жайқалуда. Арыс өңірін ғана емес Сыр бойындағы елді мекендерді суландыру, бос жатқан шөлейт аймақты көгалдандыруды мақсат еткен мемлекетіміз аса ірі «Көксарай» су тартқыш таспасын салуды қолға алып, жұмыстар атқарып жатқаны баршамызға мәлім.

Адамзат денінің саулығы ең бірінші кезекте екені белгілі. Осыған орай қалада орталық аурухананың ғимараты күрделі жөндеуден өткізіліп, Тубуркулезге қарсы диспансердің жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Білім ошақтарының басым көпшілігінде жаңа талапқа сай күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің тікелей бастамасымен облыстың 80 жылдығына орай облыс аймағында 80 нысан ашылған болатын. Соның үшеуі Арыс қаласында бой көтеріп, «Дермене», «Байырқұм» елді мекендерінде 2 дәрігерлік амбулатория іске қосылды.

«Жол картасы» бағдарламасы бойынша тозығы жеткен көшелер де ретке келтірілді. Айналма жол толығымен аяқталып, пайдалануға берілді. Жергілікті жұрт «Ақбұлақ» бағдарламасының да шапағатын көре бастады, Айталық, Жиделі елді мекенінде халыққа таза ауыз су берілсе, жуырда Монтайтас елді мекені де бұл қуанышты күнге куә болмақ.

Шаһарда шағын және орта кәсіп­орындар саны 3371-ге жетіп, олардың өндірген өнімі 9543,1 млн. теңгені құрап отыр. 2011 жылдың осы мерзімімен са­лыстырғанда 465,2 млн. теңгеге артқан. Бұл салада бүгінде 9217 адам жұмыс жасап, өз күнін өздері көруде. Жалпы, қай салада болсын алға жылжу бар. Мысалы, ауыл­шаруашылық құрылымдары 9 айда 4251,8 млн. теңгенің өнімін өндірді. Жыл сайын егістік алқапта жаңа технологиямен жұмыс істеу қарқын алып келеді. Нақты айтар болсақ, тамшыла­тып суғару әдісімен егу жоспары бұрын 420 гектар болса, нақты 560 гектарға ұлғайып отыр. Бұл әдіс суды үнемдеуде өте тиімді тәсіл екенін көрсетті. Мал шаруашылығы да назардан тыс қалмаған.

Қалада 3 мал бордақылау алаңдары жұмыс жасауда. Биылғы жылы қосымша 2 дана мал бордақылау алаңын іске қо­сылды. Мал тұқымын асылдандыру, мал ба­сын көбейту бойынша, Арыс қаласының 10 ша­руа­шылығында мал асылдандырылған, оның ішінде 8 қой шаруашылығы, 2 жылқы ша­руа­шылығы. Асыл тұқымды қой 33063 басты құ­рап, 3,2 пайыз­ға көбейді. Асыл тұқымды жылқы басы да 602-ге артты.

Бүгінгі таңда Арыс қаласы және ауылдық округтер бойынша 6 мал қашы­рым пункттері жұмыс жасауда. «Қазақстан Республикасының 2010-2014 жылдарға арналған Мемлекеттік үде­мелі индустриялық-инновациялық даму» бағдарламасы аясында «Қазына-жер ЛТД» ЖШС тауарлы-сүт фермасының құ­рылысы жүргізілуде. Жобаның құны – 1 млрд. 600 млн. теңге, ірі қара малдың сүт бағытындағы 800 бас сүтті бағыттағы асыл тұқымды аналық ірі қара мал бағылып, жылына 5200 тонна сүт өндірілетін болады. Жаңадан 36 жаңа жұмыс орны ашылып, 200 адам маусымдық жұмыстарға тар­тылмақ. Аталған жобаның өндірістік инфра­құрылымын дамыту мақсатында «Бизнес­тің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде ферманы қажетті ин­фрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін 156,0 млн. теңгенің ЖСҚ-сы әзірленуде. Сонымен қатар «Үдемелі индус­триялық-инновациялық даму» бағдар­ламасына енгізуге «Арыс шипажайы» ЖШС-нің құны 106,6 млн. теңгелік 1 гектар жерге жылыжай салу жобасы ұсыны­лып, аймақтық үйлестіру кеңесінде мақұлда­нып, тиісті министрліктердің қарауы­на жіберілді. Аталған жоба «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында екінші деңгейлі банк тарапынан 80,0 млн. теңгеге қаржыландырылып, құрылыс жұ­мыстары жүргізілуде.

Арыс қаласында «Балапан» бағдар­ламасының орындалуы да көңілге қонымды. Бағ­дарламаны жүзеге асыру мақсатында мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйым­дарының желісін жетілдіру бағыты бо­йынша қала аумағында шағын ор­талық­тар мен жекеменшік-мемлекеттік әріптестік шеңберінде шағын орталықтар ашу мақ­сатында едәуір жұмыстар жүргізілді. Қа­зіргі таңда 22 мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдары жұмыс істеп жатыр, оның ішінде 5 мемлекеттік балабақша, 1 же­ке­меншік балабақша, 11 мектеп жа­нындағы шағын орталықтар, 5 жекемен­шік-мем­лекеттік әріптестік шеңберінде ашылған шағын орталықтар бар. Биылғы оқу жы­лында 5 жекеменшік шағын орта­лық жергілікті бюджет есебінен қаржы­лануда. Қала бойынша 3-6 жас аралы­ғындағы мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ме­кемелеріне қамтылуға сұраныс­қа ие балалар саны 4400 болса, соның ішінде 2643-і мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдарына тартылып отыр.

Арыс қаласының «Арыс-Шардара» бағытындағы айналма автокөлік жолының бойынан «Индустриялық аймақ» құру үшін 50 гектар жер телімі бөлінді. Ин­дустриялдық аймақ қажетті барлық ин­фрақұрылыммен толық қамтамасыз еті­летін болады. Ол үшін жобалық сметалық құжаттамасын әзірлеуге және мемлекеттік сараптамадан өткізуге 28,6 млн теңге қар­жы 2013 жылға арналған қалалық бюд­жеттің жобасына сәйкес қарастырылды.

Арыс қаласына талай басшылық жұмысты атқарған, өз ісінің білікті маманы Ертай Сейіт Мырзақұлұлының әкім болып келгеніне көп болған жоқ. Ол аз уақыттың ішінде қарамағындағы қызметкерлерінен жауапкершілік пен тәртіпті талап ете білді. Халықтың көкейіндегі түйткілдерді дөп баса білген әкімдік қызметкерлері қалада қордаланып қалған мәселелерді шешуге білек сыбана кірісуде. Ол шаһардың басшысы ретінде қаланың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттырып, жергілікті тұрғындар­дың мұң-мұқтажын шешуге күш салуда. «Елге жатпай-тұрмай қызмет ету біздің міндет. Жас болсам да, біраз тәжірибем бар деп ойлаймын. Халықтың, елдің маған деген сенімін ақтауға тырысып келемін. Қашан да тұрғындарға жақын жүргенді, мәселені бірге шешкенді ұнатамын. Алдағы уақытта да осы үрдістен айнығым келмейді», – деп өзін де, жұртты да жігерлендіріп еді. Қазақтың біртуар ақын-жазушылары мен батырлары, өнерпаздары мен дарындарын мақтан ететін Арыс қаласы жайқалып, жайнай беретіндігіне ешқандай күмән жоқ.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ