ЕСКІ ҚИЫНДЫҚТАРДЫ ЖАҢАША ШЕШУ

ЕСКІ ҚИЫНДЫҚТАРДЫ ЖАҢАША ШЕШУ

ЕСКІ ҚИЫНДЫҚТАРДЫ ЖАҢАША ШЕШУ
ашық дереккөзі

Медиа құрылтай – 2012:

Билік пен құзырлы орган өкілдерін, БАҚ қожайындары мен қызметкерлерін, қазақстандық және шетелдік үкіметтік емес ұйымдар қызметкерлерін бір алаңға жинап, қазақстандық журналистикаға тән кемшіліктерді анықтау, оларды жою, тиімді ұсыныстар айтуды көздеген «Медиа Құрылтай-2012» «тонды келісе отырып пішуді» көздеген. Өткен аптада Алматыда «Қазақстанның медиа нарығы: оңтайлы басқару және дамытатын тұстары» тақырыбындағы Қазақстанның медиа нарығын дамыту мәселелері талқыланған құрылтай даулы мәселелерді шешудің тиімді жолдарын қарастырды. Айтылған ұсыныстар, түйілген ойлар мен жасалатын жұмыстарды саралау – келесі Құрылтайдың еншісіндегі шаруа. Аталған шараға қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының қожайындары мен жетекшілері, республикалық және аймақтық баспасөз өкілдері, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Мәжіліс депутаттары, салалық ассоциациялар, жарнамалық агенттіктер, сараптамалық және зерттеулік құрылымдар, қазақстандық және шетелдік үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, жалпы саны 250-ге жуық адам қатысты. Құрылтайға арнайы шақырылған қонақтар арасында ресейлік және шетелдік танымал сарапшылар болды. Шараның ашылу салтанатында Әсел Қарауылова: «Медиа Құрылтай қатысушылардың бір-бірімен тәжірибе алмасуына, кәсіби тұрғыда қажетті ақпаратты алу, серіктестік қатынастар мен байланыстар орнату сияқты мәселелерде таптырмас құрал саналады», – деп мәлімдеді. Өз кезегінде «Америкалық зерттеушілердің анықтауынша, 5 миллион адамдық аудиторияны жаулап алуға радиоға – 38 жыл, телеарнаға – 14 жыл, ғаламдық интернет желісіне 4 жыл кеткен екен. Ал Алматы болса, ақпараттық медиа нарықты дамытуда көшбасшылық позицияда келе жатыр. Қазір статистикаға қарағанда, Алматыда мыңнан астам бұқаралық ақпарат құралдары тіркелген. Оның 85-і ғана мемлекеттік», – деп мәлімдеді Алматы қалалық ішкі саясат басқармасының бастығы Бақтияр Мәкен. Бүгінде бұқаралық ақпарат құралдары билік пен қоғам арасындағы өзара байланысты қалыптастырып қана қоймай, өзі де әлеуметтік серіктестікке түсуде. Қазақстан Журналистика Академиясының президенті Сағымбай Қозыбаев отандық БАҚ-тағы қаламы қарымды бірқатар журналиске Академияның жалпыұлттық сыйлығын тапсырды. Марапатталғандар арасында «Мысль» журналының бас редакторы Сейдахмет Құттықадам да бар. Журналистика саласында талай жыл тер төгіп келе жатқан майталман маман марапаттау кезінде ішкі толқынысын жасыра алмады: «Өз өмірімдегі ең алғаш сыйлығым. Сондықтан да маған қымбат әрі ыстық». «БАҚ және қоғамның ақпараттылығы. Қазақстандық ақпарат алаңының тиімділігі және БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат» тақырыбына ұйымдастырылған пленарлық пікірталаста Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің төрағасы Болат Қалианбеков: «Мемлекет тарапынан қаржылай қолдау жылдан жылға жақсарып келеді. Өйткені қазіргі көрермен, тыңдарман, оқырмандардың талғамы өте биік. Сондықтан тек сапалы дүние шығару қажет. Соңғы 4 жылдың ішінде 4 жаңа арна еліміздің медиа нарығының қатарына қосылды. Келер жылы спорт арнасын ашу жоспарда бар», – деп мәлімдеді. Оның айтуынша, ақпарат – күрделі салалардың бірі. Оның эволюциялық дамуын заңды түрде бақылау өте қиын. Бұл әлемдік үрдіс. Сонымен қатар «Мемлекеттік тапсырыстың тиімді жүзеге асырылуын зерттеу бүгінгі таңда төмен деңгейде. Айта кетер жайт, мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейтін бұқаралық ақпарат құралдары мемлекетке тәуелді емес. Олардың арасында бағдарламалары тартымды, хабарлары сапалы да салмақты әрі өзекті мәселелерді көтере білуімен телекөрермендер назарын аударып жатқандары да бар», – дейді Болат Серікұлы. Оның айтуынша, Қазақстан қазір сандық телевидениеге көшудің алдында. Тәуекелдерді бағалау тобының директоры Досым Сәтпаев қазіргі отандық ақпараттық кеңістіктегі үдерістердің бірі – «ақпараттық сепаратизм» жайлы баяндама жасады. Оның айтуынша, Қазақстанның баспасөз кеңістігі қарама-қайшылығына байланысты бірнеше бөлікке бөлінеді: қазақтілді – орыстілді; мемлекеттік – оппозициялық, off-line – on-line, жергілікті – шетелдік, ресми ақпарат көздері – бейресми ақпарат көздері. Пікірталас барысында «31 арнаның» Бас директоры Бағдат Қожахметов мемлекеттік тіл дамымайынша, қазақтілді журна­листикасына қатысты проблемалар шешіл­мейтінін айтты. Оның пікірінше, отан­дық телеарналардағы шетелдік өнім отан­дық өнімдермен ауыстырылса, қосымша құн салығынан босатып, әсіресе телебағдарламалар қазақ тілінде түсірілісе, қосымша көмек ретінде 50 пайызға дейін субсидиялану керек. Солтүстік Қазақстан облысынан келген Құқықтық медиа орталығының жетекшісі Диана Окремова 2012 жылы мемлекеттік тапсырыс жүйесі бойынша бөлінген 22 млрд. теңгенің (шамамен 150 млн. доллар) 20 млрд. теңгесі (шамамен 130 млн. доллар) «Қазақстан» мен «Хабар» телеарналарына бөлінгенін жеткізді. Құрылтайға жиналғандардың наразылығына қарсы пікір айтқан белгілі саясаттанушы Айдос Сарым «Қазақстан» мен «Хабар» арналарын көресіз бе?» деген сұрақты ауылдағы ағайынға қою керектігін көлденең тартты. Өйткені екі арнаның ең басты көрермені алыс-жақын ауылдарда. «Интерньюс-Қазақстан» мекемесінің директоры Маржан Елшібаева отандық бұқаралық ақпарат құралдары мемлекеттік тапсырыс үшін емес, көрермен ықыласы үшін бәсекеге түсу керек деген ой айтты. Маржанның пікірін «Forbes-Қазақстан» журналын шығарушы Арманжан Байтасов қостады: «Ақпарат құралдарының басшылары тұтынушы, әсіресе көрермен қауым нені қажет етеді?» деген сауалмен бас қатырып, соны ескеруі тиіс». Мұндайда «арнайы жүргізілген сауалнама қорытындысы мен шынайы сұраныс екі бөлек» деген сенімдегі Voxpopuli.kz сайтының іргетасын қалаған Әлішер Елікбаев «Сайттан қандай тақырыптағы мақаланы оқығыңыз келеді?» деген сұраққа респонденттер қоғамдық-саяси контентке негізделген материалдар керек дегенмен, шын мәнісінде Интернеттен әйелдердің дене-бітімін жиі тамашалайды», – дейді. Украинадағы Хабар таратушылардың тәуелсіз ассоциациясына жетекшілік ететін Катерина Мясникова өз еліндегі мемлекеттік тапсырысқа иек артқан басылымдардың үкімет тарапынан алынатын арнайы көмектен қол үзгеннен кейін көп ұзамай-ақ банкротқа ұшырағандарын көлденең тартты. Алайда мұндай пікірлерге қарсы уәж айтқандар да табылды. Мысалы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің төрағасы Болат Қалианбековтің пікірінше, БАҚ-қа мемлекеттік тапсырыстың бөлінуіне бірнеше себеп бар. Ең басты себебі, қазақстандық телеэфирде шетелдік медиа-өнімнің үлес салмағы басымдығы. Сондықтан «мемлекеттік тапсырыс жүйесі нашар деп емес, оны жүзеге асырудағы тетіктердің кемшілігін алға тартқан жөн. Ол «тек билікті мақтаған бұқаралық ақпарат құралдарына ғана мемлекеттік тапсырыс беріледі» деген пікірмен келіспейтіндігін жеткізді: «Время» газеті мемлекеттік тапсырысты орындайды. «Время» газетінде супер цензура бар деп кім айта алады? Central Asia Monitor газеті де – мемлекеттік тапсырысты орындаушы басылым. Онда да сыни мақалалар жиі шығады». «31 арнаның» бас директоры Бағдат Қожахметов отандық БАҚ-тағы шетелдік дүниелердің орнын басатын өнімдер қажеттігін айтады. Бұл орайда үш жыл бойы Украина аумағында ресейлік бұқаралық ақпарат құралдарының таратылуына заң жүзінде тыйым салған қадамын Қазақстанда да қолдануға шақырды: «Осының арқасында ең күшті деген ондаған украиндық телеарна қалыптасты». Олег Гант оқырман мен көрермен сапасын арттыруға көңіл бөлу керек деген ұстанымда: «Егер бұрын журналистерді ұялы телефондарға қалай сюжет түсіру керектігін үйретсек, қазір бұл өткен күннің еншісіндегі ескі нәрсе ретінде қабылданады. Біз адамдарды сапасы жоғары контентті қалыптастыруға үйретудеміз. Басылымдардың көпшілігі сапалы құрылғылардың көмегімен студия құрып алып, сапалы хабар таратуға тырысады. Сапалы фотоаппаратпен сапалы сурет түсіру де жолға қойылған. Яғни қазір интернеттегі ағайынды сапасыз дүниемен алдарқата алмайсыз». Алғашқы отырыста біздің тарапымыздан ұсынылған бүгінгі қазақ журналистикасына тән кемшіліктер мен оларды шешу жолына бағытталған зерттеу жұмысына республикамыздың барлық облыстары, Алматы мен Астана қалаларындағы республикалық және аймақтық БАҚ-тың 100-ден астам өкілі тартылған еді. Қазақ журналистикасына қатысты түйткілдер мен қордаланған қиындықтарды жан-жақты көрсеткен бұл жұмыста сол проблемаларды шешудің жолдары да қатар ұсынылды. Респонденттер тарапынан ең көп айтылған мәселе — мемлекеттік тілдің мәртебесі. Яғни қазақ тілі дамытылмаса, оның қолданыс аясы кеңейтілмесе, мемлекеттік тілге деген сұраныс артпаса, қазақ журналистикасының жағдайы әсте жақсармайды. ҚР Мәжіліс депутаты Светлана Романовская қоғам үшін аса маңызды мәсе­лелерде, әсіресе заң жобаларын тал­қы­лау барысында Қазақстан азаматтарының белсенді әрекет етпейтінін сынға алған: «Қазіргі Парламент – жаңа. Сұрақтарыңызды жіберіңіздер, өтініш пен ұсыныс айтыңыздар. Сіздер өздеріңіз заң жобаларын талқылауға құлшынбайсыздар» деген халық қалаулысына Досым Сәтпаев қарсы уәж айтты: «Біздегі ақпараттық алаңды Парламент емес, билік бекітеді». Украинадан келген әріптесіміз Катерина Мясникова: «Мемлекеттік тапсырыс есірткі сияқты. Қоғамды нақты әрі шынайы ақпаратпен қамтамасыз ету үшін мемлекеттік тапсырыстан бас тартыңыздар. Жарнамадан пайда табыңыздар. Бізде солай» деген ақыл айтты. Әлбетте, егер Украинадағы орыс немесе ағылшын тіліндегі жарнаманың ук­раин тілінен әлдеқайда қымбатқа түсетінін және шенеуніктер тек украин тілінде сөйлейтінін ескерсек, Катеринаның берген ақылы орынды. Тек бұл Қазақстанға келгенде қауқарсыз. Өйткені Қазақстанда қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі өз деңгейінде емес. Егер шенеунік біткен мемлекеттік тілді жақсы білсе, еліміздегі өзге ұлт өкілдері қазақ тіліне жетік болса, ҚР Президенті Н.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында: «Егер Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері мен бүкіл көпұлтты Қазақстан мемлекеттік тілге бет бұрса, біз бұдан бір-бірімізге жақын бола түсіп, бір-бірімізді жақсы түсінетін боламыз… Мен, сірә, екі тілде бірдей сөйлеуге тура келетін сирек Президенттердің бірі шығармын. Ал мен тек мемлекеттік тілде ғана сөйлейтін және бәрі мені түсінетін күнді армандаймын», – деп толғанбас еді. Отырыстарда қызу пікір таластырған тақы­рыптардың тағы бірі – басылымдардың ке­лешегі. «Қазақстанға Интернеттің енгізілуі 30 пайызға жеткенде телеарналар аудиториясын жоғалтады», – деген Катерина Мясникованың ойын Яцек Утко да қостайды. «Қазақстанның медиа брендтері: нарықта ілгерілету саясаты» пленарлық отырысында жаңа брендтер, әлемдік дағдарыстың салдары т.б. мәселелер қаузалды. Польша, Швеция, Норвегия, Дания, Австрия, Финляндия, Балтық жағалауы елдері, Ресей, Пәкістан т.б. елдердегі газет-журналдардың дизайнын қайта жасау арқылы басылымдарды әлемдік экономикалық дағдарыс кезінде де пайда табуға қол жеткізген Bonnier Business Press International компаниясының дизайн жөніндегі директоры Яцек Утко Құрылтай соңында жиналғандарға дәріс оқыды. Қазақстандық газеттердің ғаламтормен бәсекеге түскенде қандай қағидаларды ұстануы керектігін, дизайнды заманауи үдерістерге бейімдей отырып, таралым мен оқырмандар санын қалай көбейтуге болатыны жөнінде кеңес берген ол Жер шарындағы көптеген мемлекеттің газеттеріне тән кемшілік – ұзыннан-ұзақ шұбалған мәтіндердің орнына барынша қысқа материал беріп, есесіне, суреттердің көлемін барынша ұлғайту қажет. Көптеген халықаралық байқаулардың жеңімпазы атанған Утконың пікірінше, ерте ме, кеш пе, газеттер жабылып қалады, есесіне, журналдардың келешегі зор: «Журналдар тіпті ғаламторды басып озуға қауқарлы». «Алау-Огонек» журналының бас редакторы Юрий Дорохов бүгінгі таңда 67 пайызға жетіп отырған қазақтілді аудиторияның келешегі жарқын екендігін, сондықтан басты назарды қазақтілділерге аударып отырғандықтарын айтты. «Цифрлық дәуірдегі БАҚ-тың ой еркіндігі. Қазақстандағы цифрлық байланыс арналарына өту және радиохабар таратудағы ой еркіндігі» тақырыбына өткізілген отырыста Ұлыбританиядан келген «Ашық қоғам» қорының өкілі Рита Рудуша әлемдік ақпарат кеңістігіндегі ахуал жайлы айта келе, бірнеше елдің журналистеріне тән кемшіліктерді тізбеледі. Сандық БАҚ, Интернет ауқымы туралы баяндамада ол қолданушыларға кенде емес рунеттің жайынан сөз қозғады. Мысалы, «В контакте» әлеуметік жүйесінде 23 млн. қолданушы бар екен. Есесіне, халықаралық деңгейдегі әлеуметтік желілер ақпараттық тұрғыда сыртқы әлеммен байланысты үзген Қытайда сұранысқа ие емес. Аспанасты елінің өз жүйесінде 190 млн. қолданушыдан асып түседі. Рудуша Румыниядағы ақпарат кеңістігін «тәтті бәліш» секілді өзара бөліске салған олигархтар жайлы да айттты. Бұл румыниялық баспасөз нарығының, жалпы сөз бостандығының дамуына кедергі. Бір қызығы, ол әлемдік журналистикаға тән кемшіліктерді саралау барысында қазақстандық БАҚ-қа тән олқылықты атады. Ол – «Google-журналистика», яғни журналистер кабинеттен шықпай-ақ Интернеттің көмегімен ақпарат жинайды, сұхбат алады, түйінді пікірлер алады, мақала жазады. Өкінішке қарай, дәл осы кемшілік қазақ журналистикасында кеңінен тарап бара жатыр.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ