АНТАРКТИДА МҰЗДАРЫ ЕРУДЕ

АНТАРКТИДА МҰЗДАРЫ ЕРУДЕ

АНТАРКТИДА МҰЗДАРЫ ЕРУДЕ
ашық дереккөзі

Жуырда интернет сайттан Антарктидадағы мұздар осы қалпымен ери беретін болса, 15-20 жылда он шақты мемлекет судың астына кетуі ғажап емес деген қорқынышты хабарды оқып қалдым. Осылай ғаламшар климатының өзгеріске ұшырап отырғанын мамандар негізінен булы газдардың ауаға көп бөлінуінен және мұнайдың теңіздерге құйылуынан деген болжамдар келтіріп отыр. Адамзат баласы алдында тұрған экологиялық проблемалар жылдан-жылға барынша күрделенуде, соның ішінде, ең алдымен климат өзгеруінің жаһандық проблемасы, табиғи әралуандықты сақтап қалу мен шөлейттенуді тоқтату мәселелерін айрықша атап өткен жөн.

Дүниежүзіндегі құрғақшылық жылына 2 миллиард адамның тұрмыс-тіршілігіне зиянын тигізіп, жер шарының 150 миллион халқы қоныс аударуға мәжбүр болып отыр. Антарктидадағы мұздардың еруі, жаһандық жылыну, яғни климаттың өзгеруі халықаралық ұйымдардың да назарын өзіне еріксіз аударып, БҰҰ-ның 2012 жылы көктемде Сеул қаласында өткен жиында арнайы «Климаттың өзгеруі жөніндегі конвенция» қабылданған болатын. Оған әлемнің 156 елі қол қойды. Одан тыс «Атмосфераға таратылатын зиянды газдарды шектеу туралы хаттама» қабылданды. Онда жанар-жағармайдан ауаға таралатын зиянды газдардың көлемін 1990 жылғы деңгейге жеткізіп, 2008-2012 жылдары 5,2 пайызға дейін азайту қарастырылған. Бұл үшін Еуропа Одағына кіретін елдер оның мөлшерін – 8 пайызға, АҚШ – 7, Жапония, Канада, Польша, Венгрия – 6 пайыз, басқа елдер оны белгілі бір жылғы көрсеткіштен асырмауға келіскен болатын. Таяуда ғана БҰҰ-ның Нью-Йорктегі Бас Ассамблеясында сөйлеген сөзінде Елбасы Н.Назарбаев бүгінде әлемдік қоғамдастық үшін жаһандық энергетикалық дағдарыстың тереңдеуі және планетада қолайсыз климаттық өзгерістер қатерінің өсе түсуі аса өткір проблемалар болып отырғанын атап өтті. «Әлемдік экологиялық проблемалар реестрін жасауды тағы бір рет ұсынғым келеді. Бұл құжат экологиялық апаттарға қарсы күрес тетіктерін әзірлеуге көмектеседі», – деген еді Мемлекет басшысы. Президент сонымен қатар Арал проблемасын шешу әлемдік қоғамдастықтың күш-жігерін топтастырмайынша мүмкін емес екендігін атап көрсетті. Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 68-ші сессиясында жаһандық климаттың өзгеруі талқыланды. Осы мәселеге қатысты бірқатар фактілерге көз жүгіртер болсақ, 1970 жылдан бері ауаға тарап жатқан булы газдардың көлемі 70 пайызға артыпты. Ол 2030 жылға дейін тағы да 25 пайызға көбейетін көрінеді. Бұл мұхиттағы мәңгі мұздардың еруіне әсер етуі әбден мүмкін. Соның салдарынан әлемдегі бірқатар қалалар мен елдер судың астында қалады деген сөз. Климаттың өзгерісі жайлы мәселе 2012 жылдың басты тақырыптарының біріне айналды. Қаңтар айында АҚШ-тың Ұлттық Ауа-райы қызметіне қарасты агенттігі, 1995 жылдан бері 10 жылдың тоғыз жылында ауа райының жылы болғаны туралы хабарлады. Ақпан айында Гренландияның мұздықтары бойынша сарапшылар Атлант мұхитының екі еселенген мұзы, қатып қалған өзендердің алдыңғы он жылға қарағанда ери бастағанын айтты. Сонымен қатар саясаткерлер мен саяси технологтар да ғаламдық жылыну туралы мәселені жиі көтере бастады. АҚШ-тың Пенсильвания штатындағы жер жүйесі ғылыми орталығының директоры Майкл Манн былай дейді: «Қазірде ауа райын болжаушылар климаттың өзгеруіне адамзаттың әсері бар дегенге қарсы болып келеді. Бірақ климаттың өзгеруіне, ақырындап ауа райының өзгеріске түсуіне қоғамның табиғатқа немқұрайлы қарауы себеп болып отыр». Ауаға бөлінетін көмірқышқыл газы алдағы уақытта климаттың жылынуына белгілі бір мөлшерде әсер етеріне тоқталған Манн, соңғы уақытта ғаламдық жылынуға салдарын тигізетіндей ондаған жылдар бойына жететін көмірқышқыл газының көп мөлшері тарағанын тілге тиек етті. Міне, бүгінгі мамандар табиғи апаттарға әкеліп жатқан ауа райының өзгеріске ұшырағанын мойындағанымен, ол қауіптің қаншалықты алдын алу керектігін жөнінде ештеңе айта алмай отыр. Десек те, олар адамзаттың апатты өзгерістерді болдырмау үшін шешімді қадамдар жасауына ондаған жылдар ғана уақыт бар екенін ескертеді. Соңғы кезде әлемде түрлі табиғат апаттары көбейіп, экологиялық проблемалар ушығып кетті. Соның ішінде Каспий теңізінің экологиялық жағдайы жылдан-жылға әлемді толғандыра бастады. Теңіздің айналасындағы қоршаған ортаның бүліне бастауын көбіне мұнайдан көреміз. Әрине, мұнай мен газдың экологияны залалдауға тигізіп жатқан үлесі зор. Әйтсе де, нақты залал көзі басқада. Теңіздің деңгейі 1975-1995 жылдар арасында қайта-қайта көтеріліп, жағасындағы елді мекендерді басып қалып, әбігерге түсіргені жұрттың есінде болар. Қазір ол деңгей жоқ. Теңіз суының деңгейі жыл өткен сайын төмендеп барады. Егер тарихқа жүгінсек, бір кездері арнасы асып-тасыған Арал теңізінің қазіргі күйі аянышты. Каспий де қазір соның кішігірім күйін кешіп отыр. Климаттық өзгерістер Каспий деңгейінің бұдан да төмендеуін өршітпесе, көтере қоймайды. Өйткені климаттың өзгеруі әлемдегі су тепе-теңдігінің бұзылуына, әсіресе Солтүстік Атлант мұхитының өзгеруіне өте-мөте әсер етеді. Итбалықтардың қырылуына, бекірелер тұқымының азаюына мұнай мен газдан гөрі Еділ мен Жайықтағы лас заттар көбірек ықпал жасайды. Итбалықтардың жаппай қырғынға ұшырауының басты себебі, ластаушы заттардың жоғарыда аталған екі өзен арқылы теңізге көптеп келе бастауына тікелей байланысты. Сондықтан да қатар аққан қос өзен тазалығына да көңіл бөлсек артық етпес. Жалпы алғанда, ауа температурасының өзгеруі қоршаған ортаға, егіншілікке және халық денсаулығына келеңсіз әсер ететіні айтпаса да белгілі. Сол себепті бұл проблема біздің еліміз үшін де өзекті күйінде қалуда. Климаттық проблема елімізде ауаның температурасын одан сайын өзгертіп, табиғи аймақтардың жылынуына, жердің тозуына, шөлейттену процестеріне әкеп соқтырады. Соңғы 100 жылда ғаламшарда ауа температурасының жылынуы 0,7 пайызды көрсетсе, Қазақстан аумағында да ауаның орташа температурасы деңгейінің артуы байқалып, бұл көрсеткіш республика бойынша 1, 3 градусқа дейін жеткені анықталып отыр. Бұл әлемдік деңгейден екі есе көп. Оны ел тұрғындары сезбегенімен өзгеріс ауыл шаруашылығында анық байқалуда. Арнайы мамандардың деректеріне сүйенсек, бүгінгі күні Қазақстанның 60 пайыздан астам жері құрғақшылыққа ұшырауда. Жасыл алқаптар мен орман-тоғайлар азайып, мал жайылымдары тарыла түсуде. 2011 жылы ауыл шаруашылығы мақсатына арналған жерлердің көп бөлігі шөлге айналған. Онсыз да орманға кедей елімізде жасыл желектің азаюы құрғақшылыққа ұшырауды одан әрі жеделдете түсуде. Елімізде сексеуілді және бұталы өңір 4,2 пайыз, ал жалпы ел аумағындағы орман көлемі бар болғаны 1,2 пайыз. Яғни климаттың бұлайша өзгеру сипаты теріс әсер көрсетіп, оның келеңсіз салдарға ұшыратуы да жиілей бермек. Қазақстанның экономикасы құжат талап етіп отырған міндеттемелерді қаншалықты көтере алады? Әсіресе, Қазақстанда 80 пайыздан аса булы газ бөліп шығаратын бір ғана энергетика секторының болашағы не болмақ? Еліміздің қабылдаған міндеттемелері жекеменшік кәсіпорындардың экономикасына қалай әсер етпек? Осылай сұрақтарды тізе берсек, түбіне жете алмаймыз. Осы ретте Киото хаттамасы халықаралық құжат ретінде әлемдік экономикаға, сондай-ақ, Қазақстанның дамуына да ықпал ететінін ұмытпағанымыз жөн. Қазақстан Республикасы климат өзгерістерінің алдын алуға және оның адамзатқа тигізер кеселдерін азайтуға бағытталған халықаралық келіссөз процесіне белсене қатысуда. Осыған байланысты әлгінде айтқанымыздай, БҰҰ Бас Ассамблеясында, яғни әлемнің ең биік мінберінен Елбасы Н. Назарбаев климаттың өзгеруіне қатысты келелі сөз қозғады. Жалпы алғанда, әсіресе экологиялық қырынан қарағанда Елбасының көтерген мәселелері өте орынды. Яғни заман талабына сай таза өндіріс пен жоғары технологияларға ешкім де қарсы болмауы керек. Қазақстан жеті жылдан бері Киота хаттамасына қосылған, бүгінгі күні халықаралық инвес­ тициялар тарту жөнінде жұмыс істеп жатыр. Осылайша Қазақстанда энергетика секторын қайта жарақтап, бастан-аяқ жаңартуға үлкен инвестициялар тартылуда. Өйткені басқаларға қарағанда біздегі өндірістік жабдықтардың басым бөлігі Кеңес одағынан қалған ескіріп тозған. Сондай-ақ осы жолда озық технологиялар негізінде құрал-жабдықтар жаңартылып, өнім сапасын жоғарылатуға және әлемдік нарықта отандық өнеркәсіптің бәсекелестігін арттыруға болады. Осы арқылы тек энергия көзін үнемдеуге ғана қол жеткізіп қоймай, көмірқышқыл газы шығындыларын қысқартып, ауаны тазартуға көмектеседі. Бұл өз кезегінде халықаралық қауымдастық алдында беделімізді көтеріп, бәсекеге қабілетті елдер қатарына кіру мүмкіндігін арттыра түсетін болады.
Жұмамұрат ШӘМШІ, тарих ғылымдарының кандидаты