КӨПТІ ТОЛҒАНДЫРҒАН КӨЛІКТІК ТРАНЗИТ

КӨПТІ ТОЛҒАНДЫРҒАН КӨЛІКТІК ТРАНЗИТ

КӨПТІ ТОЛҒАНДЫРҒАН КӨЛІКТІК ТРАНЗИТ
ашық дереккөзі

Орталық Азия елдері министрлерінің басқосуы аяқталды

Жуырда Қытайдың Хубей провинциясындағы Ухань қалашығында Орталық Азия мемлекеттерінің конференциясы өтті. Мұнда аталмыш аймақтағы мемлекеттердің министрлері бас қосып, Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастық шеңберіндегі іс-шараларды бекітті. 11-рет ұйымдастырылып отырған осынау жиынға ҚХР Қаржы министрі Шиу Шиурень мырза және Азия Даму Банкінің Президенті Харухико Курода мырза төрағалық етті.

Орталық Азия ынтымақтастығына он ел кіреді: Әзірбайжан, Ауғанстан, Қазақстан, Қытай Халық Республикасы, Қырғызстан, Моңғолия, Пәкістан, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан. Халықаралық қаржы институттарынан – Халықаралық Валюта қоры, Азия даму банкі, Дүниежүзілік банк, Еуропа даму банкі, Ислам даму банкі және БҰҰ даму бағдарламасы аясында экономиканың төрт секторы бойынша мәселелерге ден қояды. Биылғы отырыста Көліктік транзит магистральдары басты назарға шықты. Бұл мәселе бойынша өңірлік жобалар мен өңірді дамыту үшін тиімді байланыс құруға бағытталған энергетиканы дамыту қарастырылды. Сондай-ақ осы шара барысында сауда-саттықты оңайлату және тасымалды жеделдету жөнінде де көптеген ұсыныстар қаралды. Транзиттік магистральдардың негізгі тақырыпқа айналуы тегін емес. Себебі Түркіменстаннан Қытайға газ тарту Қазақстан арқылы жүзеге асады. Сол сияқты оңтүстіктегі елдердің кез келген тауар тасымалы Қазақстан мен Қырғызстан аумағынан өтетіндіктен, мұнай мен газ құбыры, шекаралық тауар тасымал түрлерін жеңілдету барлық тарап үшін тиімді. Қазіргі таңда барлық көлік дәліздері аяқталуға жақын. Ал қалған учаскелер 2017 жылы бітеді деп жоспарланып отыр. Бұл салаға 2001 жылдан бастап 20 миллиард долларға жуық инвестиция салыныпты. Оның ішінде сауда-саттық, энергетика және сауда-саттыққа ықпалдасу мәселелеріне де бөлінсе керек. Ухань қаласындағы басқосуда Қазақстан делегациясын Қазақстанның Қаржы министрлігінің жауапты хатшысы Наталья Коржова ханым басқарды.

Елдердің су-энергетикалық сек­то­рындағы жағдайды жақсарту үшін, ұлттық және өңірлік деңгейлерде су ре­сурстарын басқару үшін талдау­ды дамыту қажет. Су ресурстары дауы көп мәселе. Осы тұрғыда ортақ пікір­ге келген Орталық Азия елдерінің өкіл­дері шекаралық және кедендік қыз­мет­терді жақсарту, яғни жеңілдету туралы шағымдарын ортаға салды. Бұл мәселені реттемейінше көліктік транзит дәліздерін дамыту мүмкін емес. Оған дәлел ретінде Моңғолия мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың тиімді тәжірибесі атап айтылды. Сондай-ақ Коржова ханым осы үлгінің Қазақстан мен Қытай шекарасында да пайдаланылуы мүмкін екенін айтып қалды. Моңғолия мен Қазақстан арасындағы тауар айналымының көлемі 65-80 миллион долларды ғана құрайды екен. Оның 90 пайызы Қазақстан экспорты болса, қалған 10 пайызы моңғол тауарының экспорты. Осы көрсеткіштерден-ақ алыс емес, тіпті шекарасы жақын екі елдің бір-бірімен экономикалық қарым-қатынасы қаншалықты екенін бағамдауға болады. Бұған себеп тағы да көліктік транзит жолдарының толық аяқталмауы. Қазақстан мен Моңғолия арасындағы автокөлікпен қатынау үшін Ресейді айналып өту керек немесе Қытай асып барасыз. Мұның машақаты көп жұмыс екені баршаға белгілі. Сондықтан келіссөздер жүргізу барысында екі ел еріксіз үшінші жақты келіссөз жүргізуге мәжбүр. Экономикалық байланыс орнатуға тың серпін берген Ухань конференциясында көліктік-энергетикалық мәселелердің қаралуы біраз түйткілдің түйінін шешті.

Конференцияда Халықаралық Валюта Қорының өкілі Юха Кяхкененнің «ОААЭЫ елдерінің әлемдік экономикасын дамыту перспективалары туралы» баяндамасы мен ОААЭЫ-ның төрт басым бағыты бойынша (сауда, көлік, энергетика, саудаға көмектесу) 2011 жылғы ОААЭЫ жұмысы туралы есеп тыңдалды.

Бұдан басқа, фитосанитарлық шаралар бойынша шекарадағы жағдайды жақсарту және ОАӨЭЫ елдерінің жүк тасымалдаушылар қауымдастықтары арасындағы ынтымақтастығы бойынша жұмысты жылжыту аса маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.

Министрлер сол сияқты өңірде 2014 жылы талдамалы жұмыс, оқыту және білімді басқару арқылы стратегиялық жобаларды қолдау үшін ОАӨЭЫ инс­титуты базасын құруға уағдаласты. 11-ші Министрлік конференциясы былтыр «Жақсы көршілер, жақсы әріптестер, жақсы перспективалар» атты мақсатқа қол жеткізу үшін қабылданған ОАӨЭЫ – 2020 стратегиясының барлық бағыттарын белгіледі. Келесі 12-ші Конференция 2013 жылдың күз айында Астана қаласында өтеді.

Ақниет ОСПАНБАЙ