ЕЛГЕ ОРАЛЫП, ЕҢБЕГІ ЖАНҒАНДАР БАС ҚОСТЫ

«Көшіп келіп жатқан ағайынға көмек көрсету – әрбір қазақтың парызына айналуы тиіс».

(Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Дүниежүзі Қазақтары құрылтайында айтқан сөзінен).

Алматыда Елбасы Нұрсұлтан Назар­ба­­евтың «Қазақстанның әлеуметтік жаң­ғыруы: Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласы негізінде «Елге оралып, еңбегі жанғандар!» деген тақырыпта форум өтті.

Қазақстан Республикасының Пре­зи­денті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлт ал­дындағы, ұрпақ алдындағы ең бір сауабы шексіз сарабдал саясатының құрамдас бөлігі – тағдыр тәлкегімен төрткүл дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашылған қандастарымызды атажұртқа шақыруы болды. Содан бері 1 миллионнан астам қандасымыз Отанына оралды. Олардың көпшілігі Алматы қаласына келіп қоныстанып, еліміздің өркендеуіне өз үлестерін қосып жүр.

Елбасының оралмандарды қолдау саясатын жүзеге асыру аясында Алматы қаласы Әкімдігі мен Халықаралық «Жанашыр» қоры 2012 жылдың 17 қазаны күні Оралмандардың Алматы қалалық «Еліне оралып, еңбегі жанғандар!» атты форумын өткізді.

Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» деген мақаласындағы Қазақстанда еңбек қоғамын, одан әрі жаңғырту идеясын басты мақсат етіп алған форум, Алматы қаласына шетелдерден келген қандастарымыздың ел экономикасы мен мәдениетіне, руханиятына қосып жатқан үлестерін және қоғамға бейімделіп, орнығуында кездесетін проблемаларын ортаға салып, ой бөлісті.

Шараға шаһарда тұратын өнер, білім, ғылым, әдебиет, бизнес және т.б. салаларда зор жетістікке жеткен оралман азаматтар қатысты. Жиында Қытайдан келген қандасымыз, тарих ғылымдарының докторы, профессор Нәбижан Мұхаметханұлының «Елбасының оралман саясаты және оның қомақты нәтижесі», оралмандар мәселесімен үздіксіз айналысып жүрген қоғам қайраткері Рахым Айыптың «Қазақ көшінде қалыптасқан жағдай мен оны шешудің жолдары», «Тәуелсіздік жемісі» жинағының авторы Мұратхан Шоқанның «Тәуелсіздік жемісіндегі оралмандар үлесі» атты баяндамалары тыңдалып, қандастарымыздың Тәуелсіздік жемісіндегі ел дамуына қосқан үлесі айтылды.

Жарыссөзге шыққан Алматы қаласы Көші-қон полициясы басқармасы бастығының орынбасары Ержан Нұрсұлтанұлы Алтаев көші-қон саласындағы Оралмандар мәселелеріне тоқталды.

Әр елдерден келген қандастар өкілдері «Әлемнің әміршісі – еңбек. Тек еңбекпен ғана жеміс өнбек, тек еңбек қана бар қиындықты жеңбек» деген Елбасының ұранын ту еткен қандастарымыз жеке бизнестерін ашып, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына атсалысып жатқанын тілге тиек етті.

Жиында сөз алған «Алатау-спецтехника» ЖШС директоры Сабыржан Мұхамедхан, спорт шебері, қара белбеу-бірінші дан иегері, «Қаражорға» биін насихаттаушылардың бірі Жамали Диханұлы, журналист, жас оралмандар өкілі Сәлен Жарқын, «Айқын» газетінің тілшісі Құтмағамбет Қонысбек және т.б. шешендер қандастардың ел әлеуетіндегі рөліне тоқталды.

Форум жұмысына билік тарапынан қатысқан Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары Мұқашев Мәулен Шапанбайұлы, қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Құлмаханов Әмір Құлмаханұлы, Ішкі саясат басқармасының бастығы Мәкен Бахтияр­ Макенұлы, Қалалық Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасының бастығы Ахетов Мамай Қаниұлы, қалалық Мәдениет басқармасы бастығының орынбасары Әуезов Ерболат Құдіреұлы, Алматы қаласы Көші-қон полициясы басқармасы бастығының орынбасары Алтаев Ержан Нұрсұлтанұлы және Экономикалық даму және сауда министрлігі Әлеуметтік саясат және мемлекеттік органдар жұмысын дамыту басқармасының бас эксперті Слямова Құралай Бөкейханқызы т.б. өз салалары бойынша оралмандарға қатысты мәселелерді қаперлеріне алды.

Еселі еңбегімен ел экономикасына, руханиятына үлес қосқан қандастарға Алматы қаласы әкімінің алғыс хаты, Ішкі саясат басқармасының және Алматы қаласы Жастар саясаты жөніндегі басқармасының грамоталары табыс етілді.

Сондай-ақ, форумды ұйымдастырушы халықаралық «Жанашыр» қоғамдық қоры атынан шетелдерден келіп ЖОО-да білім алып жатқан, жағдайы төмен отбасынан шыққан жастарды көтермелеу мақсатында кәсіпкер-оралмандар тағайындаған шәкіртақы сертификаттарын табыстау рәсімі болды. Жаңыл Құрманқызы, Жасан Зекейұлы, Қайрат Байтолла, Жамали Диханұлы сынды азаматтар тағайындаған шәкіртақы сертификатын қор президенті Жаңыл Әпетова әл-Фараби атындағы ЖОО дейінгі дайындық факультетінің 10 тыңдаушысына табыс етті.

Форумға қатысушы қандастарға, өмірдің барлық жағдайында бейімделіп, орнығуында жол көрсететін «Елдесіміздің есіне. Керек кеңестер» атты жинақ таратылды.

Форум қатысушылары жиын соңында Форум қарарын қабылдады.

Форум аясында «Оралмандар жетістіктері» көрмесі ұйымдастырылды.

Форум жұмысы өнер шеберлерінің концертіне ұласты.

Еркебұлан Мекембай

Back to top button