БОЗ КІЛЕМ БӘСЕКЕСІ

Қызылорда облысының Қармақшы ауданында спорттың түр – түрі, әсіресе күрес өнері жақсы дамыған. Отыздан астам спорт шебері шыққан жерде әркез боз кілемдегі белдесудің айтулы бәсекелері өтіп келеді. Соның бірі ауданның «Құрметті азаматы» Болатбек Сүлейменовті еске алуға арналған жарыс.

Дзюдодан ұйымдастырылған республикалық турнир осымен он екінші мәрте жалауын көтеріп отыр. Сайысқа қатысушылар 1993-94 жылы туылған ұлдар мен қыздар.

Аталмыш шарада облыс әкімінің бірінші орынбасары Рзақұл Нұртаев өнегелі жанның өмір жолы және спортты дамытуда Сыр елінің жақсы бастамаларды жүзеге асырып, айтулы табыстарға жетіп отырғанын сөзге арқау етті.

Дзюдо күресі аймақта жақсы даму үстінде. Оған жиі өткізіліп отыратын республикалық біріншіліктер дәлел бола алады. Ал осы турнирге еліміздің жер-жерінен, сондай-ақ, көршілес Қырғыз, Өзбек елінен де дзюдо өнерінің шыңдалған жас спортшылары келді. Бас-аяғы 200-ге жуық палуан қатысқан бәсекеде ер балалар 8 салмақта, қыздар 4 салмақта шеберліктерін сынады. Ең ғажабы, елдің бас құрамасына іріктеу мақсатын көздеген жарыс нағыз теке-тірес тартыспен өрнектеліп, жанкүйерлердің қызу қошеметіне бөленді.

Сонымен екі күнге созылған боз кілемдегі бәсеке жалпы командалық есепте сырбойылықтардың пайдасына шешілді. Екінші орын Шығыс Қазақстан облысына бұйырса, үздік үштікті оңтүстікқазақстандықтар түйіндеді.

Қуат ШАРАБИДИНОВ

Қызылорда облысы

Back to top button