ЖЕЛ СӨЗДІҢ ГУ-ГУ ЕТКЕНІ…

Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде Лондон олимпиадасына Қазақстан атынан қатысып, чемпион атанған Зүлфия Чиншанлоның Қытайға кетіп қалғандығы туралы ақпарат қызу талқыға салынған-ды. Бұл мәліметті Қытайдың sports.sohu.com сайты қандай негізге сүйеніп таратқаны белгісіз күйде қалып отыр.

Ақпаратқа сүйенсек, Зүлфия аталмыш сайтқа: «Отбасыма қайтудың қуанышы ерекше екен. Өйткені ұстаздарым мен жаттықтырушыларымның жанына келдім. Ең маңыздысы, мен енді туған жерімнің көкөнісінен еркін жейтін болдым. Мен ешқашан «қытайлық емеспін» деп айтып көрген жоқпын. Өйткені мен Қытайдың Хунан ауданынан шыққан спортшымын. Елден жыраққа кетіп, Алматыда 5 жыл жүргенімде өзімнің қытайлық екенімді ешқашан ұмытқан емеспін. Өткен жылғы Гуанжоудағы бәсекеде, тіпті осы жолы Лондон олимпиадасында да тілшілердің сұхбатына мен қытайлықпын, Қытайдың Хунан ауданының адамымын деп жауап бердім», – деп жауап беріпті-міс. Тіпті, Қытайдың ақпараттық сайты Зүлфия Чиншанлоның Қытайға қайта оралып, 2016 жылғы Олимпиадаға Қытайдың атынан шығуға ниетті екендігін де бадырайтып жазыпты.

Зүлфия Чиншанлоның баспасөзге бер­ген сұхбатынан қытай қазақтарының kultegin.com сайты мынандай үзінді келтіріпті. «Мен ежелден өзімді қытайлықпын деп санап келдім. Зүлфия деген атты Алматыдағы кәріс жаттықтырушысы қойды. Мен олардың Зүлфия деп атағанын мүлде ұнатқан емеспін. Жүрегімде болған бір арман – Қытайға барып, өзімнің Чжао Чаньлин деген есімімді қайта алу болды. Қы­тайдан кетіп Алматыға барған осы бес жыл ішінде Қытайды мүлде есімнен шығарған емеспін», – депті.

Алайда, Зүлфия Чиншанлоға байланысты шыққан шуға қатысты Қазақстан ауыр атлетика федерациясының президенті Қайрат Тұрлыханов мырза: «Мая Манеза мен Зүлфия Чиншанло Қытайға туысқандарына кеткен еді. Манеза қазір елге қайтып келді. Зулямен 1 сағат бұрын телефонмен сөйлестім. Аман-есен, жағдайы жақсы. 26-сы күні түнде Пекиннен ұшады, 27-сі бұйыртса елімізде болады. «Қазақстанда не әңгіме боп жатыр?» деп өзімнен сұрап жатыр. Демек, қытайлық басылымдағы ақпарат жалған», – деп даурыққан жұрттың аптығын басқан болатын.

Бір қызығы, Қытай ауыр атлетика қауымдастығы Лондонда өткен 2012 жылғы жазғы Олимпиа­да ойындарының чемпионы қазақ­стан­дық Зүлфия Чиншанлоны ота­ны­на қайтару әрекетіне шындап­ кірісіп кетіпті. Russian.china.org.cn. басылымының мәліметінше, егер Қазақстан өз еркімен Зүлфия Чиншанлоны жібермесе, онда Қытайдың сыртқы істер министірлігі арқылы қысымға алуды көздеп отыр. Себебі, Қазақстанның ауыр атлетика федерациясы мен Зүлфия Чиншанло арасындағы жасалынған бес жылдық келісімшарттың мерзімі бір ай бұрын аяқталған. Осыған байланыс­ты Қытай ауыр атлетика қауымдастығы Қазақстанға екі мәрте хат жолдап, спортшыны қайтаруды талап еткен көрінеді. Бірақ, Қазақстан жағы ол талапты жауапсыз қалдырыпты. Қытай ауыр атлетика бойынша команда бастығының орынбасары Хунань Чжоу Цзюньфу мәлім еткендей, Қазақстан Чиншанлоны жібермейтін болса, бұл мәселе дипломатиялық арналар арқылы шешілмекші.

Бұған дейін қытайлық БАҚ-тарда 22 қазан күні Чанша қаласының Юйхуа Қоғамдық қауіпсіздік басқармасында ауыр атлетші Зүлфия ҚХР-дың жеке куәлігін рәсімдеп, Қытай құрамасы үшін қайта өнер көрсетуді ойластырып отырғандығы айтылды. Оған негіз – З.Чиншанлоның Қазақстанмен жасаған бесжылдық келісімшарт мерзімінің аяқталуы. Дегенмен, 27 қазан күні Қытайдан Қазақстанға оралған Олимпиада чемпионы өзі туралы қытайлық бұқаралық ақпарат құралдарында жазылған пікірлерді жоққа шығарып, Қытай азаматтығын алмағанын, келесі жарыстарға қытай құрамасында емес, Қазақстанның атынан қатысатынын айтты. «Қытайда мен туралы жазылғандардың барлығы өтірік. Мен мұны Қазақстанға қайтып келуіммен және осында тұрғаныммен дәлелдедім. Маған қолдау білдіргендердің барлығына алғысымды айтқым келеді. Қайталап айтамын, бұның бәрі қауесеттер және мен бұл сұраққа қайта оралуды қаламаймын», – деді.

Кейбір ақпарат көздеріне сүйенсек, Лондон олимпидасының чемпионы Зүлфия Чиншанлоға Қазақстан үкіметі уәде еткен сыйақысын әлі бермепті. Оның Қытай азаматтығын алып, туған жеріне кетпекші болған әрекеті осы реніштен туындаған сияқты. Зүлфия Чиншанло әлем чемпионы атанған соң Алматы облысының әкімшілігі оған сыйлық ретінде Талдықорған қаласынан екі бөлмелі пәтер беретінін мәлімдесе, Қазақстан үкіметі оған Алматы қаласынан үш бөлмелі пәтер және 250 мың доллар сыйақы тағайындаған болатын. Бірақ мұның бәрі сөз жүзінде қалған көрінеді. Тіпті Зүлфияның жеке бапкері Виктор Ни де спорттағы жеңісі үшін уәде етілген сыйлықтарға шәкіртінің әлі күнге қолы жете қоймағанын айтыпты.

Айта кету керек, Зүлфия 2006 жылдан бері Қазақстан азаматтығын алған. Міне, сол кезден бастап оның спортта бағы жанып, жеңіс тұғырын бағындырып келеді. Есесіне, қазақ халқы да шынашақтай қыздың жетістігіне қуанып, қолдап жүрді. Мемлекет тарапынан да үлкен көмек көрсетілуде. Лондонда өткен ХХХ жазғы Олимпиада ойындарында топ жарып, қазақ елінің абыройын асқақ еткен Зүлфия Чиншанло барша қазақстандықтардың қимас қызына айналды. Демек, бұл қазақты көре алмаушылар мен аяқтан шалушылардың әрекеті! Естеріңізде болса, Зүлфия рекордты жаңартып, Қазақстан қоржынына алтын салған кезде Қытайдың кейбір арандатушы топтары оның Иоң Джоу Дао ауданында туылғаны туралы және оның шын аты Чжао Чаньлин екенін айтқан болатын. Шын мәнінде, кезінде уысынан шығарып алған талантты спортшыларын енді сан-саққа жүгіртуі нағыз іштарлықтың көрінісі емес пе?!

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Back to top button