АТЫ – «БЛАГОДАТЬ», ЗАТЫ?..

Бала-шағаны тәттімен алдап, шіркеуге сүйреген, өрімдей жастарға қауіпті сусын беріп, ақыл-есінен адастырған, ғибадат етушілерден «пирамида» бойынша пайда табуға ұмтылған, қыруар қаражатты шекарадан заңсыз алып өтуді көздеген былығы көп «Благодать» Қазақ қоғамына қалай сіңісті?

2011 жылдың соңында қабыл­данған Қазақстан Респуб­ликасының «Діни қызмет және діни ұйымдар туралы» Заңына сәйкес, еліміздегі барлық діни ұйымдар 2012 жылдың 25 қазанына дейін қайта тіркелуден өтуге міндеттеген. Жуырда ҚР Сенатында төраға Қайрат Мәмидің қатысуымен өткізілген отырыста Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шәріп аталған заңның 25-бабы бойынша «өтпелі кезең» белгіленгенін, оның мерзімі 25 қазанда аяқталатынын жеткізген. Шәріптің айтуынша, қайта тіркеудің талабынан сүрінген діни бірлестіктер көп көрінеді. Мәселен Халыққа қызмет көрсету орталықтары мен ҚР Әділет министрлігінен алынған деректерге сүйенсек, қайта тіркелу науқанына дейін Қазақ­станда барлығы 4 мың 551 бірлестік болған. Бір жыл ішінде еліміздің барлық облысында 2 мың 300-ден астам мешіт пен православ шіркеуінің 270-сі қайта тіркеуден өтіпті. «Шара аяқталғаннан кейін діни бірлестіктердің шамамен 30 пайызы өз жұмыстарын тоқтатады. 25 қазанға қарай 4500 бірлестіктің 3 мыңнан астамы тіркелетін болады. Егер жаңа заңға дейін Қазақстан аумағында 197 баптистік бірлестік тіркеуде тұрса, ал қазір небәрі 60 діни бірлестік қана құ­жаттарын тапсырды. Бұл конфессияларда ешқандай құқық бұзушылықтар жоқ» дей келе, агенттіктің кезінде Қазақстан аума­ғында көп шу тудырған баптистердің құжат­та­ры­на «мұқият діни сараптама жүргізгенін», қорытындысында «олардың жұмысына оң баға берілгенін» көлденең тартты: «Сон­дық­тан бұл конфессия Қазақ­станда тіркеле­ді. Бірақ оның діни бірлестіктерінің саны 60 пайызы қыс­қарады.

Отандастар тарапынан белгілі бір діни ұйымдар үстінен жиі шағым айтылғанмен, заңдық тұрғыда оларға тыйым салуға құзырлы орган қызметкерлері қауқарсыз. Мәселен, Дін істері агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Жасұлан Тәжібаев: «Алматы қаласында 250-ден аса діни бірлестіктер жұмыс жасайды. Оның басым бөлігі протестанттық бағыттағы діни ұйымдар. Қазір олардың барлығы қайта тіркелуге құжаттарын дайындап жатыр. Оларға ешқандай шектеу жоқ. «Ахмадия», «Благодать» діни ұйымдары мен «Жаңа өмір» шіркеуінің де құжаттары дұрыс. Олар туралы бізге тұрғындар хабарласып, арыз айтып жатады. Бірақ оларға қатысты шешім шықпаған. Жұмыстары заңды. Қазір бұл ұйымдар қайта тіркеуден өтуге дайындалып жатыр», – деп мәлімдеген болатын. Айтқандай-ақ, «Благодать» ешқандай кедергісіз тіркеуден өтті. Бірақ оған қатысты Қазақ қоғамында орын алған алаңдаушылық тыйылмай тұр. Мәселен, астаналық құқық қорғау қызметкерлерінің хабарлауынша, «Благодать» қайырымдылық ұйымының ғимаратын тексеру барысында адам ағзасына қауіпті сусынмен бірге діни араздықты қоздыратын әдебиеттер табылуда. Сондай-ақ, құзырлы органдардың тіркеуінен өткізілмеген «Надежда» діни журналы аса ірі таралыммен шығып келген. Ғимараттың ішінде бүлдіршіндерге діни тұрғыда тәлім беретін жексенбілік балабақша да жұмыс істеген. Ғибадат етуге келген ата-аналар балаларын уақытша сол жерге қалдыратын болған. «Благодать» миссиясының есепшісі педагогикалық білімі жоқ болса да, балаларға діни тақырыпта түрлі фильмдер көрсетіп, мазмұны күмәнді кітаптар оқытқан. Пркуратура өкілдері ұйымның алаяқтыққа жол бергенін де хабарлап отыр. Шіркеуге келушілер міндетті түрде «ондық» төлеуге мәжбүр болған. «Благодать» тарапынан жол берілген заңсыздықтарға құқық қорғаушылар 2012 жылдың ақпанында назар аударған. Сол кезде Астанадағы «Благодать» діни ұйымының басшысы Бақытжан Қашқынбаевтың үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 103-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған болатын. Өйткені астаналық бір тұрғын өзінің өрімдей жас қызы Қашқынбаевпен болған кездесуден кейін денсаулығы күрт нашарлап, өз-өзіне қол салу туралы әңгіме айта бастағанын, соңында қызын дәрігерлер «есі ауысқан» деп тауып, ауруханаға жатқызғаны жайлы сотқа шағымданған. Арызданушының қызына медициналық тұрғыда «мінез-құлқында діни сандырақ арқылы айқындалатын психикалық ауытқулар бар» деген диагноз қойылды. Сол кезде-ақ шіркеуге ғибадат ету үшін келетіндерге адамды ақыл-естен тандыратын аса қауіпті сусын берілетіні анықталған. Араға бірнеше ай салып барып сол жайт астаналықтар арасында тағы қайталанды.

Жуырда Астанадағы «Благодать» шіркеуінде 34 жастағы келіншек «есі ауысқан» деген диагнозбен ауруханаға түсті. Дәрігерлер мұндай халдегі адамның өз-өзіне қол салуы әбден мүмкін дейді. Астана қаласы Ішкі істер бөлімі таратқан деректерге сүйенсек, ғибадат етердің алдында шіркеудің пасторы келушілерге таратқан қызыл түсті сусынның әсерінен әлгі келіншектің көзіне елес көрініпті. ІІБ баспасөз қызметі таратқан ақпаратта «Тексеру барысында «Блогадать» діни бірлестігінің пасторы ғибадат кезінде шіркеуге келушілерге қызыл түсті сусын беретіні анықталды. Дәрілік заттарды зерттеу орталығының қорытындысына сәйкес, сусын құрамынан фенолдық топ заттары мен адамды есінен айырып, көзіне елес көріндіретін ингредиенттер табылған» делінген. Осы оқиғаға байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 103-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталған. Ұйымға тиесілі ғимаратты тінту кезінде аталған сусын мен діни араздық пен қастандықты тудыратын әдебиеттер тәркіленген. Сонымен қатар Дін істері жөніндегі агенттік талаптарына сай келмейтін әдебиеттерді басумен айналысатын «Үміт-Надежда» баспасы табылып, оған психологиялық-филологиялық және діни сараптама жасалынуда.

Осыдан екі жыл бұрын Ақтөбе облыстық прокуратурасы сот арқылы Мартук ауылындағы «Благодать» шіркеуін тіркеуге тыйым салды. Прокуратура қызметкерлерінің айтуынша, мұндай қадамға шіркеу құру туралы бастама көтергендер дайындаған тізімнің жалғандығы себеп болған. ҚР «Діни наным-сенім және діни ұйымдар бостандығы туралы» Заң бойынша кәмелеттік жасқа толған 10 (кем дегенде) азаматтың бастамасымен құрылады. Алайда тексеру барысында «Благодать» шіркеуін құру туралы тізімде көрсетілген азаматтардың мұндай шешімге қатысы жоқтығы анықталған. Осының нәтижесінде сот аталған діни ұйымды құруға тыйым салыпты.

«Благодать» шіркеуіне қатысты жағымсыз жаңалықтар мен жайттар мұнымен де шектелмейді. Негізі «Блогадать» шіркеуіне қатысты дау жиі қылаң береді. Мысалы 2011 жылдың қыркүйегінде Алматы қаласының Түрксіб аудандық соты қаладағы «Благодать» кәріс шіркеуінің пасторы Ким Сан Соннан 130 мың доллар көлеміндегі қаржыны тәркіледі. Осы оқиғаға қатысты қозғалған қылмыстық істің материалдарында «Сотталушыдан тәркіленген 120 мың доллар мемлекеттік кіріске айналып, тұтқындалушының мүліктерін тәркілеуге байланысты қосымша жаза тағайындалған жоқ» деп көрсетілген. Негізі пастор Алматы әуежайында тұтқындалған кезде қолындағы қаражат 130 мың доллар болыпты. Бірақ оның 10 мың долларына тиісті қолхат болғандықтан, діни қызметкерге қайтарылып берген. Бірақ үстінен «экономикалық контрабанда» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Жуырда отандық телеарналар Алматыдағы «Благодать» шіркеуінің қызметкерлері жақтастарын қар­жылық пирамида схемасы бойынша тартқаны жайлы хабар таратты. Яғни «кір шалмаған жандарды» неғұрлым көп әкелген сайын соғұрлым көп бонусқа ие боласың. Көптеген ата-ана, әсіресе балаларының тағдырына алаңдаулы. Өйткені «бонусқа» еліткен діндарлар жас балаларды сыйлықпен, түрлі тәтті кәмпиттермен алдап, шіркеуге тартады екен. «Благодать»-тың былықтары мұнымен де шектелмейді. Өткен айда Алматы қаласы Алмалы ауданында орналасқан шіркеудің үстінен шағым айтқан бір топ отандас соттың көмегіне жүгінген. Шағымданушылардың айтуынша, түнгі сағат 11-ден бастап шіркеу жақтан айқайлаған дауыстар мен музыка таң атқанша саябырсымайтын көрінеді. Оның үстіне, шіркеу жақтан лақтырылатын қоқыс көшелердің сәнін кетірумен қатар адамдарға түрлі ауру тарату қаупін төндірген. Құзырлы органдардың есігін қаққандар шіркеу жанынан салынған қонақүйде Қазақстанға заңсыз келгендердің тұрып жатқанын айтады. Осы арыз-талапқа орай тексеру жүргізген қалалық прокуратура қызметкерлері мен санитарлық-эпидемиологиялық бақылау орга­нының өкілдері мәселенің ақ-қарасын анықтауға кірісті. Елімізде 1995 жылы заңды тіркеуден өткен «Благодать» діни ұйымының Астанадағы жап-жас келіншекті есінен ауыстырған заңсыз әрекетін де тергеу амалдары анықтауда.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Back to top button