ҰЙЫҚТАП ЖАТҚАН ЖҮРЕКТI ОЯТҚАН ӘН
ҰЙЫҚТАП ЖАТҚАН ЖҮРЕКТI ОЯТҚАН ӘН
Алда Елорданың 10 жылдық торқалы тойы. Осыған тарту ретiнде оралман бауырларымыз 2-мамыр күнi Конгресс-холл сарайында "Ән-жырым — Атамекенiм" атты мерекелiк концерт қойды. Бұл шара әрине, астаналықтар үшiн тосын сый екенi анық.
Iске мұрындық болған Астана қалалық Көшi-қон басқармасы. Мұндағы мақсаттың әуелгiсi, торқалы тойға тарту болса, екiншiсi — оралман қандастарымыздың атажұртына ала келген өнерiн көрсету көрiнедi. Концертке: Моңғолияның Халық әртiсi және Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi Қабылаш Әбiкейұлы, талантты әншi Сахария Қабидоллаұлы, Алтын және Қайрош Сахабалардың отбасылық ансамблi, жас сазгер-әншi Тiлеугүл Сәтейқызы және Қытай елiнде туып-өскен дарынды қыз-жiгiттер: Жанат Тоқтаған, Гүлзира Бөкейханқызы, Ермұрат Зейiпхан, Төлеубек Қожанұлы, Тайшыбек Жұмаш, ерлi-зайыпты Риза мен Құрманбек қатарлы майталман өнерпаздар қатысты. Сондай-ақ, Өзбекстаннан оралған танымал музыка шеберi Сара Асабаева мен айтыскер ақын Бөрiбай Оразымбетовтер де өнер көрсеттi.
Кештiң жүргiзушiсi Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының студентi Жұлдыз Тайманқызы атақты жазушы Қажығұмар Шабданұлының туған немересi екен. Бiрнеше жылдың алдында елге оралыпты. Атасы аман-есен көрiнедi. Күллi қазаққа сәлем айтыпты. 2000 жылы жазасы жеңiлдеп түрмеден босап шыққан. Бiрақ денсаулығына байланысты орнықты жерiнен ұзап кетуге болмайды дейдi.
Қажығұмар Шабданұлы — көршi Қытай елiнде өткен ғасырдың елуiншi жылдары басталып, алпысыншы жылдары шарықтау шегiне жеткен атақты "Стиль түзету" науқаны кезiнде "ұлтшыл" атанып, 20 жылдай Тарым лагерiнде айдауда болған адам. Мао өлген соң 1978 жылы қамаудан босатылған. Айналасы жетi-сегiз жылдың iшiнде төрт томдық "Қылмыс" атты роман жазған. 1986 жылы "Кеңес Одағының тыңшысы" деген жала жабылып, қайтадан түрмеге қамалған. Халық жазушысы Қабдеш Жұмадiлов өзiнiң "Таңғажайып дүние" атты ғұмырнамалық роман-хиссасында: "Өз басым адамзат тарихында 35 жыл өмiрiн түрмеде өткiзген басқа жазушыны естiген емеспiн…" — деп, жазыпты. (Алматы: Тамыр, 1999 ж. 578-бет).
"Ұрпақ үзiлмейдi, су сүзiлмейдi" — дейтiн тәмсiл рас екен. Атасына арман болған елге немересi келiптi.
Концерт барысында көрермен қауым ғажайып құбылысқа куә болды. Ол – қытайлық қандасымыз Отанбек Еңсеханның шырқаған әнi. Бұрында бұл жiгiттiң аяқ алысынан хабардар едiк. Екi миллиард ханзу халқын тегiн адам таңдандыра алмаса керек. Бiрнеше жыл бұрын Қытайдың орталық баспасөздерi бұл жiгiттiң табиғи таза үнiн таңғажайып құбылыс ретiнде бағалап жазғанын бiлемiз. Бүкiл қытай елiнiң әншiлер байқауында екi дүркiн бас жүлдеге ие болған азамат. Өлкелiк өнер байқауларында сегiз дүркiн топ жарғаны тағы бар.
Атағы алысты шарлаған Отанбектiң өнерiн Президент Нұрсұлтан Назарбаев естiп, бiр ай бұрын Астанаға шақыртып алған. Келген күнi сол жағалаудан үш бөлмелi пәтердiң кiлтiн ұстатқан. Қазiр сонда тұрып жатыр. Астана филармониясына жұмысқа орналасыпты.
Отанбек Елбасының үмiтiн сөзсiз ақтайды. Аман болса әлi-ақ қазақтың кең аспанында Отанбектiң әнi қалықтайды. Әншi жiгiт бұл жолы "Сарыдала" атты әндi орындады. Ғажап ән!. Сұңқылдап сыңарын шақырған жалғыз аққудың сазды үнi, маң далада құйындай жүйткiген киiктiң тұяқ дыбысы, көк жиегiне көз жетпес, шалқар төсiн селеу тербеген сарыдаланың сағым ойнаған құба белдерi, таудан құлаған тас бұлақтың сыңғыр-сыңғыр ырғағы… бұл әнде бәрi бар.
Ән аяқталғанда менiң қасымда тыңдап отырған бiр қария көзiне жас алып: "Е, қарағым, менiң жүрегiм өмiр бойы бiр сағынышты аңсаумен өттi. Оның не екенiн өзiмде бiлмеушi едiм. Мына ән сол сағынышты басқандай болды-ау" — деп, күрсiндi. Осылай Отанбектiң әнi ұйықтап жатқан талай жүректi оятты.
Сонау бағзы заманнан келе жатқан Алтай қазақтарына тән "буын биi" дейтiн болушы едi. Оның шет-жағасын бiз де көрiп едiк. Оқырманның есiнде болса германиялық Арыстан Тосын дейтiн қазақ екi жылдың алдында ұлттық телеарнаның "Таң қалмаңыз!" бағдарламасы арқылы тәмам жұртқа осы бидi таныстырған болатын.
Би соңғы жылдары Қытайдағы қандастарымыз арасында кең тарап жалпы халықтық сипатқа ие болды, деп еститiнбiз. Ол жақта екi жастың үйлену тойын да осы бимен бастайды екен. Тiптi, "Қара жорға" биiнiң қатты дискiлерге жазылған клип нұсқаларын осындағы ағайындардың да қолынан көрiп жүрмiз.
Әр халықтың аяғын әнтек басқан сәбиiнен бастап, еңкейген қариясына дейiн бiлетiн, әрi билейтiн, сонысын мақтан тұтатын, ұлттық қадiр-қасиетiне балайтын биi болады. Мысалы, кавказдықтардың "лезгинка", орыстардың "частушка" дегенi сияқты. Бiздiң қазақ "қамажайлатып" жататын.
Қандастарымыз қойған концерттiң тағы бiр ерекшелiгi — Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-нiң оралман студенттерi "Қара жорға" биiн үлкен сахнаға алып шықты. "Қара жорға болмаса, бидiң сәнi келмейдi…" — деп, сылқылдатып, былқылдатып билеген қыз-жiгiттер сахнаға сән кiргiздi.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ