Келес өзеніне ағып кеткен 8 жастағы баланы іздеу жұмысы тоқтатылды

/
Келес өзеніне ағып кеткен 8 жастағы баланы іздеу жұмысы тоқтатылды
ТЖД

23 наурыз күні Келес өзеніне 2018 жылы туған Тұрсынбек Жаннұр жазатайым оқиға салдарынан ағып кеткені туралы анасының хабарламасы түскен болатын. Оқиға тіркелген сәттен бастап құтқару қызметтері, полиция, жергілікті атқарушы органдар мен еріктілер жұмылдырылып, ауқымды іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Іздестіру барысында өзен арнасы мен жағалау аумақтары бірнеше мәрте тексеріліп, жүзу құралдары, арнайы техника және ұшқышсыз ұшу аппараттары қолданылды. Жұмыстар тәулік бойы жүргізіліп, су ағысының ерекшеліктері мен ауа райы жағдайлары ескерілді. Түскен барлық ақпарат мұқият зерделеніп, болжамды аумақтар қайта қаралды.

Алайда жүргізілген кешенді жұмыстарға қарамастан, іздестіру оң нәтиже бермеді. Мамандардың қорытындысы мен қауіпсіздік талаптарына сәйкес, іздестіру-құтқару жұмыстары 23 сәуірде ресми түрде тоқтатылды.

Қолданыстағы тәртіпке сай, егер бір ай ішінде іздестіру нәтиже бермесе, оқиға қылмыстық іске қайта сараланып, әрі қарай процессуалдық шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданады.

Құтқарушылар барлық қажетті шараларды қабылдап, қолда бар күш пен техникалық мүмкіндіктерді толық пайдаланғанын атап өтті. Төтенше жағдайлар департаменті марқұмның туыстары мен жақындарына көңіл айтып, іздестіру жұмыстарына қолдау көрсеткен азаматтар мен еріктілерге алғыс білдірді.

Сонымен қатар мамандар бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желі қолданушыларын тек ресми дереккөздерге сүйеніп, расталмаған ақпарат таратпауға шақырды. ТЖД азаматтарды су айдындарында қауіпсіздік талаптарын сақтап, балаларды қараусыз қалдырмауға үндеді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары